Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Қостанайда «жастар белсенділерінің мектебін» қалпына келтіру ұсынылды

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі көшпелі кеңестің Ұзынкөл ауданында отырысы өтті. Аудандық, қалалық жастар ісі және мәдениет бөлімдерінің басшылары, Жастар резерві орталықтарының жетекшілері қатысқан көшпелі кеңес отырысында «Қазіргі қазақстандық жастар құндылықтарының орнығуы және қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы шеңберінде олардың қалыптасуының түйінді аспектілері» және «Жастардың мәдени бос уақытын өткізу қызметтерін ұйымдастыру туралы» мәселелер төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қатысты. Жастар ісі саясаты басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов облыс  өңірінде жүзеге асқан істер туралы айтып берді.

Қостанайда «жастар белсенділерінің мектебін» қалпына келтіру ұсынылды

Жастар саясатында облыста жұмыс жүрмей жатқан жоқ. Бірақ Марат Жүндібаев жастар арасында белсенділіктің, көшбасшылықтың төмендеп кеткенін айтты. Әр ауылда, әр ауданда  жастар соңынан еретін көшбасшылар болуы тиіс.

«Жастар ісіне бюджеттен аз қаржы бөлінбейді. Түрлі шаралар өтеді, бірақ оларда айтылған мәселелер  төменнен көтерілмейді,  әйтеуір өткізу кеерк болған соң өтіп жатады. Көздері жанып, бастама көтеретін жастар аз. Көшбасшылыққа лайық жаңа есімдерді іздемейміз, осыдан  бірнеше жылдар бұрынғы есімдер жыл да қайталанып аталып отырады. Жаңа көшбасшы жастарды тәрбиелеп, оларды халықаралық, республикалық форумдарға жіберіп, өзге елдер тәжірибесін үйретіп, пысыту, тәрбиелеу кемшін» деді Марат Қонысбайұлы.

Жастар саясаты ісінде өскен, бүгінде облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Қапенова бұрынғы «Жастар белсенділерінің мектебін» қайтадан қалпына келтіруді ұсынды.

«Қазір экономикалық-әлеуметттік салада кадрлар, мамандар қаншалықты жетпесе, жастар саясатында да тап сондай белсенді кадрларға деген кедейшілік білінеді. Бұрын облыста «жастар белсенділерінің мектебі» болатын, түрлі шаралар өткізіп, оларды баулып шығаратын. Бүгінде республикадағы министрліктерде, мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда қостанайлық кадрлар аз емес. Солардың барлығы да жас болған,  әлгі мектептің тәрбиесін көрген. Қазір кабинетте отырып, жастарды тәрбиелеу қате бағыт. Жастар жүрген жерде түрлі бастамалар көтеріліп, жобалар жасалып, қызықты істер қайнап жатуы тиіс» деді Гүлмира Қапенова.

Жастар ісі кеңесінің көшпелі отырысына қатысушылар үш секцияға бөлініп,  өзекті мәселелерді талқылады.

Нәзира Жәрімбет, 

«Егемен Қазақстан»

Қостанай