Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Қостанайда Кенжеғали Сағадиевтің құрметіне халықаралық конференция өтті

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі экономист ғалым, академик Кенжеғали Сағадиевтың  80 жасқа толған мерейтойы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде  «Цифрлық экономика – аналитикалық көзқарас» атты халықаралық ғылыми-териялық конференция форматында аталып өтті. Оған қоғам қайраткерлері, ҚР Ұлттық академия президенті Мұрат Жұрынов, алыс және жақын шет елдердің мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарының өкілдері, Қостанай облысы жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Қостанайда Кенжеғали Сағадиевтің құрметіне халықаралық конференция өтті

Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жерлес академикті мерейжасымен құттықтады. Оның ғылымдағы, қоғамдық жұмыстардағы еңбектерін, азаматтығын атап өтті.

«Кенжеғали Әбенұлы Елбасының сенімді меріктерінің бірі ретінде  Тәуелсіз елдің экономикасын құруға атсалысып келеді. Парламент депутаты болып жүргенде  бірқатар басты мәселердің шешімін табуына қатысты. Әсіресе, оның Орталық-Батыс тас жолын салу туралы бастамасы қолдау тауып, бес өңірдің  экономикалық-әлеуметтік мәселесін шешуге мұрындық болды. Кенжеғали аға кіндік қаны тамған Қостанай облысына ылғи ат басын бұрып, көптеген істерге араласып жүреді.  Туған жеріндегі бірнеше мектептің құрысына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға  қатысты. Аманкелді ауданында 3 мектеп, Жангелдин ауданында 2 мектептің құрылысының жүруін қаржыландырды, өзі оқыған Әулиекөл мектебіне мультимедиялық кабинетті сыйға тартты. Туған жеріндегі жастарға стипендия тағайындап, олардың жоғары білім алуына  жағдай жасап отырды. Олардың алды қазір қызметтерге араласты. Ғалымның азаматтық тұлғасын Қостанай өңірінде жүргізген істерінен анық көреміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әулиекөл селосында А.Байтұрсыновқа ескерткіш орнатылды. Оның ашылуына өзі қатысып, өзінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Өткен жылы ғалымның ықпалымен қор құрылып, қаржы жинап, Шақшақ Жәнібекке еңселі ескерткіш орнатылды» деді Архимед Бегежанұлы. Академикті ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, жазушы Жабал Ерғалиев, Австрия зияткерлік интеграция институтынан келген  Доктор Оскар, тағы басқалар құттықтады. Университет ректоры Хұсейін Валеев мерейжас иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Мерейтойға арналған ғылыми-теориялық конференцияда ғалымның Кембриджден ағылшын тілінде жарық көрген  «Қазақстандағы реформалар: аналитикалық көзқарас» атты кітабының тұсаукесері өтті.  Мұнан кейін Кенжеғали Сағадиевтың өзі  сөз сөйлеп, Тәуелсіз Қазақстандағы экономиканың дамуы, тығырықтан шыққан жылдар туралы айтып берді. Конференцияға Асвтриядан, Ресейден келген ғалымдар  цифрландыру, интеграция туралы пікірлерін ортаға салды.  Осы басқосуға жиналған ғалымдар мен оқытушылар екі секцияға бөлініп,  ел экономикасындағы цифрлық және ақпараттық-телеукоммуникациялық технологиялар және агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі жөніндегі мәселелерді талдады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

                            Суретті түсірген Асылан Қанхожин