Футбол • 25 Маусым, 2018

Шерданның шері

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем чемпионаты кезінде көптеген рекордтар жаңарып, бұрын-соңды болмаған нәтижелер тіркеліп жатыр. Әрине, бұл әлем футболы үшін аса қатты таңғалатын жағдай емес. Төрт жыл сайын бір болатын футбол тойында талай жылнамаларға енген сандардың өзгеретіні бұрыннан бар. Ал бұл жолғы чемпионатта ұлтараздық қақтығыс қылаң берді.

Шерданның шері

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, даудың басы Шердан Шакиридің көк бутсиы болып тұр. Швейцария ұлттық құра­масының ойыншысы аяқ киіміне Косово мемлекетінің көк жалауын жабыстырып шығыпты. Ал Ал­бания мен Сербияның Косово үшін әлі де қырғи-қабақ екені анық. 2008 жылы Косово тәуелсіздік алып, Сербияның бодандығынан босады. Ал Шердан Шакиридің әкесі Косовоның тәуелсіздігі үшін күресіп, Сербия билігі тарапынан әбден қысым көрген. Тіпті әкесі әлі күнге дейін қамауда отыр. Сербтер мен албандардың арасы әлі күнге дейін суық. Ол енді жасыл алаңда да көрініс берді.

2014 жылы Еуро додасының іріктеу матчында Сербия мен Албания құрамалары кездесіп, ойын соңына дейін аяқталмай қалды. Екі команданың жанкүйерлері сөзге келіп, арты төбелеске ұласты. Трибунадан ұшып түскен Косовоның жалауын Сербия аяқдопшысы жұлып алып, алаң жиегіне тастай салды. Осы кезде трибунадағы ки­кілжің жасыл алаңға да жетті. Төреші Мартин Аткинсон ойынды тоқтатып, ФИФА-ға шағым түсірді. Кейіннен Албания құрамасына 3:0 есебімен техникалық жеңіс жазылды. Міне, содан бері қос мемлекеттің спортшылары халықаралық аренада кездесе қалса, осындай оқыс оқиғалар тіркеледі.

Енді, бұл қақтығыс күтпеген жерден болды. Жасыл алаңға шық­­қан Сербия мен Швейцария ара­сындағы ойында мұндай саяси жағдай шығады деп ешкім ойламады да. Алайда Швейцария сапында өнер көрсететін бірнеше ойыншының ұлты – албан. Шердан Шакири мен Гранит Джакка Швейцария құрамасының осы ойында соққан 2 голының авторлары. Екеуі де гол соғысымен қолдарын кеуделеріне айқастырып қойып, Албанияның жалауындағы қыран құсты белгілеп, «Біз азатпыз» дегенді ұғындырды.

Бұл әрекетті тілшілер іліп әке­тіп, ақпараттық майданға салды. Сербтер албандарды, албандар сербтерді қаралап жазды. Енді Ресейдегі футбол тойының абыройына нұқсан келтіргені үшін ФИФА екі мемлекеттің ойыншыларына ескерту жасайды. Ал Шердан Шакири мен Гранит Джакка мундиальдан мүлде қуылып кетуі де мүмкін.

Сербия мен Швейцария ойыны басталысымен стадионға жиналған сербиялық фанаттар Шердан Шакири мен Гранит Джаккаға доп келгенде ысқырып, шулай бас­тады. Бұл жағдайдан хабары бар швейцариялық фанаттар не істерін білмей дал болды. Ал одан кейін Блерим Джемайлиге қарсы сербтер ойын тәртібін бұзғанда Швейцария жанкүйерлері де шет қала алмады.

Швейцария құрамасының көп­теген ойыншысы Сербияға қа­бағы қатулы, іштерінде назы бар кейіпте жүргені белгілі еді. Валон Бехрамидің қолында Косово жалауы бейнеленгенін барша қауым бұрыннан біледі. Ал Фабиан Шер мен Харис Сеферовичтердің ата-аналары Боснияда туып-өскен. Блерим Джемайлидің де Албанияға тікелей қатысы бар.

Міне, Швейцария мемлекеті кезінде Югославиядан қашып кет­­кен босқындарға пана болған ел екені осыдан білінеді. Енді бұл оқиғаға байланысты ФИФА жақын арада шешім шығарады. Нәти­жесі қалай боларын көре жатармыз. Бәлкім, Халықаралық футбол қауымдастығы тойдың сәнін кеті­р­мес үшін, ешкімге мін тақпас. Оның үстіне гол соққан Гранит Джак­ка да, Шердан Шакири де «бұл әрекетіміз тек бізге сенген отан­дастарымызға көрсетілген құрмет еді» деп бірдей ақталды.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар