Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков Халықаралық Түркі академиясының басшысын қабылдады

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлімен кездесті, деп хабарлайды president.kg.

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков Халықаралық Түркі академиясының басшысын қабылдады

Кездесуде С.Жээнбеков Түркі академиясы күллі түркі тілді елдердің рухани мұрасын, мәдениетін зерттеуде үлкен жұмыс жасап жатқанына тоқталып, ұйымның қызметіне жоғары баға берді.

«Қырғыз халқының рухани мұрасын зерттеп, оны түркі әлеміне танытудағы жұмыстарыңыз қатты қуантты. «Манас» эпосы, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов шығармалары сияқты мықты әдеби туындыларды ортақ түркі мәдениетінің қазынасына қосып, жариялап жатқандарыңыз түркі тілді елдердің жақындасуына, рухани байланысына өзгеше әсер етеді», деді Қырғыз президенті.

Сондай-ақ С.Жээнбеков соңғы екі жыл ішінде Түркі академиясында қырғыз әдебиеті мен фольклорына, мәдениетіне арналған 20-дан астам еңбек жарық көргенін ерекше атап өтті.

«Түркі академиясы сіздің жетекшілігіңізбен түркі тілдес елдер арасына рухани көпір салып, бір туғандығымызды, түпкі мәдениетімізді, салт-санамызды, мәдени қарым-қатынасымызды шыңдайды деген сенімдемін», деді Қырғыз мемлекетінің басшысы.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Шыңғыс Айтматов жылына орай Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде, Астана, Бішкек, Ташкент шараларында ұлы жазушыға арналған конференциялар өтіп, кітаптар шығарылғанын, «Манас» эпосы, қырғыздың мәдениеті мен тарихына қатысты іс-шаралар жүріп жатқанын айтты.

«Түркі академиясы халықаралық ұйым ретінде барлық іс-шараларға қатысып, оның ішінде Қырғыз елінде де өтіп жатқан мәдени-рухани ортақ шараларға өз үлесін қосуда. Біздің мақсат – түркі дүниесінің ғылыми байланыстарын нығайту», деді Д.Қыдырәлі.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі және Түркі академиясының өкілі, профессор Қадырәлі Қоңқабаев араб тілінде жазылған «Манас» эпосының түрлі нұсқадағы қолжазба кітабымен таныстырды.

Қ.Қоңқабаевтың айтуынша 1286 беттік бұл қолжазба 1896 жылдан 1983 жылға дейін Шу аңғарында өмір сүрген Медер Мергенбаев ақсақалдың еңбегі. Мұның 16 беті Тыныбек манасшыға, 34 беті Саякбай Каралаевке, ал 108 беті Тоголок Молдаға тиесілі. «Қолжазбаның қалған беттерінде Медер Мергенбаев ақсақалдың Сағынбай Орозбаковтың өз аузынан жазып алған нұсқасы бар. Бұл қолжазба Сағынбай Орозбаковтың нұсқасындағы кітаппен салыстырылып, ғылыми пікірлермен қоса баспаға дайындалып жатыр», деді Қ.Қоңқабаев.

Академия басшысы президент Сооронбай Жээнбековке Алтайдың 3000 метр биіктігінен табылып, жаңартылған қыл қобызды сыйға тартты.  

С.Жээнбеков ризашылығын білдіріп, қолжазбаны басып шығаруға көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ қыл қобызды Бішкектегі Тарих музейіне табыстайтынын айтты.