Кино • 06 Шілде, 2018

Ұлтының ерекшелігін ескергендер ұтады

591 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХІV халықаралық «Еуразия» кинофестиваліндегі маңызды шаралардың бірі арнайы шақырылған атақты режиссерлермен ұйымдастырылған кездесулер екенін атап өту керек.   

Ұлтының ерекшелігін ескергендер ұтады

Фестивальдің ең басты қо­нақтарының бірі серб режиссері, актер және музыкант Эмир Кус­турицаның «Ұзақ құс жолымен» фильмінің тұсаукесеріне жиналғандар танымал тұлғаның жеке өмірінен де көп мәлімет алды. Ата-бабасы христиандық сенімді ұстағанымен, ата-анасы мұсылмандықты қабылдаған Эмир жастайынан өнерге бейім болып өседі. Танымалдылыққа қол жеткізгеннен кейін тоғыз жыл кинодан тысқары өмір сүріп, тек музыкамен ғана айна­лысқан. Астанаға алғаш рет келіп тұрған ол әуежайдан түскен соң-ақ жас қаланың келбе­ті­нен көз ала алмағанын айтады. Екі күннің ішінде көп нәр­се­ні көріп үлгергенін, жас қала­ның ғимараттары, стилі, жалпы ин­­фрақұрылымына қызық­қа­нын жеткізді. «Тамаша адамдар тұратын таңғажайып қалаға ұқ­сат­тым. Сіздердің Прези­дент­те­ріңіз 20 жылда үлкен әрі әдемі ме­гаполис салып үлгеріпті» дейді ол. 

Эмирдің ендігі ойы – жазушы Шыңғыс Айтматов шығармасының желісі бойынша Қазақстанда фильм түсіру. Өйткені Ш.Айтматов оның ең сүйікті жазушыларының бірі. Оның ойынша, бүгінгі фильм­дердің 90 пайызы сапасыз. Ке­шегі жанрлардың ішінде жаны сірілігін танытып бүгінгі күнге аман жеткені – реализм мен фантастика ғана. Тренд болса да, кино түсіру – өте қиын. Егер оның идеясы мықты болса, бұл тіпті қиын. Мысалы, «Ұзақ құс жолымен» фильмінің идеясы Н.Михалковтың соғыс туралы айтқан әңгімесінен, екінші соңы қасіретпен аяқталған Сербиядағы үйлену тойынан, үшінші еркін­діктің символы қыран бүркіт феноменінен, осы үш мысал арқылы дүниеге келген. Соғыс, саясат туғызған шиеленістер туралы оқиғаларды өзек ете отырып әртүрлі жанрдағы бірнеше картина түсірген Э.Кустурица қазақстандық көрермендерге ұсынып отырған бұл фильмінде соғысты ертегі сияқты етіп көр­се­теді. Иә, атышулы режис­серлердің қалыптасқан, қасаң стерео­типтердің бәрінен қашып, жа­ңалық әкелгісі келетін ізде­нісінің кустурицалық дәлелі осы – соғыс туралы ертегі. Тыңнан табылған ерекше формамен тү­сірілген фильмнің екінші на­зар аударар тұсы, ең сұлу, сұра­нысқа ие итальян актрисасы Моника Белуччиді басты рөлде ойнату арқылы Кустурица туындысының салмағын арттыра түскен. Кездесу спикері Кустурицаға: «Фильмді қалай оты­рып көру керек?» деді, «бар­лық фильмді ізгі ниетпен, жан-жүрегіңнен өткізіп, елітіп отыру көру керек. Бастысы, попкорн жемей, кока-кола ішпей отырып көру керек» деп жауап берді. 

Қытай ұлы поэзияның, ұлы тарихтың, ұлы экономиканың ғана отаны емес, ұлы кино­ның да орталығына айналып келе жатқанын фестиваль қонағы болып келген Ван Сяошуай­дің бір ғана фильмі дәлелдегендей болды. Ванның өзі Қытай киносының «алтын ғасырындағы» алтыншы буын­ның белді өкілінің бірі. Қытайдың өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, оның қуат­ты ел екенін өнер тілімен тағы бір еске салып қою көр­ші ел ре­жис­­серлерінің асыл мұра­тына ай­налғанын таныдық. 

Бір таңғаларлығы, қытайдың бүгінгі заманауи киносының ең танымал тұлғасы, «Еуразия» кинофестиваліндегі қазылар алқасының мүшесі Ван Сяошуай ұсынып отырған «Шанхай арманы» фильмінің де саяси бояуы қалың, коммунистік идеология билігіндегі Қытай елінің 1960 жылдардағы қатал шындығын режиссер 19 жастағы бойжеткен қыздың өмірі арқылы бүкпесіз көрсетеді. Ұзақ дайындықпен дүниеге келген туынды екенін түсіну қиын емес. Жүргізуші бұл фильмді «бүгінгі қытай киносы қаймағының қаймағы» деп бағалады. Фильм ностальгияға толы, экраннан тараған жылылық әр адамның жастық шағына, балалық кезеңіне жетелейді. Қытай режиссері жеке адам мен қоғам арасындағы қарама-қарсылықты, дәлірек айтқанда, адамның қоғамға қарсылығын әлеуметтік қайшылықтар арқы­лы ашады. Тіпті қарапайым қытай тұрғынының басқа қалаға қоныс аудармақ түгілі өз­дігінен басқа үйге де көше алмайтын еріксіздігін, шамыр­қанғанын, мұң-наласын сыртқа білдіруге құқығы жоқ жандардың ішкі қайшылығын көрсете отырып, «осындай қарсылық қайтсе шешіледі?» деген ойды білдіргісі келетінін байқау қиынға соқ­пайды. Режиссердің жеке тұл­ғаны құрметтеуге шақырып тұрған азаматтық ұстанымын бай­­қамау, бағаламау мүмкін емес. Сон­дық­тан болар, әлеуметтік қиын­дықтың қатпарын тереңінен көр­сетуді режиссерлік мұратына айнал­дырған Сяуошайдың талантын кино саласындағы мамандар ғана емес, әлемдік саясаткерлер де жоғары бағалайды екен. 

Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА