Үкімет • 22 Маусым, 2018

Мамин Павлодар және ШҚО-ның инфрақұрылымдық жобаларын тексерді

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер -Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларының жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Мамин Павлодар және ШҚО-ның инфрақұрылымдық жобаларын тексерді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин іссапармен Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында іссапарда болып, «Орталық-Шығыс» автокөлік жолы мен өңірдегі индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

А. Мамин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызмет көрсету нысандарының жұмысы жөніндегі басшылығының және мердігерлік мекемелердің есебін тыңдап, республикалық маңызды «Астана-Павлодар» автожолы магистралындағы, «Орталық-Шығыс» автокөлік дәлізіндегі құрылыс барысымен жүріп өтіп, жете танысып, республикалық автокөлік жолы желісін дамыту туралы кеңес өткізді. Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары аумағымен өтетін республикалық маңызды жолдар 7 345 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен мердігерлік мекемелердің басшыларының баяндауынша, қазіргі таңда «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 404 шақырымы пайдалануға берілген. Әлі де 501 шақырымына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Барлық құрылыс жұмыстары белгіленген кестемен жүргізілуде. Сондай-ақ, А. Мамин жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жағдайын қарады. Олардың жұмыстарына оң баға берді. Республикалық мақсатттағы Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы жол бойында А,В, С, D дәрежесіне жататын 530 нысан орналасқан.

2018 жыл аяғына дейін олардың 16 нысаны пайдалануға беріледі. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Астана 28 шақырымдық айналма жолындағы «Kazway» модульдік түрімен танысты. Павильон заманауи ауа баптағыш, бейнебақылау, сымсыз wi-fi желісімен басқа да заманауи технологиялармен жабдықталған. Жыл аяғына дейін осындай модульдік павильондармен Астана-Шортанды, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Бурабай айналма жолы, Астана айналма жолы қамтамасыз етіледі.

Инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша Премьер - Министрдің бірінші орынбасары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ына биылғы жылы «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 905 шақырымында қозғалысты ашуын, ал 2019 жылы жобаны аяқтауды тапсырды. Өңірге жұмыс сапары барысында А. Мамин Екібастұздағы Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында болып, мыс өнімін шығарудың технологиялық үдерісімен танысты. Премьер- Министрдің бірінші орынбасары Павлодар АЭА аумағына орналасқан нысандармен Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС кәсіпорны жұмысымен танысты. Павлодар мұнайхимиясы зауытында А. Маминге кәсіпорынның өткен жылы жаңғыртылғаны баяндалды. Соның нәтижесінде, шикі мұнай өңдеу ұлғайды.

Мотор майлары бензин К-4 стандартына сәйкестенсе, дизел отынының сапасы К-5 дәрежесіне жеткізілді. Осы жоба аясында қуат үнемділігі мен экологиялық таза технология, автоматтандырылған басқару жүйесі, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі көтерілді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин іссапармен Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында қорғаныс және азаматтық мақсаттағы өнімдерді шығарып, оған техникалық қызмет көрсететін «Семей инжиниринг» АҚ өндірістік кәсіпорнының қуатымен, Семей машина жасау зауытының жұмысымен танысты.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС жұмысымен танысу барысында А. Маминге 2018 жылы жаңа кен байыту өндірісі іске қосылатындығы баяндалды. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Семей қаласына сапарында қаланың жылу орталықтары мен магистральдық жылу желілерінің технологиялық құрылғыларын жаңғырту жұмыстары жасалып жатқандығын көрді. Өңірге сапары кезінде А. Мамин «Қарағайлы» жаңа шағын ауданы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы салынған үйлерді, 320 орындық балабақшаны көріп танысты.