Қарама-қарсы келіп армансыз найза салысатын уақыттың өткендігін, оқу-білімнің артықтығын ұққанымен, қолы қысқа еді. Сондықтан да аталарымыз білімге құштар болды, бала-шағасын оқытуға барын салды. Ал бүгінде батырлығында қапы жоқ, арманы ішін өртеген халықтың ұрпағы әлемнің жетекші елдерінде білім алып, ата-баба өсиетін орындап жатыр. Қызылорда облысы да бұл мәселені өте жақсыға шешіп келеді.
Айтайық, 500-ге жуық қызылордалық студент Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алып жатыр. Алғашқы 75 бітіруші түлек шілде айында диплом алып, елге қайтып келеді. Ал жақында Ресей университеттері түлектерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өткізген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтты.
– Қызылорда облысы – жыл сайын Ресей Үкіметінің гранттары есебінен жетекші техникалық университеттерде түлектерін оқытатын бірден-бір аймақ. 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына облысымыздың 452 мектеп бітірушісі оқуға түсті. Биыл олардың алғашқы легі оқуын аяқтайды. 62 студент диплом алып, Қызылордаға қайтып келеді. Ал 13-і магистратураға түсіп, оқуын жалғастырмақ. 62 түлекті жұмысқа орналастыру мәселесі де пысықталуда. Бұл балаларға үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені, олар қазіргі заманның талабына сай бәсекеге қабілетті маман болады, – деді облыс әкімі.
Қызылордалық студенттер «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ҰЗТУ, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университетінің «нанотехнология және микрожүйелі техника», «технологиялық процестер мен өндірістерді автоматтандыру», «материалтану және материалдар технологиясы», «электроника және наноэлектроника», «металлургия», «стандарттау және метрология», «технологиялық машиналар мен құрал-жабдықтар», «жылу энергетикасы мен жылу техникасы» сияқты мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
Жиында жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Сабанбаев пен индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев түлектерді жұмыспен қамту мәселесі бойынша сөз сөйледі. Қазіргі таңда студенттердің түрлі мәселесін шешу үшін Ресейде оқитын қызылордалық студенттердің «Орда» қауымдастығы құрылып, мессенджерде арнайы чат ашылған. Жастар үшін облыс кәсіпорындарына экскурсиялар және жұмыс берушілермен бейресми кездесулер ұйымдастырылып келеді.
Өңірдің бірқатар кәсіпорны түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Мәселен, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы 11 жас маманды жұмысқа қабылдамақ. Ал «Гежуба Шиелі Цемент» 8 адам алуға ниет білдірді. Сондай-ақ, «СКЗ - U» ЖШС, Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» ЖШС, «Абзал және К» ТС, «Қызылорда жарығы» холдингі және өзге де компаниялар жас мамандарға қызығушылық білдіріп отыр.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін аймақта бірнеше ірі кәсіпорын (шыны, молибден зауыттары, 2 цемент зауыты мен балық өңдеу цехы) іске қосылады. Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, бұл кәсіпорындарға жергілікті колледждердің «химия», «энергетика», «стандарттау», «материалтану», «автоматтандыру» мамандықтары бойынша 650 жуық түлегі жұмысқа тартылатын болады. Мәселен, цемент зауытында 200 адам, оның ішінде қазіргі таңда Қытайда оқып жатқан Шиелі индустриялық-аграрлық колледжінің 46 түлегі жұмыс істейтін болады.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жауапты мемлекеттік органдарға студенттерді өңірдің өндірістік компаниялардағы бос жұмыс орындары туралы уақтылы хабардар етуді тапсырып, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жеке жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Екіжақты келісімге сәйкес, 2014 жылдан бастап Мәскеу болат және қорытпалар институты, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті қызылордалық түлектерді аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін гранттар бөліп келеді.
Одан бөлек, Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалған. «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жүйеге қойылды. Сонымен қатар биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін болады. Сондай-ақ жыл сайын облыс әкімінің гранттары есебінен 100-ге жуық ауылдық жердегі аз қамтылған отбасылардан абитуриенттер білім алып жатыр. Қазіргі таңда грант иелерінің саны 700 шамасында. Биылғы жылы грант саны 200-ге жеткізіліп, оның 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталатын болады.
Елбасы бір сөзінде бүгінде үлкен қолданыстағы біраз мамандықтың болашақта керексіз болып қалатындығын айтқаны бар. Ол қандай мамандықтар деп ежіктеп жатпай-ақ қоялық, бірақ қолында екі күректей диплом болғанымен жұмыс таппай базар жағалап кеткендердің көбейгендігі рас. Өйткені олардың алған мамандығы нарықта қажеттегіден аса көп. Осындай жағдайда Қызылорда облысы әкімдігінің еліміздегі қат мамандықтарға таңдау жасағанын сүйінішпен атауға болады.
Мәселен, қызылордалық қазақ жастары оқып жатқан «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің («МБжҚИ» ҰЗТУ) тарихы 1918 жылдан басталады. 1918 жылы Мәскеу тау-кен академиясында металлургиялық бөлімше ашылып, оның негізінде Мәскеу болат институты құрылды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша университет БРИКС елдерінің үздік 100 университеті тізіміне және QS негізгі білім беру рейтингісі бойынша әлемнің 1000 жетекші техникалық жоғары оқу орнының тізіміне енгізілді. Университет «5-100» Ресей жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасының 15 қатысушысының бірі болып табылады.
Бүгінде қазақ жастары арасында заң және экономика мамандығын таңдағандар көп. Өзі тұратын аймақта педагогикалық институт бар болған соң ауыл маңын шырғалап барлық факультетін толтырып жатыр. Ал мыңдап бітіріп жатқан түлекке мектептен орын табыла бермейді. Таныс пен сыбайлас жемқорлықтың да тамыр жаятын кезі осы.
Мәскеу болат және қорытпа институты сияқты әлемдік маңызы бар институттарды елімізде құруға ең әуелі білікті мамандар тапшы. Ертеректе профессор, қазақ журналистикасының ардагері Сағымбай Қозыбаевтың университетті шалалау бітірген бір шәкіртінің бір облыста Журналистика академиясын ашып алғанын күйінішпен айтқаны есімізде еді. Бүгінде жекеменшік жоғары оқу орындары көдедей көп. Олар өзге өңірден жалға алған бірер профессорды малданып, институт ұстап отыр. Бұл да өтер. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ осындай жағдайлардың орын алып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осындай жағдайда Қызылорда облысы әкімдігінің талпынысын жақсыға бағалауға болады.
2017 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Қызылорда облысының әкімдігі мен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының жетекші жоғары оқу орындары арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қою рәсіміне Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы мен Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар және дизайн университетінің ректорлары қатысты. Енді осы меморандумның қызығын көрер сәт жақындады.
Жұмыс берушілермен кездесуде облыс басшысы Қырымбек Көшербаев биылғы институт бітіретін 75 түлекті жұмысқа орналастыру мен оларды пәтер, жатақханамен қамтуды тікелей өз бақылауына алатынын қадап айтты.
– Олар біздің алтын қорымыз, – деді әкім. – Елбасы айтқандай, елдің болашағы күні ертең Қазақстанды өркендететін, жаңа технологияларды өндіріске енгізетін сол жастардың қолында. Сол талантты жастардың талабы қайтпау үшін бәріміз жәрдемдесуіміз керек. Біле білсеңіздер, әкімдік – олардың туған әкесі. Жұмыс берушілер, мейлі мемлекеттік мекеме, мейлі жекеменшік серіктестік болсын, олардың жұмыс істеуіне, іргелі идеяларын іске асыруына кедергі жасайтын болса, жауап береді.
Сөз ыңғайында аймақ басшысы жас кезінде Мәскеуде оқып, білім алу арманы болғандығын айтқан. Ал бүгінде ауылдағы орта шаруа, қолы қысқа отбасылардың талантты балалары облыс әкімінің қолы жетпеген институтта жоғары білім алып жатыр. Бұл – мемлекетіміздің, Елбасының сындарлы саясатының жемісі.
Бір кездері соғыстан қалжыраған Жапонияны ел қаржысына шетелдегі іргелі оқу орындарын тәмамдаған жастар көтеріп еді. Еліміз цифрландыру жүйесіне өтіп жатыр. Қазақстанда талапты әрі талантты жастардың зәрулігі сезілуде. Ендеше әлемнің жетекші оқу орындарында білім алған түлектер осы олқылықты толтырады деген үміт зор. Жиын барысында сөз болған мәселелерден осы жағдайды тағы да ұғындық.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы