Ұлттық спорт • 09 Шілде, 2018

Астана тойындағы аламан

621 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елорда тойында ерекше думанға бөлен­ген жерлердің бірі қала сыртындағы «Қазанат» атшабары болды. Астананың 20 жылдық мерейтойына 20 миллион теңге жүлде тағайындаған айтулы бәйгені көруге асыққан жылқы жанды көрермен бәйге басталмай-ақ атшабарды лық толтырып тастапты.

Астана тойындағы аламан

Сонымен дүбірлі бәйгенің алдында 29 маусымда басталып, ақтық сайысын 6 шілдеге орайластырған көкпардың финалдық жекпе-жегі ұйым­дастырылды. Бәсе­ке 15 ко­ман­­дадан финал­дық кездесу­ге жолдама алған Жам­был­ облысының «Әулие ата», Түр­кіс­тан облы­сының «Құ­ла­­гер»,­ Маң­ғыс­таудың «Адай ата» және Қы­зыл­орда облы­сы­ның «Сейхун» командала­ры арасында өтті. Нәти­же­сінде, «Сейхунды» жең­ген Маң­­­­ғыстау көкпар­шы­лары III орын­ға табан ті­ресе, неше жылдан бері чем­пиондықты бермей келе жат­қан Жамбыл облысы II орынды қанағат тұтты. Сөйтіп жа­қында ғана мәртебесі өскен Түркістан облысының командасы жеңімпаз атанып, мерейі үстеп, мейманасы тасыды.

Қазақ үшін қашанда бәйге­нің орны ерекше екенін тағат­сыздана күткен көрермен тағы да бір дәлелдеді. Бәйге 16 ша­­­­­қырымдық кіші аламан, 25­ шақырымдық үлкен аламан болып бөлінді. Ұйым­­дас­тырушылар алаң өл­шемін еске­ріп, әр өңірден екеу­ден ғана ат қатыс­тыр­ған бұл бәйгеге об­­­­лыс­­­­тағы таңдаулы, алдына қара сал­маған жүйріктер кел­­ген. Со­­нымен алғашқы 16 ша­қы­рымдық аламанға қатыс­қан 24 аттан мәреге 8 ат келді. Оның бесеуіне жүлде берілді.

Алматы облысының Талғар қаласынан келген үш жасар «Мұрагер» есімді көк құнан қара нөпір қалың елді шулатып бірінші келді. Жүйріктің иесі – Мерхат Бұлғынов, бапкері – Айдын Үтбаев. Ал шабандозы әйгілі жел тақым Ақжол Жұматай. Бірінші орынға 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлде берілді.

Екінші болып Қарағанды облысының «Лайт Энджл» ат­ты ағылшын тұқымды кү­рең дө­нені келді. Ат иесі – Ду­лат Бае­шов, ал бәйгеге жа­рат­қан бапкері – Шаризат Қаз­таев, шабандозы – Рахмен Әлі­шер. Олар 1 850 000 теңге көле­мін­дегі жүлдемен марапаттал­ды.

Арнұр Курванжан тақым­даған Астана қаласының «Ал­маты» есімді үш жасар ағыл­шын тұқымды жирені мәреге үшінші болып жетті. Бәйгеге жаратқан бапкері – Мақсат Төкенов болса, иесі – Қуаныш Әкімжанов. Үшінші жүлдегер 1 200 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.

Дамир Сүлейменов мінген Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауылынан келген «Созидан» есімді жирен қас­қа тізгінді төртінші болып ұс­татты. Ат иесі – Ерасыл Сү­­­лей­­менов болса, бапкері – Бе­кен Абақанов. Оларға 550 000 теңге табысталды.

Бесінші орын Батыс Қазақ­стан облысының Жаңақала ауда­нынан келген Серік Бек­қайы­ровтың «Роза» есімді үш жасар жүйрігіне бұйырды. Атты жаратқан бапкер – Мақ­сат Бек­­қайыров, шабандозы – Бекзат Сәдуақас.  Жүлде – 400 000 теңге.

Ендігі қызық 25 шақырым­дық бәйгеде. Елдің де делебесі әбден қозған. Алдынан шауып өткен жүйріктердің қайсысы бірінші келетінін болжам жасап, бәстесіп жатқандары да аз емес. Кімнің қандай ат­ты бел­гілеп отырғаны да көпші­лікке хабарланып, тақым қысқан жұрттың қарасы онан сайын молая берді. Сөйтіп үлкен аламан­ның жүлделі жүйріктері де анықталды.

Сағымдай жүйткіп, жұл­дыз­дай аққан Бекзат Сәдуа­қастың тақымындағы Батыс Қазақстан облысының Жаңа­қала ауданы­нан келген Серік Бекқайыровтың «Қаракөз» есімді үш жасар ағылшын тұқымды торысы басқаларынан озық келді. Атты жаратқан бапкер Мақсат Бекқайыров 6 600 000 теңге көлеміндегі жүлдені қан­­жығалады.

Екінші болып «Қаракөзге» шыл­быртастам ғана жетпей Ақ­жол Жұматай мінген «Бұй­ра­жал» атты Қарағанды облы­сының ағылшын тұқымды жирен қасқа бестісі келді. Ат иесі – Нұрлыбек Мұхамедияров, ал бәйгеге жаратқан бапкері – Бақтияр Құралбаев. Олар 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлдені ие­лен­ді.

Оразалы Жорабек тізгін­деген Алматы қаласының «Вер­­­ный» есімді ағылшын тұ­қым­­ды күрең бестісі үшін­ші бо­­лып жетті. Бәйгеге жа­ратқан бап­кері – Айдын Үт­баев.  Үшінші орынға 1 650 000 теңге көлеміндегі сыйақы берілді.Төртінші болып Ха­кимбек Қожа­қов мінген Жам­был облысынан келген «Сұң­қарторы» есімді ағылшын тұқымды торы құнан келді. Ат иесі – Диас Мырзахан болса, бапкері – Бақытбек Сыбанбаев. Бұл орынға 650 000 теңге көлеміндегі жүлде та­­ғайындалыпты.

Арнұр Курванжанның та­қы­­­мында ойнаған «Бақторы» есім­ді сәйгүлік бестікті түйін­деді. Астана қаласы атынан қатысқан ағылшын тұқымды торы бесті. Жүйріктің иесі – Қуаныш Әкімжанов, ал бапкері – Мақсат Төкенов. Бесінші орын жүлдесі – 500 000 теңге.

Сонымен сегіз күн бойы елор­дадағы «Қазанат» атшаба­рын дүбірге бөлеген Қазақ­станның чемпионаты осылайша аяқталды. Чемпионаттың жабылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Мәдениет және спорт министрлігінің жа­уапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Ұлттық спорт қауым­дастығының президенті Бек­болат Тілеухан, Қазақстан Жазу­шылар одағының төра­ғасы Ұлықбек Есдәулет қаты­сып, жеңімпаздарды марапаттады.

Астананың 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министр­лігі мен Астана қаласы әкімді­гінің қолдауымен өткен бұл бәйгенің үлкен аламанында бірінші келген хас жүйрік «Қаракөз» аламан бәйгеге тұң­­ғыш рет тігілген «Астана кубогын» еншілеп қайтты.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»