Қазақстандық делегация құрамына Сенат депутаттары Төлеубек Мұқашев, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Светлана Бычкова мен Құралай Қаракен енген болатын.
Берлин сессиясы «ЕҚЫҰ аясындағы міндеттемелерді орындау: парламенттер рөлі» тақырыбына арналды. 8 шілдедегі жалпы отырыс барысында тарихи Рейхстаг ғимаратында Ұйымға қатысушы мемлекеттердің мүшелері ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ұзаққа созылған теке-тірестер, Еуропадағы көші-қон шиеленістері, терроризммен күрес, әйелдер құқықтарын кеңейту мен олардың қақтығыстарды болдырмауға және оны шешуге қатысуы секілді әлем қоғамдастығы алдында тұрған қазіргі заман қатерлерін талқылады.
ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысушылар теке-тірестерді бейбіт шешу, мемлекеттердің егемендік теңдігі және олардың аумақтық тұтастығы, халықаралық құқық ережелерінің сақталуымен қатар Ұйымның қағидаларынан айнымайтынын нақтылады.