Жеңіл атлетика • 08 Шілде, 2018

Атырауда алғаш рет өткен түнгі жүгіру марафонына 2000-ға жуық адам қатысты

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жүгіру Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп xабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда алғаш рет өткен түнгі жүгіру марафонына 2000-ға жуық адам қатысты

Түнгі марафонның жалпы қашықтығы 5 шақырым. Қатысушылар Мұз сарайы жанынан жүгіруді бастап, орталық көпір арқылы облыстық әкімдікке дейінгі жолды жүгіріп өтті.

«Атырау қаласында марафон жылына бір рет өткізіледі. Ал түнгі марафонды алғаш рет қаланың тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырдық. Бұл жастардың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта балалар арасында және күзгі марафон өткізу жоспарда бар», - дейді «Atyrau Marathone-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.

Мәреге алғаш болып  Базарбай Дауталиев келіп, жеңімпаз медалін мойнына тақты.

Барлық қатысушыларға жарыс алдында неон білезіктер, ал мәреге жеткен соң естелік медальдар берілді. Сондай-ақ, марафонның жүгірушілері спорттық костюмдерін мерекенің жалпы атмосферасын көрсеткен жарқын элементтермен, неон шамдармен безендірді.

Алғаш келген үздік 10 қатысушыға ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Енді атыраулықтар күзгі марафонға дайындалады.