Франция өз тобында ешкімге ұтылмай, бірінші орын иеленді. Бұл қалыпты жағдай. Алайда Аргентинаның Хорватиядан ұтылып, жағдайын нашарлатып алғаны күтпеген оқиға еді. Күні кеше ғана олар ойынның соңына таман гол соғып, Нигериядан 3 ұпайды іліп әкетті. Енді плей-оффта екі ұжымның жолы түйісіп тұр. «Барселонаның» қорғаушысы Самуэль Юмтити енді әріптесі Леонель Мессиді тұсап ұстауы керек. Бұл ойын 30 маусым күні өтеді.
Нигерия мен Аргентина арасындағы ойынның үздігі атанған Леонель үш әлем чемпионатында гол соқты. Өмірінің әрбір онжылдығында гол соғып келе жатқанын да ФИФА баспасөзі тілге тиек етті. 2006 жылғы чемпионатта гол соққанда ол 18 жаста болса, 2014 жылы 27-де еді. Енді міне 31-ге келген тұста тағы да көзге түсті. Мессидің Нигерия қақпасына соққан голы «Барселонаның» да жеке тарихына енді. Себебі соңғы үш чемпионат қатарынан 100-голды испан клубының ойыншылары салып келеді. Мысалы, 2010 жылы Иньеста, 2014 жылы Неймар, 2018 жылы Месси.
Ойын соңынан кейін Аргентина келесі кезеңге шыққанын естіп, бөркін аспанға атты. Осы шақта Месси бас бапкер Хорхе Сампаолиді құшақтап алды. Бұл жағдайды баспасөз әртүрлі талқылап, бапкер мен капитанның қайта достасқаны деп топшылады. Естеріңізде болса, Хорватиямен болған матчтан кейін Лео Месси бапкерді сынап, «келесі ойында алаңға кімдер шығатынын бапкерсіз-ақ өзіміз ақылдасамыз» деп сұхбат берді. Енді, шамасы Месси мен Сампаоли қайта достасқан секілді. Бұл жайында бас бапкер ойын жасырмай айтты. «Месси мені құшақтап алған кезде бақыттан басым айналды. Мен командамен үлкен жетістікке жеткім келеді. Ал ол үшін Мессидің көмегі керек. Футболшылар бүгінгідей оған көмек беріп отырса, біз алмайтын қамал қалмайды» деп ағынан жарылды Аргентина бапкері.
Айтпақшы осы ойынды трибунадан тамашалаған атақты аргентиналық Диего Марадона дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Кейіннен тіпті Диего Арманданың ауруханаға жатқызылғаны жайлы да ақпарат шықты. Бірақ Марадона өзін жақсы сезінетінін айтты.
Әлем чемпионатының ойындарын қалт жібермей тамашалап отырған «Барселона» басшылығы 2 ойыншыға қызығушылық танытты. Оның бірі Германияға гол соққан, мексикалық жартылай қорғаушы Ирвинг Лоссано. Антуан Гризманды сатып ала алмаған соң каталондық клуб ПСВ ұжымының басшылығына ресми түрде ұсыныс тастапты. Сонымен бірге, «Барселона» чемпионатта жарқ еткен даниялық Кристиан Эриксен мен Александр Головинге де құда түспекші.
Әлем чемпионаты кезінде көптеген ірі компаниялар жақсы жарнама жасап, істерін алға жылжытып жатқанда Германия экономикасы футболдан зардап шегіп жатыр. «Deutsche Welle» агенттігінің есептеуінше Германия-Оңтүстік Корея арасындағы ойын кезінде неміс жұмысшыларының 30 пайызы қызметтерін тоқтата тұрып, ойын тамашалаған. Соның кесірінен Германия экономикасына 200 миллион еуро көлемінде зиян келген. Егер Германия құрамасы жеңіске жете беретін болса, бұл шығынның көлемі одан әрі арта береді. Бұл жерде ең басты кедергі Ресей мен Германияның арасындағы уақыт айырмашылығы болып тұр.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»