«2017 жылы конституциялық реформа аясында маңызды жұмыстар атқарылды. Реформа шеңберінде Үкіметтің Парламент алдында есеп беру және бақылау тетіктері нығайтылды. Бұдан басқа, өткен жылы құқық қорғау жүйесіне, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласына жаңғырту жүргізілді. Құқық қорғау жүйесін жаңғырту қылмыстық процесті гуманизациялауға бағытталған. Мысалы, тергеушінің шешіміне қарамастан адвокаттың тергеу судьясына шағымдану құқығы кеңейтілді. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық саласын гуманизациялауға бағытталған заң қабылданды. Мысалы, 157-ден астам құқық бұзушылық бойынша әкімшілік айыппұлдар сомасы қысқартылды, жазаның 30 түрі жұмсартылды, қысқартылған өндіріс институты кеңейтілді. Бұл жеті күн ішінде айыппұлдың жартысын төлеу мүмкіндігін құқық бұзушылықтың көп құрамына қолдануға мүмкіндік берді. Сондай-ақ заңды тұлғаларға қысқартылған өндірісті қолдануға мүмкіндік ашты.
Әділет министрлігі өткен жылы мүліктік құқықтарды қорғауды күшейту мақсатында барлық заңнамаға ревизия жүргізді. Нəтижесінде бірқатар ұсыныстар әзірленді. Мысалы, банктік қарыз шарттары бойынша қарыз алушыларға құқықтық қорғауды қамтамасыз ету, мемлекет мұқтажы үшін жерді мәжбүрлеп алып қою барысында тең сыйақы белгілеу шарттарын анықтау, мүлікті тәркілеу жағдайында меншік иелерінің құқықтарын қамтамасыз ету», деді Әділет министрі.
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта сот-сараптамалық қызметінің тиімділігін арттыру мен дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын тілге тиек етті.
«Өткен жылы «Сот сараптама қызметі туралы» заң қабылданды. Сот сарапшыларының палатасы құрылып, оның қызметі регламенттелді. Бүгінгі күні Республикалық палатада 105 жеке сот сарапшысы жұмыс істейді. Жеті аймақтық филиал құрылды. Олар Астана және Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында. Өткен жылдан бастап Қазақстанның сот-сараптама жүйесін «Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік кәсіпорны басқарады. Сараптамалық функцияларды бір ведомствоға беру нәтижесінде қаржылық ресурстар жинақталды, бірыңғай материалдық-техникалық база құрылды. Барлық сараптама түрлеріне тарифтерді анықтау жоспарлануда. Бұл бюджет қаражатын барынша ұқыпты қолдануға және қажетсіз сот-сараптамалардың санын қысқартуға әкеледі. Тұтастай алғанда, Әділет министрлігі қызметтің барлық бағыттары бойынша белсенді жұмыс атқаруда деді Марат Бекетаев.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»