Парламент • 29 Маусым, 2018

Сенаторлар ЕКПА сессиясына қатысты

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

25-29 маусымда Страсбургте Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясының үшінші бөлігі болды. Оған Қазақстан Сенатының депутаттары Төлеубек Мұқашев, Сәуле Айтпаева және Сергей Плотников қатысты, деп хабарлады палатаның баспсөз қызметі. 

Сенаторлар ЕКПА сессиясына қатысты

Сессияның күн тәртібіне Еуропа Кеңесі елдеріндегі құқық қорғаушылар құқықтарын қамтамасыз ету және үкіметтік емес ұйымдар қызметін шектеу, босқындарға баспана беру туралы ұсынымдарды аймақтарда шұғыл қарастыру және қауіпсіз баспаналар қалыптастыру, көші-қон саясатындағы сыртқы мәселелердің адам құқықтарына әсері енді. Парламентшілер сондай-ақ Сириямен көрші мемлекеттердегі босқындардың гуманитарлық жағдайын, Еуропадағы мәжбүрлі некелесудегі өзекті мәселелерді және мәдени мұраны сақтау тақырыптарын да талқылады.

26 маусымда сенаторлар Еуропа сарайында Еуропа Одағы мен Еуропа Кеңесінің «Қазақстан әділ соты жүйесінің сапасы мен тиімділігін жақсартуда Қазақстан билігіне қолдау білдіру» бірлескен бағдарламасын іске асыруды аяқтау жөніндегі дөңгелек үстел отырысына қатысты. Шараға Әзербайжан, Грузия, Испания, Нидерланд, Швеция, Швейцария, Украина парламенттік делегацияларының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелге Қазақстан жағынан ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Жоғарғы соттың өкілдері қатысты.

Сессия аясында Қазақстан сенаторлары Әзербайжан және Швейцария делегацияларының басшылары С.Сеидов және Ф.Ломбардимен, Еуропа халықтық партиясы тобы төрағасының орынбасары Э.Зингериспен (Литва), Еуропа халықтық партиясы тобының депутаты, Молдова Парламенті төрағасының орынбасары В.Гилецкимен, Либералдар мен демократтар альянсінің депутаты Х.Шукламен (Испания) кездесті.