Аймақтар • 06 Шілде, 2018

Алматыда «Астана – Тәуел­сіздік­тің жемісі» атты тари­хи-деректі көрме өтті

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана – Тәуел­сіздік­тің жемісі» атты тари­хи-деректі көрме жә­не дөңгелек үстел отырысы ұйым­дас­ты­рылды. Айту­лы ша­раның өтуіне Қазақ­стан Республикасы Пре­зи­ден­тінің Архиві мен осы ша­һар­да орналасқан ұлттық-мәдени бірлестіктер мұрын­дық болды. 

Алматыда «Астана – Тәуел­сіздік­тің жемісі» атты тари­хи-деректі көрме өтті

Қазақстан Республикасы Прези­денті Архивінің директоры, техника ғылымдарының док­то­ры, профессор Борис Жапа­ровтың алғы сөзімен ашылған шара барысында көпшілік назарына тарихи-құжаттық көрме мен деректі фильм ұсынылды. Сол көріністер арқылы тарихи шешімнің қалай қабылданғаны, ұлы көштің басталуы, ел аста­насының алғашқы кезеңдегі ты­ныс-тіршілігі, Ақмоланың Ас­та­наға айналуы және басқа да құнды деректерге қанық болдық. 

– 1997 жылдың 20 қаза­нын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмоланы Қазақстан Респуб­ликасының астанасы деп жариялады. Сол жылдың 25 қазанында еліміздің мемлекеттік рәміздері Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылдың 6 мамырында Президенттің Жарлығымен Ақ­мола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Бірте-бірте үкі­мет­тік ұйымдар мен басқа да меке­мелер Арқа төсіне қоныс аударып, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіле бастады. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзім аралығында зәулім ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтеріп, жаңа астанамыз керемет кейіпке енді. Тұрғындар саны күрт өсті. Орасан зор маңызы бар саяси, экономикалық, әлеумет­тік-мәдени іс шаралар мен форумдардың жиі ұйым­дас­тырылуының арқасында әлем­дік қоғамдастық алдында Астананың беделі мен таны­малдығы артты. Бұл күндері рес­пуб­ликамыздың бас қаласы адам танымастай болып өзгерді. Оған барша жұрт куә. 1999 жылы ЮНЕСКО ұйымы Астанаға «Әлем қаласы» мәртебесін берді. Осының барлығы да Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл идея­сы мен көрегендігі және сындарлы саясатының арқасында жүзеге асты, – дейді Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Архивінің директоры. 

Алматыда ұйымдастырылған осы іс-шараға мемлекет және қоғам қай­раткерлері, Архив жа­нындағы қоғам­дық кеңес мүшелері және архив ісі­нің ар­дагерлері мен қызметкерлері қатысты. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ