Үкімет • 25 Маусым, 2018

ҚР ЕХӘҚМ базалық зейнетақы қалай есептелетінін түсіндірді

482 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі қандай параметрлер бойынша ескеріледі, есептеу үшін қандай құжаттарды ұсыну керек, бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

ҚР ЕХӘҚМ базалық зейнетақы қалай есептелетінін түсіндірді

Мәселен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі базалық зейнетақыны белгілеу үшін қабылданған 1998 ж. 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Оған жоғары оқу орындарында оқыған уақыты, әскери борышын өтеген уақыты, кәсіпкерлік қызмет т.с.с. кіреді.

Екіншіден, міндетті зейнетақы жарналары аударылған уақыт кезеңі ескеріледі. Сонымен қатар оған 3 жасқа дейінгі баланы (жалпы уақыты 12 жыл) және мүгедек балаларды 16 жасқа дейін күтіп-бағу, күш құрылымдары қызметкерлері болып табылатын ерлі-зайыптылардың олардың еңбекке орналасу мүмкіндіктері болмаған жерлерде тұру кезеңі, ҚР дипломаттық қызметтеріндегі, халықаралық ұйымдардағы ерлі-зайыптылардың шетелдерде тұру кезеңдері ескеріледі.

Бұдан өзге, І топтағы мүгедектерді бағып-қағу, басқаның көмегіне мұқтаж ІІ топтағы жалғыз мүгедектер мен жасы бойынша зейнеткерлерді бағып-күту, сонымен қатар 80 жастан асқан егде адамдарды күту және т.б. уақыты ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, базалық зейнетақының орташа мөлшері 25 456 теңге болады деп күтілуде. Бұл орайда, зейнеткерлердің 44% немесе  947 мың ең көп мөлшердегі зейнетақыны алатын болады, ал тағы 956 мың адам (44,5%) 20 930 теңгеден 28 284 теңгеге дейін алады (КМ 74%-нан 100% дейін).

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова қайта есептелген базалық зейнетақы мәселесі бойынша жүгінетін азаматтар үшін базалық зейнетақыны есептеген кезде ескерілген зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі туралы жан-жақты мәліметтерді қамтитын жеке анықтама формасы қарастырылғанын айтты.

«Зейнеткерлерге ешқайда барудың қажеті жоқ, бізде базалық зейнетақыны қайта есептеуді жүзеге асыратын барлық деректер бар. Қайта есептеу қосымша құжаттарды ұсынусыз орындалады, себебі зейнеткерлік істерінде еңбек өтілі туралы мәлімет бар, ал міндетті зейнетақы жарналары аударылған мерзім міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы деректер базасында қолжетімді», — деп түсіндірді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова.

Азаматтар консультация алу үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тұрғылықты жері бойынша бөлімшелеріне тікелей жүгіне алады.

«Сондай-ақ, олар сол жерден базалық зейнетақыны есептеу кезінде ескерілген зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі туралы толық ақпаратты қамтитын анықтама ала алады. Бұдан өзге, электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда ақпаратты «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алуға болады», — деді С. Жақыпова.