28 Маусым, 2018

Қаламға серт!

558 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Анық қазақ журналистикасының Алаш баласының асыл мұраты хақында ақиқи сөзін әр уақытта айта отырып бір ғасырдан астам жүріп өткен шырғалаң жолы, бұралаң өрі, Абылай аспас асуларды алып асқақ сөйлеген биік белі көз алдыңа келеді. Сонда байқағанымыз, қандай қиын-қыстау уақыттарда да қазақ баспасөзінің қайраткерлері қалам сертінен, ел-жұрт алдындағы адал сертінен ешбір таймағанын көреміз.

Қаламға серт!

Ұлттық баспасөзіміздің алғашқы қар­лығашы «Қазақ» газеті, оның бастауында тұрған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары қазақ қауымын ел болуға шақырды, білім мен мәдениетке, сол арқылы тәуелсіздікке жетуге үндеді. 1913 жылы 2 ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым бес жылдың ішінде қазақ тіліндегі кәсіби газеттің стилін, жалпы бет-бейнесін қалыптастырды. «Әуелі, газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақылдай ақыл сөзді Лениннен бұрын өзіміздің ұлт ұстазы – абыз Ахаң айтып еді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов лебізіне жүгінсек, «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».

Осы атақты «Қазақтан» екі жыл бұрын өмірге келіп, Орал қаласында екі жарым жыл бойы шығып тұрған қарлығаш ниетті хабаршыдай, еліміздің болашақ атауына ең алғаш ақ жол тілеген газет «Қазақстан» деп аталды. Осындай атаумен газет шығару бастамасын көтергендер қазақтың сол кездегі оқыған ардагер ағартушы азаматтары Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қарашев, Шәңгерей Бөкеев, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шомбалов болады. Газеттің жауапты шығарушы редакторлығына көзі ашық, білімді мұғалім Елеусін Бұйрин лайық деп табылып, ол барлық жауапкершілік пен ауыртпалықты өз мойнына алады. Е.Бұйрин: «Қазақстан қазақтардың өлкесі деген мағынаны білдіреді» деп түсіндіреді. «Бізді бір тілек, бір ниетке жиятұғын зат – газет... Газет біздің білмегенді көрсететін ұстазымыз, қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп алғашқы нөмірден-ақ ақылман сөз саптайды. «Қазақстан» газеті де жалпыалаштық мұратқа өзіндік үн қосады, өз оқырмандарына хакім Абайдың шығармаларын насихаттайды. Қазақ шаруашылығын заман ағымына ыңғайлап, өнер-білімге үйреніп ұмтылу мәселесін сөз етеді.

Қазақ баспасөзінің осыдан бір ғасырдың арғы жағындағы алғашқы қарлығаштарының мұраты мен аңсары бір, тілегі – қаймана қазақтың қамы болған-ды. Не айтса да, не жазса да ел-жұртқа, милләтқа, жалпы ұлтқа бақыт тілеген еді. Бірінші кезекте елдік мәселеден, осы бір темірқазақ нысанадан айнымаған ғибраты сүйсіндіреді. Сонау бір кездері газеттің «Қазақстан» деп аталуын елім деп дүрсілдеп соққан жүректің керемет нышанына балаймыз. Иә, сол бір аңсары азаттық болған азат ойлы газет «Қазақстан» бүгінгі әлем таныған тәуелсіз ел Қазақстанға айналғанға дейінгі небір қияпатқа толы тар жол, тайғақ кешулі күрестерге журналистік өреден әрқашан ой жүгіртіп отырғанымыз ләзім.

«Қазақ» газетінде М.Шоқай, Б.Майлин, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Ермеков, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Аймауытов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, А.Бірімжанов, С.Торайғыров, Н.Құлжанова, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы және А.Оразаевтар, т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. Ұлт мүддесін қалам сертімен ұштаған осы арыстар қазақ бас­пасөзінің алғашқы толқын қайраткерлері де болды деп нық айта аламыз. Сонымен бір­ге, негізін Мұхамеджан Сералин қалаған, хал­қымыздың тарих көшінен кенжелеп қалған, бейқам болған өкінішін меңзеген атаумен шыққан «Айқап» журналы да елжандылық, ағартушылық үдесінен табылды.

Осы арадағы ең бір ғажап жағдай мынада. М.Дулатов жан салып жүріп 1917 жылдың соңы шамасында көпшіліктің қолдау көмегімен «Қазақ» газетін шығарушы «Азамат» серіктестігінің атына алты жыл бойы арман болып келген баспахананы 30 мың сомға сатып алады. Сөйтіп халқына қалаулы «Қазақ» газетін аптасына екі-үш рет шығарып тұруға мүмкіндік туып, жол ашылған-ды. Кейінгі зерттеулер нақ осы Торғай баспаханасының құрал-жабдықтары бүгінгі «Егемен Қазақстан», кешегі «Социалистік Қазақстанның ізашары болған «Ұшқын» газетін шығаруға пайдаланылғанын растайды. Мұның өзі сол газеттің, яғни еліміздің бүгінгі бас газетінің бастауында ұлттың ұлы ұстазы Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мен оның серіктері тұрғанын және бір айғақтап анықтай түсетін жайт. Бұған түйетініміз, бүгінде еліміздің аға басылымы саналатын «Егемен Қазақстан» мен әр қазаққа қымбатты «Қазақ» газеті арасындағы байланысты тарихи дерек растап отыр.

Осындай қасиетті тұнықтан бастау алған, жиырмасыншы жылдардың басында-ақ «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деген Сәкен Сейфуллиннің қиянатқа қарсы алдаспан сөздерін басқан, тарихтың талай қилы кезеңдерінен абыроймен өте білген бүгінгі бас газетіміздің, қала берді бүкіл қазақ басылымдарының журналистері қалам сертіне адал. Баспасөз қайраткерлері әрқашан елдік мұраттың алдыңғы сапында.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»