Өнер • 29 Маусым, 2018

Еншісі елордадан бұйырған Досымжан Таңатаров

1256 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қос ғасырдың етек-жеңі ұштасқан 2000 жыл­дың көктемі. Елорданың еңселі ғимара­ты Конгресс-холда исі қазаққа аты мәшһүр қоңыр үні көлде жүзген қоңыр қаздай мамыр­лаған әнші Нұрлан Өнербаевтың жеке концерті өтіп жатты. Өз кешінің тізгінін өз қолына алған Нұрлан Әлтайұлы әнсүйер қауымның алдына қас тұл­парға ғана тән арындай шапқанда қос танауын жел кеулеп, желбезегі желқайықтың желкеніндей желбіреген жас жігітті алып шықты. Үлкен сахнаға әлі үйрене қоймаған кейіп­те ұяла басып, көптің алдына шыққан балаң жігіт сәлемнен кейін, халық әні «Құра­лайды» құйқылжытты кеп. Таудан құ­лап аққан тас бұлақтай мөлдір, тұп-тұнық қазақы дауыс. Әннің ырғағы қандай? Жаңа низам оқуына иленбеген, консерваторияда нотаға байланып күйленбеген, бозала таңда сайраған бозторғайдың үніндей тап-таза. Бұл кім болды екен? Осы сұрақ күл­лі көрерменнің көкейінде тұнып қалды. Кешік­пей жұмбақтың шешуі табылды. Көрер­мен­нің көңілін тербеп, сезім шіркіннің қыл пернесін дөп басқан әнші Досымжан Таңа­таров екен. 

Еншісі елордадан бұйырған Досымжан Таңатаров

Бабаларымыздан қалған «иман отқа жан­байды, талант жерде қалмайды» дейтін тіркес естеріңізде ме?! Маған дәл осы тәмсіл Досымжанға қаратып айтылған сияқты сезіледі. Өйткені бұл жігіт расында ешқан­дай кәсіби әншілік мектепте оқымаған, та­биғи тума талант. Өзінің айтуы бойынша кәдімгі қаражон, қарапайым қойшының баласы. Құдайға шүкір, әкесі Қарпық пен мар­құм анасы төрт ұл мен үш қызын қанат­ты­ға қақтырмапты. Әсіресе, үйдің кенжесі Досымжанға деген ықыластары ерекше. Доскенді әнге ынтық еткен дүние әуелі тәңір берген таланты болса, одан кейін туған топырағы Құланның құба жоны мен құлын табиғаты. Қарпық атамыз жаз жайлауда таңнан тұрып отарын өргізеді. Дәл түсте ауыл маңына әкеліп қойын жусатып, өзі шайланады. Осы сәтте кішкентай Досымжан белдеудегі бестіні тақымға басып, әкесі шәй ішіп болғанша, отарға бас-көз болады. Ол жай жүрмейді, маң даланы жаңғыртып әнге басады. Кең дала, керемет өлке, оған күрең бестінің желігі мен күлтелі ұлдың кеудесін керген көрігін қосыңыз... Кейде ойлаймын: Шалқар ғаламды бір шаранаға сыйдырып, даланың мұнар сағымын түндіктей түріп айтатын Досымжанның сол кездегі табиғи әнін тағы бір тыңдар ма еді.

Уақыт өтті. Досымжан ер жетті. Оның алдын­да шешімін табуы тиіс жалғыз сұрақ тұр­ды. «Өнер жолын қуамын ба, әлде инженер боламын ба?» Әкесі айтты: балам өнерің үстем болса ешқайда қашпайды, одан да инженер бол­саңшы! Үкім орындалды. Сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инс­титутына оқуға түсті. Кешікпей оқуды бітірді. Бірақ жалпақ әлемді нарық дейтін «жалмауыз» жайлап кетіп, бәрі жайына қалды. Енді қайтпек керек? Құдай берген талант, неге ән салмасқа...

Өзінің дара талантымен Жамбыл өңіріне таныла бастаған жігіт, орта көрмекке алып-ұшып Алматыға келді. Онда аранжировщик Бағлан Омаровпен танысты. Жас жігіттің терең тынысын бірден аңдаған сазгер Бағлан «сен мықты әнші боласың, тез үлкен ортаға кір» дейді. Доскен «үлкен орта» іздеп ойланып тұрғанда, Астанадан «жаңадан ашылып жатқан Президент оркестріне келсін» деген ақұлпа хабар қалықтап жетті. Сөйтіп тағдыр жолы оны Арқаға бастады. 

2000 жылдың қаңтар айы. Астана қаласы. Арқаның ақбұрқақ бораны мен сарышұнақ аязы жып-жылы Жамбылдан келген жас жігіттің алма бетінен алма-кезек сүйгенде Доскен «ойдағы оп-оңды құстың жып-жылы ұясындай үйімді тастап, құбыладан ұйтқи соққан қарлы дауылға қайдан келдім» деген де шығар. Өзінен сұрадым. Басын изеді. – Бірақ, – дейді Досымжан. – Сол кезде тұла бойымда зор үміттің ұшқыны оянды, қазақ елінің жарқырап атқан таңына неге таңылмасқа деген ынта пайда болды, расын айтқанда, ұлан-ғайыр даламызға ұлы дүбірдің сарыны жеткенін іштей аңғардым. 

Ол кезде жаңадан ашылған Президент оркестріне аса жауапты міндет жүктелді. Себебі шетел қонақтарына өнер көрсету, соны­мен қатар Елбасы дәргейіндегі барлық мәдени шараларды атқару осы ұжымға жүк­телді. Сондықтан да бұл қатарға қосыл­ған өнер­паздарға әскери шен-шекпен беріп, мық­тап бекітті. Нақтырақ айтқанда, жайылып кетуге бейім әнші-әртістерді әскери тәр­тіп­пен тұсады. Сөйтіп бұл өнер­паз­дар сапы­на Эльмира Жаңабергенова, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Әсел Мадекешова, Медет Салықов, Аллажар Қайбар сынды талантты қыз-жігіттер топтасты. Жоғарыда Бағлан Омаров айтқан «үлкен орта» осы еді. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан бой көтерген елорданың мәдени өмірін гүлдендіру үшін барлық таланттар осында топтастырылды. 
– Осындай таланттар тоғысқан ортаға кіріп бой түзедім, әрі кәсіби мамандармен таласа-тармаса шығармашылық қуатымды шыңдадым, – дейді Досымжан Қарпықұлы. Өйткені бұл өнерпаздардың әрқайсысы бір-бір шың, әрі бір-бір мектептің өкілі. Ал До­скеннің бұлардан айырмашылығы – жанр тал­ғап жатпайды. Кәнігі балуан сияқты оң жам­басқа келгенін аударып тас­тай береді. Қа­жет болса эстрадамен де, оркестр­мен де, жеке дауыста, домбырамен де, керек пе фоль­клорлық жыр-термелерді де иін қан­ды­рып орындайды. Қысқасы әмбебап. Бұн­дай әнші президент оркестріне аса қажет-тін. Қазақ­тың әлгі «іздегенге – сұраған» дегені осы шығар. 

Сөйтіп ел қатарлы бас қалаға бауыр бас­қан Досымжан Таңатаров кәсіби әріп­тес­терімен қатарласа, қанаттаса жүріп шыңдалды. Әңгіме арасында Доскен айтады: елордаға жиналған әншілердің дені бұған дейін таланттарымен танылған, бір өңірдің таңдайына баланған өнерпаздар-тын. Ал менің жөнім бөлек. Себебі мені елге танытқан да, тарландатқан да Астана. Яғни менің өнердегі еншім елордадан бұйырды. Сондықтан да өзімді астаналық әншімін деп есептеймін. Расында солай. Менің білетінім: 2000 жылдың соңында «Тамаша» әзіл-сықақ театры теледидар арқылы мерекелік концерт берді. Осы шараға қатысып, ән салған Досым­жанды телеэфирден «астаналық әнші» деп таныстырды. 

Сөйтіп... заманы жаңарып, қаласы жасарып, дүниесі гүлденіп, даласы бүрленіп жатқан уақыт шығармашылық адамның шабытын шақырмауы мүмкін емес. Астанамен бірге Доскеннің де шабыты шарықтады. Ең әуелі, Жамбыл Жабаев атасының «Отаным десем...» дейтін жырына ән қосып: «Отаным десем ойыма, Шалқыған шалқар көл түсер, Көк жиегі балқұрақ, Көкорай шалғын жер түсер» деп шырқады. «Бұл әнді айтқанда көз алдымда Сарыарқаның самалы жұпар, сары даласы тербеліп тұрады» дейді әнші. Одан кейін Сәкен атасының «Сарыарқасын» жаңа тыныспен орындап, сазгер Бауыржан Еңсебаевтың марш мәтінімен жазылған «Астана» әніне арғымақтың дүбіріндей тың екпін қосты. 2008 жылы қаланың 10 жылдық мерейтойына арнап жеке концерт берді. Ол үрдіс 2014 жылы тағы да жалғасып, «Отаным десем...» деген атпен шығармашылық кешін өткізді. «Биыл елордаға 20 жыл, менің шы­ғар­машылығыма да 20 жыл толып отыр. Осы екеуін орайластырып тағы бір концерт бе­ру­ді жоспарлап жүрмін», дейді Досымжан Қарпықұлы. 

Бұл әңгіме сөз арасында айтылып қалды. – Осыдан он шақты жыл бұрын дейді, – Досымжан. бір ән айту үшін Алматыға бардым. Жолай ұшырасқан «Нұр-Мұқа­сан» тобының жігіттері: «Бір ән үшін итарқасы қияннан ұшып келдің бе?» деп күлді. Мен айттым: «Бір күндері болады. Бір ән үшін сендер Астанаға ұшып барасыңдар». Осымен әңгіме тәмам. 

Қызық болғанда өткен жылы Доскен ойда-жоқта Астанада жүрген «Нұр-Мұқасан» жігіт­терімен жолығады. «Не жұмыспен жүр­сің­дер бауырлар?» «Осында бір ән айту үшін келіп қалдық». Бұл жауапты естіген Дос­кен басын шайқап, ана екі жігітке бұдан он шақ­ты жыл бұрынғы әңгімені естеріне салады. Уақыт-ай десеңізші, ауыздан шыққан сөзді ақиқатқа айналдырған. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»