Депутаттар алдымен «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тұқымдардың жалпы нарығын дамыту, аталған одаққа мүше мемлекеттердің өсімдік тұқымдарының жалпы ақпараттық ресурсын қалыптастыру, сонымен қатар тұқымның сұрыптық және егу сапасын айқындаудың бірыңғай әдістерін қолдануды қамтамасыз ету. Келісімді іске асыру сұрыптарды сынау, тұқым саласындағы заңнаманы жетілдіру, еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тұқымдардың жалпы нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтуге, селекцияны және тұқым шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жалпы отырыста сондай-ақ «1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов заң жобасының негізгі баптарына тоқталып өтті.
«Заң жобасында біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту қолға алынады. Екіншіден, ішкі заңнамада көзделген салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану; үшіншіден, заңды тұлғалар бойынша қосарланған резиденттік проблемаларын жою; төртіншіден, кейбір қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде, олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу көзделген», деді Б.Сұлтанов.
Қаржы министрінің айтуына қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы соңғы 10 жылда (2008-2017 жылдар) 17,8 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың көрсеткіші бойынша отандық экспорттың негізгі баптары қара металдар (22,6%), мұнай өнімдері (18,9%), бидай (16,7%), бидай ұны (9,1%) болып отыр. Ал импорт құрылымында жемістер мен жаңғақтар (32,5%), табиғи газ (15,5%), көкөніс (10,2%) басымдыққа ие.
Депутаттар «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да тұтастай мақұлдады.
Бұл құжат бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова:
«Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Келісім қызметтік іссапар кезеңінде еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтармен ғана емес, өз бетінше жұмысқа орналасқан азаматтармен, сондай-ақ мекемелер жұмысқа қабылдап алған жұмыскерлермен де болған жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібін бекітуге арналған. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтарымен екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асырғанда ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібі жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленеді», деді.
Бұл ретте, келісімде қатысушы елдер үшін өндірістегі жазатайым оқиға туралы актінің бірыңғай формасын бекіту көзделген. Ал тексеру аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші жазатайым оқиғадан зардап шеккен қызметкерге жазатайым оқиға туралы актіні беруге міндеттелмек. Сондай-ақ актінің бір данасы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек инспекциясына жолданады.
«Топтық, ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаларды тексеру аяқталғаннан кейін, актіні тексеру материалдарымен бірге зардап шегуші азаматтың тұратын мемлекетінің уәкілетті органына жолданады. Қатысушы мемлекеттің аумағындағы болған жазатайым оқиғаны тексеруге байланысты берілген құжаттар немесе екінші қатысушы елдің біреуінің аумағында жасалған құжаттардың көшірмелері қоғамдастықтың басқа елдерімен заңдастырусыз қабылданады», деп атап өтті министр.
Мәжілісте осыдан тура бір жыл бұрын бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Жарнама қызметін мемлекеттік реттеуді жүйелендіруге және жарнама саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған құжатқа осы уақыт аралығында жұмыс тобы шамамен 200 түзетуді қараған.
Жалпы отырыс соңында депутаттар орталық және атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдаған соң Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин биылғы сессия жұмысын қорытындылады. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде:
– Бұл сессия Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәжілістің алдына қойған маңызды міндеттері мен тапсырмаларын орындауға арналды. Ең бастысы, Президентіміз Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Сондықтан осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету біздің депутаттарымыздың осы сессиядағы негізгі міндеттерінің бірі болды. Бұл жолда көптеген заң қабылданып, көптеген парламенттік шара өтті, – деді.
Атап айтар болсақ, осы сессияда Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп, 200-ден астам мәселе қаралды. Осы кезеңде палата қарауында 128 заң жобасы болып, оның 91-і мақұлданып, Сенатқа жолданған. Сонымен бірге 18 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 21 көшпелі отырыс және 3 халықаралық конференция ұйымдастырылды. Палата Төрағасы атап өткендей, осының барлығы – депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.
Ал ертеңге жоспарланған Парламент палаталарының бірлескен отырысында Парламенттің үшінші сессиясы қорытындыланып, алдағы жоспарлар белгіленетін болады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»