Өнер • 22 Маусым, 2018

Алматы му­­зейінде суретші Жұмат Әнесұлының жеке сурет көрмесі ашылды

1070 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Суретші – сусыған уақытты, тарихтың бір сәтін қылқалам құдіретімен тоқтатқан шебер. Көзімен көргенді жүрек­тен өт­кізіп, көрерменге ұсы­на­ды. Сон­дай ерекше жандардың бірі – суретші Жұмат Әнесұлының «Ал­маты және оның аңыз адамдары» атты жеке сурет көрмесі Алматы му­­зейінде ашылды. Көрмеге қыл­қалам шеберінің пейзаж, портрет, натюрморт, кес­кіндеме жанрларында жазыл­ған 50-ден астам туындысы қойылған.

Алматы му­­зейінде суретші Жұмат Әнесұлының жеке сурет көрмесі ашылды

«Жұмат Әнесұлының шығар­машылығы суретпен ғана шек­тел­мейді. Проза, публицис­ти­ка жанрындағы еңбектері елге та­нылса, ақындық жүрегімен сал­ған суреттері – көрерменге енді жол тартып, өз бағасын ала­ры сөзсіз», деді кеш қонағы әрі суретшінің кейіпкері, ақын Марфуға Айтқожина.

Шебердің қолынан шық­қан «Ботаникалық бақ», «Төле би көшесіндегі аллея», «Ес­кі алаң», «Қызыл үй» картиналары Ал­матының өзіне ғана тән атмосферасын шебер жеткізсе, өмірлері Ала­тау баурайындағы әсем қала­мен біте қайнасқан Ахмет Бай­тұрсынов, Айгүл Үл­­кен­баева, Шөмішбай Са­риев, Аян Нысана­лин, Мар­фуға Айтқожина, Кең­шілік Мыр­захметов сынды тұл­ға­­лардың портреттік галерея­сы те­рең психологизммен ерек­шеленеді. 

«Сурет – адамзат тарихындағы ең ежелгі өнер саласы. Тасқа қашап сурет салған бабалары­мыздан бастау алған киелі өнер­дің қазақ дүниетанымында да алар орны ерекше. Қазақ бояу­ға, түске терең мән берген халық. Киіз үй жасауларының, тұр­мыс­тық заттардың қанық бояуы, табиғат түстері баланың қиялын дамы­тып, көңіл көкжиегін кеңей­тетінін ата-бабаларымыз ертеде-ақ байқаған. Сондай тәрбиеге қанып өскен Жұмат Әнесұлының шығармашылығы да экспрессияға бай, портреттері кейіпкер мінезін дәл беруге ұмтылған», деп атап өтті көрменің ашылуында сөз алған «Алматы қаласы музейлер бірлестігі»КМҚК директорының орынбасары Қайрат Тарбаев. 

Толғанай МАХАМБЕТӘЛИ,
Алматы музейінің қызметкері

АЛМАТЫ