Биылғы байрақты бәсекеге Еуропа, Азия, Африка құрлығында орналасқан 10 елдің ең үздік атлеттері қатысты. Атап айтар болсақ, Қазақстан, Грузия, Иран, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Сирия, Түрікменстан мен Кениядан 300-ге жуық спортшы қашықтыққа жүгіру, секіру, ядро лақтыру, лақтыру (найза, диск, балға) сайыстарынан бақ сынады.
Жарыстың алғашқы күніндегі 100 метрге жүгіруден қыздар арасындағы сайыста еліміздің қазіргі таңдағы үздік спринтері Виктория Зябкина чемпион атанса, 400 метрге жүгіруден Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Элина Михина жеңіске жетті. Ал 1500 метрдегі сайыста Altay athletics клубының кениялық атлеті Каролин Кипкируи ешкімге мүмкіндік қалдырған жоқ. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Әйгерім Шыназбекова топ жарса, ерлер арасындағы бәсекеде 2018 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Давид Ефремов жеңіске жетті.
400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден ерлер арасында Дмитрий Коблов, әйелдер арасында Светлана Кузнецова алтын жүлдені иеленді. Ядро лақтырудан ерлер арасында Иван Иванов (19.21 метр), қыздардан грузиялық Софико Чатиришвили топ жарды (14.84). Секіру сайыстарында да қазақстандық атлеттер ешкімге дес берген жоқ. Алдымен биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая жарыс жеңімпазы атанса, сырықпен секіруде Анастасия Ермакова, ұзындыққа секіруден Екатерина Эктова бас жүлдені еншіледі. Рим Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген Ғұсман Қосановтың өзі жүгірген 100 метрдің алтын жүлдесі бұл жолы шетелдік спортшының еншісінде кетті. Ираннан келген Реза Хасейми жеңіп алды. Ол сондай-ақ осы сайыс түріне тігілген 1000 АҚШ долларына ие болды.
Екінші жарыс күнінде ерлер арасында 400 метрге жүгіруден Михаил Литвин чемпион атанды. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы жеңіске жетіп қана қоймай, Қазақстанның рекордын жаңартты. 22 жастағы атлет 400 метрді 45.50 секундта жүгіріп өтті. 200 метрге жүгіруден ерлер арасындағы сайыста Владислав Григорьев пен қыздар арасындағы бәсекеде Виктория Зябкина қатарынан екінші жыл Ғұсман Қосанов Мемориалы жарысында жеңіске жетті. 800 метрге жүгіруден ерлер арасында Владислав Григорьев, әйелдер арасында Маргарита Мұқашева топ жарды.
Сондай-ақ 5000 метрге жүгіруден Дмитрий Иванчуков, Гүлшаной Сатарова, үш қарғып секіруден жас спортшылардың бірі Ирина Эктова чемпион атанды. Диск лақтыру бәсекесінде Мария Телушкина мен Александр Мамонтов, балға лақтыру сайысында Диана Нүсіпбекова мен Мерген Маммедов (Түрікменстан), найза лақтыру бойынша Самобар Эркинова (Өзбекстан) мен Аким Дементьев (Өзбекстан) жарыс жеңімпазы атанды.
100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан Қазақстанның ерлер және қыздар құрамасына лайықты қарсылас табылмады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»