Өнер • 28 Маусым, 2018

Семейде татар халқының ұлттық тойы тойланды

1135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі Ертіс жағалауында Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының төрайымы, Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Камилия Исмаилованың жетекшілігімен Татар халқының ұлттық мерекесі облыстық деңгейде аталып өтілді. 

Семейде татар халқының ұлттық тойы тойланды

Атаулы мерекеде татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойын­да­рынан сайыс өтті. Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, даңқ­­ты спортшы Ром Ильматовтың ай­туынша, «Татарча курәс» ойнына қа­тысу­шылардың санында шек болмады.

 Бесқарағай ауданынан арнайы келген башкөлдік татар ағайындар ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Барлығы жиналып, Татар халқының талантты ұлы Ғабдолла Тоқай ескерткішінің басына гүл шоқтарын қойды. Елді бере­келі тірлікке бастайтын шара татар халқының дәстүрі бойынша имамның тілек айтуымен басталды.

Шараға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Нелли Крас­нобаева, Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев қатысты.

– Құрметті семейліктер және қала қонақтары! Ынтымақ-бірлігі жа­расқан, Абай, Мұхтар, Шәкәрімдер туған қастерлі өлкеде біз бауырлас татар халқының «Сабантой» мерекесін бесқарағайлық бауырларымызбен бірге тойлаудамыз, – деді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов. – Бейбітшілікке, береке-бірлікке шақыратын бұл мереке біздер үшін аса қымбат. Сондықтан бар­шаңызға мықты денсаулық, отба­сыларыңызға амандық тілеймін, мереке құтты болсын!

 Облыстық ішкі саясат басқар­масының басшысы Нелли Краснобаева облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан жи­налған қауымды құттықтап, арнайы марапаттарын табыс етті. Бесқарағай ауданында Достық үйінің жұмысын жан­дандырғаны үшін аудан әкімі Дәулет Батырбаев алғыс хатпен марапатталды.

Еңбек ардагері Рашида Хасанованың айтуынша, «Сабантой» – татар тілінде «жер өңдеу тойы» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни Сабантой татар халқының жерді өңдеп, егін салатын көктем кезеңінің мерекесі. Оның өзегіне егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын, ел тоқ болсын деген арман-тілек­тер жинақталған. Мерекеде татар хал­қының ұлттық ойындары – татар күресі, арқан тарту және тағы да басқа көптеген спорттық ойындар ойнал­ды. Сабантойға келгендер татар елінің ұлт­тық тағамдарынан дәм татып, кон­церттік бағдарламаны тамашалады.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ