Бизнес • 28 Маусым, 2018

Қызылордада 5 айда 1,5 мың­дай кәсіпкерлік субъ­ектісі тір­келіп, 1700-дей жұмыс ор­ны ашылған

316 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде жұрт нарықтық қатынасты біршама түсініп қалды. «Қолы қимыл­да­ғанның аузы да қимылдайтынын» біледі. Түрлі кәсіп ашып пайдаға мел­дектеп жатқандар аз емес. Балықтан несібесін айырғысы келген сондай бір жігітіміз Қытайдағы әріптестерінің тәжірибесін үйренгісі келіп, сол елге барып келіпті.

Қызылордада 5 айда 1,5 мың­дай кәсіпкерлік субъ­ектісі тір­келіп, 1700-дей жұмыс ор­ны ашылған

– Қалай, – дейді күтіп жүрген серіктері. – Олардан не үйрендің?

– Ой, ол жақта балықтар жүзбейді екен.

– Онысы несі, балықтың жүзбегені қалай?

– Көптігі сонша, жүзуге орын таппай, тігінен қадалып ауа жұтып тұрады екен.

Әзілдеп айтылса да, осы сөзде шындық бар. Дүние жү­зінде азық-түлікті көп экс­порт­таушы елдердің бірі­не айна­лып отырған Қытайда спорт­тық жарыстарға біршама рет бардық. Спорттық жа­рыс­тар­дан қалт еткенде ауыл шаруашылығын көзбен шолып, көңілге тоқи жүреміз.

Халқы орасан көп, жері то­зың­қырап бара жатқан Қытайда бір кереметті көрдік. Төртке бөлінген тоған. Бір жағында «Бейжің үйрегі» ас мә­зірімен таныс құс шаруа­шы­лығы, бір жағында балық өсіріліп жатыр. Ауыстырып жүру қымбатқа түскендіктен су қара сорпаланып кеткен. Сонда да шаруа-
лар сол жерден күреп пайда тауып отыр. Жұмыртқа мен күрішті қолдан жасап, қу бастан қуырдақтық ет алған сырдаңдардай қытай кәсіпкерлері ақша табудың көзін біледі.

Оларға тек жер керек. Та­қырға айнал­ған құла түзден су шығарып, аз­даған жылдарда шүйгінге айналдырып жібе­реді. Ал біз ағын суды Үкі­меттің өзі жырып әке­ліп беріп, ақша керек болса, мінекей деп бизнес-жобалармен қоса беріп тұрған жерлерді толық игере алмай жатырмыз.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылды «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған. Биыл айтты, келесі жылы бұл тақырыпты жылы жауып қоя саламыз дейтіндей емес, ал­дағы жылдарда да өзекті мә­селе ретінде күн тәртібінен түспейді.

Облыс басшысы аудан, қалалардағы сапарларының негізгісі ретінде осы мәселені алға салып, әкімдердің бүгінге дейін атқарған жұмыстарын сара­лап келеді. Кәсіпкерлікті қолдауда өзге­лер­ге үлгі болып жатқандары да бар. Аймақ басшысы бұл ретте Қызылорда қаласын жиі мысалға алады. Қала мен маңындағы шағын кент, ауылдар­ды қосқанда үш жүз мыңға жуық халық тұрады. Бүгінде 20 мыңға жуық ша­ғын кәсіпкерлікпен ай­налысатын субъек­тілері бар қала осы саланың 48,8 пай­ызын жауып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлі­ба­ев­тың келтірген дерек­те­ріне сүйенсек, ша­ғын және орта бизнесті өркендету жо­лын­дағы өрелі істер аз емес. Қалада биыл 5 айда 1,5 мың­дай кәсіпкерлік субъ­ектісі тір­келіп, 1700-дей жұмыс ор­ны ашылған. 2018-2020 жыл­дарға арналған жос­пар бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 600-ге жуық жобаны іске асырып, 1000-нан астам адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік туады.

– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту» бағ­дар­ла­м­а­сына сәйкес жыл басынан бері құны 398 млн 497 мың теңгені құ­рай­тын 65 жобаға қар­жы ұйымдары қолдау көрс­етті. Соның нәтижесінде елді мекендерде 2 наубайхана, бір-бір тігін цехы, қонақүй, авто­көлікке тех­ни­калық қызмет көр­сету орталығы жұ­мысын жүргізді. «Береке», «Ырыс» бағ­дар­ламалары негізінде 5 коопе­ративтің 138 мүшесі 2814 мүйізді ірі қара сатып алды. Жыл соңына дейін қар­жы ұйымдарына тағы 51 жоба­ның құжаты ұсынылады, – деді қала басшысы.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да облыс орталығында кәсіп­пен айналысатындардың қа­та­рын көбейте түсті. Биыл кон­ку­рстық комиссия назарына ұсынылған 171 жобаның 52-сі мақұлданды. Ал өткен жы­лы 29 жобаға қайтарымсыз қа­ра­жат беріліп, 70-тей жұ­мыс орны ашылған еді. Жалпы, мем­лекет қолдауының арқа­­сында осы 5 ай ішінде ша­ғын жә­не орта кәсіпкерлік субъек­тіл­ерінен түс­кен салық көлемі былтырғыдан 130 пайызға артқан.

Жиын барысында кент, ауыл әкім­дері шағын кәсіп­кер­лікке байланыс­ты жасалып жатқан жұмыстар жайын­да есеп берді. Өңірлік кәсіп­керлерге қызмет көрсету орта­лы­ғының директоры Қамар Бекетова халық арасында тү­­сін­дірме жұмысы кеңінен жүр­­­гізілгенін, осыдан кейін ор­та­лық көмегіне жүгінушілер са­ны арта түс­ке­нін айтты.

– Бүгінге дейін қалаға қа­рас­ты барлық елді мекенді ара­лап шықтық. Мамандар тара­пынан 1610 қызмет түрі көрсетілсе, оның 1213-і нақты кө­мек. Орталық қызметін пай­далана­тын­дардың қатарында Тасбөгет кенті алдыңғы орында тұр, – деді ол.

Кәсіпкерлікті қолдауда еш­кім мемлекетке, облыс әкім­дігіне сын таға алмайды. Мә­селен, биыл осы мақсатта жол картасын жүзеге асыру үшін 32 млрд теңге бөлінген. Стар­тап жобалар үшін 3,4 млрд тең­ге қаралған. Осының ішіне үздік жобаларға берілетін қай­­тарымсыз гранттар бар. Бы­лай айт­қанда, аспаннан сал­бырап түскен бай­лық. Тек жұ­мысыңды аяғына дейін жет­кіз­сең болғаны. Пайда да, бизнес те өзіңдікі.

Осы жағдайларды тара­зы­лаған облыс басшысы табыс табудың тек жеке тұлғаға ғана емес, мемлекетке де пайдалы екендігін айтты. Мәселен, бір орташа отбасыда алты адам болса, кем дегенде біреуі кәсіппен айналысуы керек. Алаңдайтындай жағдай жоқ.

– Облыс тұрғындарының саны 807 мың шамасында болса, соның 97 мыңдайы өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдардың қатарында. Бұл мәселені ше­шудің жаппай кәсіпкерлікті дамытудан басқа жолы жоқ. Ал кәсіппен айналысқан адам «үкімет асырайды» деген масыл­дық көзқарастан арылады. Өзіне де, елге де пайдасын ти­гізеді, – деді облыс әкімі.

Қысқасы, көйлек көк, қа­рын тоқ болу үшін өз өміріңе өзің ие болып жұмыс жаса. Ха­лықтың әл-ауқатын осылай­ша арттыру әлеуметтік тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етеді.

Жиында әкімдер жұмы­сы­на біраз сын айтылған. Көбісі жеңілдетілген несие­ні жұ­мысын жаңа бастайын деп талпынғандарға емес, мол қоры бар, бизнесін әрі қа­рай өркендету үшін қаржы сұ­ра­ған­дарға береді екен. Мұн­да­ғы қауіп түсінікті. Жеке шаруа бан­­крот­қа ұшыраса несие ауада асылып қалады. Ал онсыз да байлығы асып-төгіліп жат­қан кәсіпкер несиені уа­қ­тылы төлей алады.

Облыс басшысы мұндайға тоқтау салып, нағыз әкім­дер­дің жұмысы жаңа жобаларды қол­дап қуаттауда екендігін айтты.

Жұмысты үйлестіре алма­ғандар аяққа оралғы бол­май өз жөнін табуы-
на ба­қылау жасалмақ. Көптеген өр­кениетті елдерде адамдар негізінен өз шаруасымен айналысады. Табыс табады. Заңды жолмен. Салығын төлейді. Зейнетақысы дайын. Үкіметте шаруасы жоқ. Бұл мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатты, эко­номикалық, әлеуметтік мә­селелерді алаңсыз шешуіне септеседі.

Облыста еңбекке қабілетті жүз мыңға жуық адамның жұ­мыссыздар санатында еке­нін айттық. Облыс басшысы осы тығырықтан шығудың жолы деп шағын және орта кәсіпті ұсынып отыр.

– Жаппай кәсіпкерлікті қол­даудан негізгі күтілетін нә­тиже, біріншіден, тұрақты жұ­мыс орындары ашылады. Екіншіден, салық базасы ұлғайып, бюджет кірісі артады. Үшіншіден, қоғамда әлеу­меттік тұрақтылық қа­лып­­тасады. Сол себепті біз осы бағдарламаны барынша ти­імді пайдаланып, аталған нә­тижеге қол жеткізуіміз керек. Осы уа­қыт­қа дейін наси­хат шаралары жет­кілікті дең­гей­де жүргізілді. Оған қоса, «Кә­сіпкерлерге қызмет көр­сету» орталығы ашылып, жұ­мыс жасап жатыр. Әрбір ауыл­дық округ бойынша кәсіп­керлік бастамаларына көмек беретін жауапты адамдар бекітілді. Енді тек нәтиже сұ­ралады, – деді облыс әкімі жиында.

Әкімдерге де сын сағаты тая­­ды. Күзде жыл бойғы ж­а­сал­ған жұмыс­тар­дың есебі алы­­нады. Жақсы бастаманың нә­­ти­желі болғандығы тек об­лыс халқы үшін ғана емес Үкі­мет­ке де абырой, мем­­ле­кеттің жү­гін жеңіл­детеді. Халық ба­қу­атты өмір сүреді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы