Футбол • 22 Маусым, 2018

«Алтын буынның» сыналар сәті

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі доданың басталғанына да бір­не­ше күн өтті. Топтық кезеңнің бірінші туры аяқталып, үздік­те­рі көшбасшы орындарға жайғасты. Солардың бірі – Бельгия ұлт­тық құрамасы алғашқы ойынын сәтті өткізгені белгілі. Ал әрі қарай жағдай қалай өрбуі мүмкін?! Эден Азар бастаған құ­раманың қауқары қандай? Біз осы туралы сөз қозғайтын боламыз.

«Алтын буынның» сыналар сәті

Бельгия доп додасына 13-рет қатысып отыр. Бұл құрама о баста дүйім жұртқа «Қызыл сой­қандар» деген лақап атпен таныл­ған екен. Иә, бұл атау жұрт білетін «Манчестер Юнайтедке» емес, дәл осы Бельгия ұжымына тиесілі болатын. Ресми дерек­терге жүгінсек оны 1906 жылы Бельгияның Франция мен Нидер­ландыны жеңіп, сенсация жа­са­ғанынан кейін журналист Пьер Валькьер ойлап тауыпты. Оның үстіне команданың жей­де­сі қызыл түсті болғаны да бұл атау­ға мұрындық болған көрі­не­ді.

Бельгия биылғы әлем чемпио­на­тының фавориттерінің бірі еке­ні даусыз. Құрама ойыншыла­рына көз жүгіртсек әрқайсысы қарт құрлықтың мен деген клуб­та­ры­нда өнер көрсетеді. Эден Азар, Ромелу Лукаку, Кевин Де Брюйне, Миши Батшуайи, Венсан Компани, Тибо Куртуа... Айта берсек кете береді. Бельгияның «алтын буыны» пісіп жетілген шақ.

2014 жылғы доп додасында тәжірибесінің аздығынан Аргентина құрамасына есе жі­бер­­гені белгілі. Сол тұстағы ойын­­шыларға мән берсек, Эден Азар 23 жаста, Ромелу Лу­ка­­ку 21-ден енді асқан, Кур­туа 22-де, Батшуайи тіпті әлем чемпионатына шақырту алмаған. Ал бұл жолғы «қызыл сойқандардың» жөні мүлдем бө­лек. Кемелденген шағына жеткен, әрқайсысы «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Негізгі құрамдағылардың бірі жарақат алып қалса, орнын жоқтатпайтын ойыншылар жетерлік. Білікті ойыншыларының көптігі сондай, тіпті Раджа Найнгголан секілді орталық жартылай қорғаныста ойқастайтын маңызды ойыншысын әлем біріншілігіне алмай кетті. Осыған қарап-ақ Роберто Мартинес шәкірттерінің әлеуетін аңғаруға болатындай. 

«Алтын буынның» сыналар сын сағаты келіп жетті. «Қызыл сойқандар» чемпиондық атаққа бас­ты үміткерлердің бірі екенін жоққа шығару мүмкін емес, бірақ оларға Аргентина, Бразилия, Германия ұжымдары секілді үлкен қысым көрсетілмейді. Қы­сым­ның аздығын ұтымды пай­­даланып, алысқа шабуға мүм­кіндік бар. Бірақ осыған дей­­інгі әлем, Еуропа бірін­шілік­те­ріндегідей ширек финалға же­тіп тоқмейілсуге болмайды. Үз­дік­терден құралған құрамаға жан­күйер тарапы кем дегенде үз­дік үштікке енуді міндеттейтіні анық.

«Алтын буын» демекші, бір кездері Англия құрамасы да небір таланттарға толы еді. Бі­рақ Дэвид Бекхэм, Майкл Оуэн, Фрэнк Лэмпард, Стивен Джерард секіл­ді марқасқаларға толы ұжым ешбір додада жарытып нәтиже көрсете алмады. 2002 жылдан бергі әлем, Еуропа чемпионаттарында ширек финалдан асып әрі­ге бара алған емес. Бельгия да әзірге дәл осы ағылшындардың сәтсіз жолымен келеді. 2014 жылғы әлем чемпио-
натында да, 2016 жылғы құрлық додасында да ширек финалда сүрінді.

Бельгия топтық кезеңнің алғаш­қы кездесуін 18 маусым күні Панама құрамасына қар­сы өткізіп, 3:0 есебімен же­ңіс­ке жетті. Матчта Дрис Мер­тенс 47-минутта есеп ашса, «Ман­чес­тер Юнайтед» шабуылшысы Ромелу Лукаку 69, 75-минуттарда басымдықты арттырды. Енді топ­тық кезеңдегі келесі матчын осы айдың 23 күні Туниске қарсы өт­кізеді. Ал соңғы болып 29 маусым күні ағыл­шындарға қарсы кездесу күтіп тұр.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»