Үкімет • 02 Шілде, 2018

Министр Мәдина Әбілқасымова халық алдында есеп берді

487 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова халық алдында есеп берді. Кездесуді ашқан ведомство басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысының үш бағытқа негізделгенін атап өтті. Бұл – халықты әлеуметтік қамсыздандыруды және қорғауды жаңғырту, нәтижелі жұмыспен қамту, халықтың кірістерін және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу жұмыстары. Министр 2017 жылы халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жан-жақты қолдау көрсетілгенін атап өтті.

Министр Мәдина Әбілқасымова халық алдында есеп берді

«Жалпы есептік кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9% болды. Бұл тәуелсіздік алған жылдардағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Халықты әлеуметтік қолдау шараларымен 3,5 млн-нан астам адам қамтылды. 2017 жылы қазақстандықтар зейнетақысының көлемі екі есеге өсті, ана мен баланы қолдау жөніндегі шаралар кеңейтілді, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізілді, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бар», деді М.Әбілқасымова.

Бүгінде кедергісіз ортаны қалып­тас­тыру үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді әлеуметтік маңызы бар нысандардың үлесі 91%-ға жетті, соның ішінде 5 мыңнан астам нысан бейімделген. Министр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы халықты жұмыспен қамту және халықтың табысын арттырудың маңызды құралы екендігін атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша 576 мың азамат жұмыспен қамтылып, 450 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы айтқан ведомство басшысы «Атамекен» ҰҚП-мен бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасының аясында микрокредиттеудің жаңа форматына және кәсіпкерлік негіздерін оқытудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Жалпы, былтыр 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бұдан бөлек, 7,2 мың адам шағын несие алып, олардың 4 мыңнан астамы start-up жобаларға бағытталды.

Мемлекет басшысының бес әлеумет­тік бастамасын орындау мақсатында 2018 жылы микрокредит беруге қосымша 20 млрд теңге бөлініп, жалпы бюджет көлемінің 62 млрд теңгесін құрап отыр. Осылайша өзінің жеке ісін ашқысы келе­тін 14 мың адам шағын несиемен қамтыла­ды. Бағдарламаның белді шаралары­ның бірі – жастар тәжірибесі. Бұл жастар үшін бастапқы тәжірибе мен жұмыс табуға мүмкіндік береді. 2017 жылы жастар тәжірибесінен 26 мың адам өтіп, 12 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылды. Еңбек ұтқырлығын ынталандыру үшін жұмыс күші мол аймақ тұрғындары солтүстік өңірлерге көшіріліп, 1565 отбасы қоныс аударды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда 8 есеге артты. Көшіп барған отба­сылар үшін адам басына 84 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көр­сетілді, тұрғын үй жалдау мен ком­мунал­дық төлемдерге 35 мың теңгеден 72 мың теңгеге дейін ай сайынғы субсидия берілді.

Есеп беру жиынында еңбек және көші-қон мәселелері де айтылды. Ми­нистр­ліктің қабылдаған шараларының нәти­жесінде 2017 жылы 3 млрд теңге көлеміндегі берешек өтеліп, 25 мың жұмысшының құқығы қорғалды. 2017 жылы қол жеткізген осы оң нәтижелі істің барлығы 2018 жылы халықтың әлеуметтік қорғаулуы мен азаматтардың өмір сапасын одан әрі арттыруға негіз болады. Осылайша 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40%-дан 50%-ға дейін көтерілді. Бұл төлемдердің орташа мөлшерін 2 есе арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ биыл жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіліп, аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жұмысқа орналасуына айтарлықтай көмек болуда. Биылдың алғашқы 5 айында шамамен 72 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. АӘК алған еңбекке қабілеті бар азаматтардың 70%-ы жұмысқа орна­ласуға жәрдемдесу шараларымен қам­тылып, олардың 22 мыңы тұрақты жұмыс орындарында орналасты.

Сондай-ақ министр 1 шілдеден бастап зейнеткерлер жаңа мөлшерде базалық зейнетақы алатындығына назар аударды.

«Мұнда 2 млн-нан астам зейнеткердің зейнетақысы қайта есептелді. Олардың ішінде 1 млн-ға жуық адам жоғарғы мөл­шерде базалық зейнетақы алатын бола­ды, ал 930 мың адам үшін зейнетақы мөл­шері 37% -дан 81% -ға дейін өседі» деді министр.

Биыл ана мен баланы қолдау шараларына шамамен 275 млрд теңге бөлініп, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артады. 2018 жылы ерекше қажет­тілігі бар адамдарға әлеуметтік қол­дау шаралары кеңейтілетінін атап өткен жөн. 1 шілдеден бастап бала кезінен І топ­тағы ересек мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі. Бұл 14 мың отбасына айына шамамен 30 мың теңге ақшалай көмек алуға мүмкіндік береді.

Азаматтардың нәтижелі жұмысқа орналасуына және тұрақты табыс табуына арналған интернет-портал негізін­де жұмыс істейтін Электронды еңбек биржасының enbek.kz онлайн-платформасы құрылды. Онда жұмыс іздеу және жұмысқа қабылдау тетіктері көрсетілген. Бүгінде бұл интернет-порталда 42 мыңнан астам бос жұмыс орны, 85 мыңнан астам түйіндеме және 48 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген. Жұмыспен қамту шаралары кезінде еңбеккерлерді ресімдеу мәселесіне тоқталған министр, бүгінде 800 мың адамның мәртебесі анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа құқықтық режім – бірыңғай жиынтық төлемінің (БЖТ) әзірленгендігі айтылды. Мұны төлейтіндер үшін салық және әлеуметтік төлемдердің төменгі мөлшерлемелері анықталды. Сондай-ақ төлем жасағандар міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтама­сыз ету жүйелеріне қатысуға мүмкіндік алады. Ведомствоның қазіргі бағыты – әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру. Бұл ретте министрлік жыл соңына дейін азаматтарға мемлекеттік органдарға, оның ішінде мүгедектер үшін өтініш бер­мей-ақ белсенді қызметтерді жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде мүге­дек­тікке қатысты 8 қызмет белсенді режімге көшеді. Жұмыспен қамту үдерісі элект­ронды форматқа ауыстырылады. Бұл жұмыс іздеуден бастап электронды ең­бек кітапшаларын енгізуге дейін қамтиды.

Кездесуде өңірлерден де бейнеконференция арқылы және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің веб-сай­тын­да онлайн-форумда сұрақ­тар қо­йыл­ды. Базалық зейнет­ақыны қайта есеп­теу, бала кезінен І топ мүгедектігі бар адам­­­ның күтушісіне жәрдемақы төлеу, мү­ге­­­дек­тер қоғамдық бірлестіктерінің мем­ле­­кет­тік сатып алу рәсіміне қаты­суы, бір­­ың­ғай жиынтық төлем­ді енгізу, со­н­дай-ақ жұмыспен қамту мәселе­лері және жұ­­мысқа орна­ласуға жәрдем­десуге бағыт­­тал­ған белсен­­ді шаралар, аза­мат­тар­дың еңбек құқық­тар­ы­ның қорғалуы жиын­­­да жолданған негізгі сауалдар болды. Соңында Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министрі жиын­ға келген­дерді елорданың алдағы 20 жыл­дық ме­рей­то­йымен құттықтап, министр­лік­тің рефор­­маларының әр қазақстан­дыққа қатысы барлығын және барлық отба­сы мен экономиканың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеруге бағытталатынын атап өтті.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»