Әлем • 28 Маусым, 2018

Ялчын ТОПЧУ. Азат елдің алтын тәжі

495 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Болашақта, қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркі­лері бөлімінде «Тұңғыш Прези­дент», «түркі дүниесі­нің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» де­ген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады.

Ялчын ТОПЧУ. Азат елдің алтын тәжі

Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табал­дырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді.

Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалт­қысыз қадағалап, әр кірпі­шін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді.

Түркия Республикасы құ­рыл­­ған кезде астананы Ыстан­­бұлдан Анкараға көші­ру себебі қандай болса, бас қала­ны Ал­м­атыдан ауыстырып, Қазақ­стан­ды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыру сондай заман талабы еді. Бас қаланың қоныс аударуы дер кезінде дербес қабылданған стратегиялық шешім ретінде тың бастаманың және жаңа бір дәуірдің бастауы ретінде тарихи маңыз иеленді.

Жаңа Түркия мемлекетінің қаһарманы және құрушысы Мұстафа Кемал Ататүрік десек, ал қазіргі Қазақстанның лайықты лидері Нұрсұлтан Назарбаев деп мойындаймыз. Ұлы тұлғалардың өмірі, көз­қарасы, сенім артқан құнды­лықтары бір-біріне ұқса­йды және толықтай үйлеседі. Екі қайраткер де түгел түркінің мақтанышы, есімі ел есінде мәңгі қалатын беделді басқару­шылар. Екеуі де еркін, азат және зайырлы мемлекет жасақ­тау үшін халықтың рухын қайта тірілтті. Еркіндік пен бостан­дық аңсаған күресте Ататүрік Анкара арқылы, Нұрсұлтан Назарбаев Астана арқылы жеңіске жетті. Жаңа шаһардың бой көтеруі және мегаполис мәртебесіне жетуі ұлт тарихы­мен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрі­мен тікелей байланысты өрбісе, болашағы да осы құнды­лық­т­армен айшықталары анық.

Иә, Астана – байырғы бай­тақ даланың басты орталы­ғы. Жаңа қоныстан соны тех­ноло­гия­мен салынған заманауи ғи­­ма­­­рат­тармен қатар, қай­ма­ғы бұзылмаған көне қазақ мәде­ниеті­нің әр алуандығын көруге болады.

Астананың айбары – Қазақ­стан­ның және қазақ бауыр­ларымыздың биік мәртебесі, асқақ абыройы.

Астана – Қазақстан жетістік­терінің айнасы.

Киелі мекенге көз жүгірт­кенімізде мәдениеті бай, тарихы терең, сенімі нық қабырғалы қалың ел мен көне шежірені, саф өнерді анық көреміз.

Астана – отарлық езгіден құты­лып, бодандықтың қамы­тын сыпырған азат елдің бей­біт жеңісінің жемісі.

Орыс пат­шалығының құрсауы мен кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан қазақтың ақыл-пара­сатын, ерік-жігерін паш еткен қала.

Бұрын тұрақ тепкен орыс халқының өкілдері басым болса, кейін жас отбасылар лек-легімен шоғырланып, қазақтың құтты мекеніне айналды. Толерантты қоғам орнап, ұлтаралық татулық салтанат құрды. Дінаралық келісім мен ымырагершілік біте қайнасқан ғаламат ғасырдың алтын арқауы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Астана арқылы терең парасат иесі, дара тұлға, дана басшы, мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер екенін дәлелдеп шықты.

Жас қала қазіргі таңда Қазақстанның дамуы мен өсіп-өркендеуіне оң ықпал етіп, аймақтық тұрақтылыққа, ғаламдық қауіпсіздікке үлес қосу арқылы аса маңызды миссия атқарып отыр. Сирия мәселесін реттеу бойынша келіссөздер жүргізілген Астана процесі, Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Астана «ЕХРО-2017», Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының саммиті сынды көптеген халықаралық басқосулардың бастамашысы болып, бейбітшілік сүйгіш қала атанып үлгерді.

1991 жылдың аяғында тәуелсіздігін жаңадан жариялаған түркітілдес елдерді бірнеше жыл ғана өмір сүреді деп ойлағандар аз емес еді.

Алайда бүгінгі жағдайға қарап отырсақ, өсіп-өркендеуі мен дамуы қарқынды түрде жалғасқан егемен Қазақстанның өнегелі үлгісі тұманды сейілтіп, күдікті жоққа шығарды, жан-жағына жарқын үлгі бола білді. Сонымен қатар түркі әлемінің «тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұстанымын берік ұстаған Қазақстан көшбасшы мемлекет ретінде алға шықты.

Жүздеген жыл бойы мәдениет мәйегін бұзбай жеткізіп, түркілік рухты қайта түлеткен Қазақ елі шығыстан көтеріліп, батысқа шуақ шашқан күн тәрізді жарқырап келеді.

Жүзжылдық басқыншылықтан аман шығып, Атажұрттан келіп, Анадолыда үміт отын тұтатуы барлық ғұмырын осы идеяға арнаған біздер үшін шексіз бақыт.

Бүгінде Қазақстан – Азия кіндігіндегі төрткүл дүниемен терезесін теңестіріп, шежіре-тарихын түгендеген озық мемлекет, зайырлы республика. Жер бетінде әр саланы ұршықтай иіріп, дамушы елдердің қатарынан қалмай келе жатқан Қазақстан деген ел бар екені сөзсіз. Осы ғажап құбылыстың сәулетшісі, ұлы көшбасшы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның қолтаңбасы – таңғажайып шаһар Астана.

Төбедегі көк күмбез құламайынша, төмендегі қара жер қақ айырылмайынша, ұлы түркі әулетінің қаһарман да өжет әрбір мемлекеті, халықтары мәңгі-бақи еркін және тәуелсіз өмір сүріп, тыныштығын сақтап қалмақ.

Бауырлас Қазақстан мемлекеті дүние тоқтағанша тоқтамай, жасай берсін!

Ялчын ТОПЧУ,

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі