Бокс • 04 Шілде, 2018

Рекорд бұзыла ма?

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпқой рингте небары үш кездесу өткізіп, әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізген екі боксшы ғана бар. Олар – Саенсак Муангсурин пен Василий Ломаченко. Таиландтың тарланбозы бұл атаққа 1975 жылы қол жеткізсе, Украинаның саңлағы 2014 жылы сол межеден көрінді.

Рекорд бұзыла ма?

Жоғарыда есімдері аталған қос саңлақтың рекордын бұзуға Люй Биннің тамаша мүмкіндігі бар. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін 23 жастағы Қытай боксшысы 15-шілдеде Малайзияда өтетін жекпе-жекте Карлос Канисалесті ұтуға тиіс. Бірден айта кетейік, бұл оңай шаруа емес. Себебі, бүгінгі таңда Венесуэла өкілінің даңқы дүркіреп тұр. Осы күнге дейін 20 кездесу өткізген ол 19 рет жеңіс тойын тойлады. 16 қарсыласын нокаутпен жеңді. Қазіргі кезде 25 жастағы Карлос WBA нұсқасы бойынша бірінші аса жеңіл салмақтың алтын белбеуін иеленіп отыр. 

Ал Люй Бинді біз әуесқой рингте жүрген кезінен жақсы білеміз. 49 кило салмақта жұдырықтасқан ол Қытайдың екі дүркін чемпионы және екі дүркін жүлдегері атанды. 2013 жылы Аммандағы Азия біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді. Сол жылы Алматыда жалауы желбірген әлем чемпионатында күш сынасып, екінші айналымда жеңіліс тапты. Сондай-ақ, Бин 2014 жылғы Азия ойындары мен 2016 жылғы Олимпия ойындарына қатысқанымен, бастапқы кезеңдерде сүрінді. Дүниежүзілік бокс сериясы додасына қатысып, екі бәсеке өткізді. 

Былтырғы жылдың жазында Люй Бин кәсіпқой рингте жұыдырықтасуды кұп көрді. Өз елінде өткен тұсаукесер кездесуінде таиландтық Ваньчай Ниангхансаны үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Міне, енді ол Карлос Канисалеспен айқасқалы отыр. Егер Куала-Лумпурдегі айқаста қытай жігіті ұтатын болса, онда спорт сүйер қауым кәсіпқой бокстағы тағы бір рекордтың куәсі болмақ.                 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»