Әлем • 29 Маусым, 2018

Жаһан жаңалықтары. Тоғыз күнде қызметінен кетті

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Португалияның «Спортинг» клубы команданың бас жаттық­тырушысы Синиша Михайловичпен арадағы келісімшартын бұзды. Бұл туралы клубтың ресми сайты мәлімдеді.

Жаһан жаңалықтары. Тоғыз күнде қызметінен кетті

«Спортинг» Синиша Михайловичпен 18 маусым күні келісім­шартқа отырғанымен, клубтың жаңа президенті Соуза Синтра сербиялық маманмен арадағы келісімшартты бұзды. Синтраның айтуынша, бас жаттықтырушымен 10 күннің ішінде келісімшартын бұзуының басты себебі – Михайлович команданың алдағы маусымның жоспарына енбегені.

Клуб президенті апта соңына дейін команданың жаңа бас бапкерінің есімін жариялайтынын мәлімдеген.

Кездесу уақыты жарияланды

Америкалық BoxingScene басылымының жазуынша ауыр сал­мақтағы WBA/IBF/WBO белбеуінің иегері британиялық Энтони Джошуа (21-0, 20 КО) мен WBA белдігінен үміткер ре­­сей­лік Александр Поветкин (34-1, 24 КО) арасын­да­ғы жек­пе-жек 22 қыркүйекте Британияда өтеді деп жос­пар­лан­ған.

Бұған дейін WBA Джошуаның командасын 24 сағаттың ішінде Поветкинмен жекпе-жек өткізуге міндеттеген болса, Энтонидің промоутері Эдди Херн өзінің бір сұхбатында Александрмен келісімге келуге жақынбыз деп мәлімдеген еді. «Егер бәрі жоспар бойынша өтетін болса, Джошуа-Поветкин жекпе-жегін қыркүйек айында өткіземіз. Бұл айқастан соң Уайлдермен кездесеміз, егер ол келісімшартқа қол қойса», дейді Эдди.

Айта кетейік, егер Джошуа-Поветкин жекпе-жегі ұйымдас­тырылатын болса, бұл айқас АҚШ-та тұңғыш рет DAZN жүйесі арқылы тікелей эфирде ұсынылмақ. 

«Милан» Еурокубоктан шеттетілді 

Италияның «Милан» клубы қаржылай Fair Play ережесіне бағынбағаны үшін УЕФА тарапынан жазаға тартылды. 

УЕФА ресми сайтының таратқан мәліметіне қарағанда, «россонерилер» алдағы екі жыл көлемінде Еурокубок бәсекелерінен шеттетілді. Осы мәселеге орай, «Милан» командасы бір күн өткен соң сотқа апелляциялық шағым берген. Команда басшыларының айтуынша, апелляциядан кейін УЕФА жаза мерзімін екі жылдан бір жылға дейін шегеруіне үміт білдіруде.

Айта кетейік, Италия «А» сериясының өткен маусымында «Милан» командасы алтыншы орын иеленіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алған болатын. Енді бұл жолдама «Фиорентина» командасына беріледі.

Дайындаған 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»