Қазақстан • 29 Маусым, 2018

«Egemen Qazaqstan» газеті жариялаған карикатура байқауының жеңімпаздары анықталды

912 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газеті жариялаған карикатура байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.   

«Egemen Qazaqstan» газеті жариялаған карикатура байқауының жеңімпаздары анықталды

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

«Астана айшықтары» тақырыбымен карикатура конкурсын өткізген едік. Шынын айту керек, біз бұған көп ойландық. Себебі, карикатураға байланысты  елімізде ірі конкурстар 20 жылдан аса уақыт бойы өтпеген екен. Ең  соңғы рет 1994 жылы өтіпті. «Нұр Отан» партиясы өткізетін жемқорлыққа байланысты  және басқа да шағын конкурстар бар. Бізде карикатураның жақсы мектебі бар. Сол мектептің өкілдері халықаралық үлкен конкурстардан жүлде алып жүр. Сондықтан біз осы игі дәстүрді қайта  жаңғыртсақ деп ойладық», - деді «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Газет басшысының айтуынша, карикатураны сын деп қабылдайтындар да бар. Солардың тарапынан Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында сынағанымыз қалай болар екен деушілер де табылған.

«Бірақ, біз оған батыл бардық. Себебі карикатура тек қана бір жақты сын емес. Ол үлкен өнер, астарлы сөз, тапқыр шешім, ұтымды ой, сарапта мен сынның тоғысы. Кейде карикатураның үлкен мақаланың, кітаптың жүгін арқалап тұратын тұстары болады. Үлкен өркениетті елдерде қазір баспасөз карикатурасыз шықпайды. Бұл - баспасөздің үлкен бір бөлшегі, ірі саласы. Сондықта бұл саланы да жандандырғымыз келеді», - деді Дархан Қыдырәлі.

Конкурсқа еліміздің түпкір-түпкірінен 20-дан астам үміткерден 30-дан аса жұмыс келіп түскен. Ал комиссия шешімімен бірінші орын алматылық Ғалым Смағұлұлына берілді. Өскемендік Мерей Қайнарұлы - екінші, ал ақтөбелік Қайрат Балтабайұлы үшінші орын алды. Сонымен қатар тараздық Альмира Омароваға ынталандыру сыйлығы берілді.