Үкімет • 11 Шілде, 2018

Үкімет отырысы. Экономикалық тұрақтылық – ілгерілеуге бастар жол

432 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы талқыланып, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.

Үкімет отырысы. Экономикалық тұрақтылық – ілгерілеуге бастар жол

Жарты жылдықтың қорытындысы нәтижелі

Еліміздің қаңтар-маусым ай­лар­ын­дағы әлеуметтік-эконо­ми­калық даму қорытындылары жайында баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еңбекақының қалыпты қар­қын­мен өсіп отырғандығын жет­кізді. Министрдің дерегін­ше, жоғары өндірістік белсен­ділік еңбек нарығының көрсет­кіш­теріне оң әсер етті. Жыл басы­нан бері 178,7 мың адам жұмыс­қа орналастырылған. Соңғы көр­сеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құрайды.

− Еңбекақы қалыпты қар­қын­мен өсуде. Үстіміздегі жылғы қаңтар-мамырда орташа айлық еңбекақы 152,8 мың теңгені құрап, 0,8 процентке өсті. Қаңтар-сәуірдегі нақты ақшалай кірістер 1,2 процентке артты, – деді Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ІЖӨ 4,1 процент құрады. Ал инфляция деңгейі соңғы үш жылда ең төмен болды, яғни жыл басынан бері  2,6 процент құраса, бұл ретте жылдық инфляция 5,9 процентті көрсетіп отыр.  Инфляцияның барлық компоненттері бойынша баға өсуінің бәсеңдеуі байқалады. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 25,8 процент болды. 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 0,9 процентке ұлғайып, 89,9 млрд АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордың активтері 1,5 процентке өсіп, 59,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өс­кен­баевтың айтуынша, аталған мерзімде елдегі өнеркәсіп өн­ді­рісінің көлемі 5,2 процентке өсіп отыр.

− Тау-кен өндіру өнеркәсібінде түсті металл кендерін өндіру көлемі 2,5 процентке, темір рудаларын өндіру 7,7 процентке артты. Өңдеу өнеркәсібінде ме­таллургия өнеркәсібінің үлесі 3,4 процентке оның ішінде қара металл 5 процентке, түсті металдарды өндіру 2,1 процентке артты. Сонымен қатар химия өнеркәсібінде – 11 процент, машина жасауда – 17,2, құрылыс металдарын өндіруде  – 2,2, жеңіл өнеркәсіпте 2,3 процентке өсім көрсетіп отыр, – деді вице-министр. Бұған қоса, тұрғын үй құрылысына 513,4 млрд теңге инвестиция салынып, биылғы жарты жылдықта 5,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл ретте, республика бойынша барлығы 49 667 тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 20 532-сі жеке үйлер.

Жиында сөз алған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылғы бірінші жарты жылдықта инфляция деңгейі 2,6 процент болғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда төмен.

− Жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 процентпен салыстырғанда маусымда 5,9 процентке дейін баяулады, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде бір айға же­те­тін жанар-жағармай қоры барын айтты. 

− Жылдың алғашқы жартысында отын-энергетика саласында оң динамика жалғасты. Мұнай және конденсат өндіру көлемі 45,2 млн тоннаны құрады. Яғни, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 проценттен аса өсім көрсетті. Оның ішінде үш ірі жоба бойынша мұнай өнді­ру көлемі 27 млн-нан астам тоннаны құрады. Қашағанда − 6,2 млн, Теңізде − 14,7 млн және Қарашығанақта 6,3 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экс­портының көлемі 36,5 млн тонна­ны құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шама­мен 6 процентке көп, – деді министр. Оның дерегінше, мұнай өңдеу көлемі 7,7 млн тоннаны құра­ған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5 процентке артық. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты 5,5 млн тоннаға жуық мұнай өнімдерін шығарып, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 процент өсім көрсетті. 

− Бірінші жарты жылдықта мұнай өнімдерінің ішкі нарығы тұрақты және жанар-жағар май тапшылығы болған жоқ. Қазіргі уақытқа дейін ішкі нарық қажет ететін жанар-жағармай қалдықтарының бір айлық қоры сақталуда. 9 шілдедегі жағдай бойынша 361  мың тонна бензин, 246 мың тонна дизель отыны бар, – деді Қ.Бозымбаев.

Жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кейбір өңірде мүлдем қолға алынбағанын сынады. 

− Біз соңғы айларда көп өңірлерге ескерту жасадық. Көріп отырмыз, жарты жылдың қорытындысы бойынша әсіресе соңғы айда үлкен өзгерістер болды. Соған қарамастан, мысалы, үй құрылысына келетін болсақ көп қабатты үйлерді пайдалануға беру Алматы облысында – 20, Атырау облысында – 45, Жамбыл облысында – 35, Түркістан облысында – 30, Алматы қаласында 56 процентті ғана құрайды. Қызылорда облысында бірде-бір үй жоқ. Жарты жыл өтті, сол 20-30 проценттің соңында жүрміз, – деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Премьер-Министр Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көтерілген студенттерді жатақханамен қамту тапсырмасын орындауда да кемшіліктер орын алып жатқанын баса айтты. 

− Қажетті қаржы берілген, жұмыстың барлығы атқарылды деп баяндап отырсыздар. Ал Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына кіретін жатақхана мәселесіне келетін болсақ, 8 өңірде ғана – Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Ас­тана мен Алматы қалаларында жа­тақхана беруге қол жеткізілген. Қалған өнірлер көш соңында қалып келеді, – деді Б.Сағынтаев. 

Кәсіпкерлік бағдарламасының берері мол

Үкімет отырысында 2018 жыл­ғы 6 айдың қорытындысы бойын­ша Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасын іске асыру барысы жайында баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жетілдірілетінін айтты.

− Еңбек нарығының жаңа талаптарын ескере отырып, бағ­дарламаны одан әрі жетілдірген жөн. Осыған байланысты бағ­дарлама құралдарының тиім­ділігін арттыру және жаңа шара­лармен толықтыру үшін оған өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз. Біріншіден, мектеп бітірушілердің саны жыл санап арту үстінде екенін ескере келе, кәсіптік-техникалық білім беру аясында бірінші мамандық алу үшін квотаны көбейтуді ұсынамыз. Қажетті ұсыныстар Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп әзірленуде, – деді ол. Бұған қоса, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тәсілдерін қайта қарау және оларды жұмысқа тұруға бағыттау қарастырылмақ екен. Оның аясында оқу орындары мен колледждердің, мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының тізбесі қайта қаралады, онлайн оқыту мүмкіндігі де назарға алынған. 

− Үшіншіден, азаматтарды еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге көшуге ынталандыру үшін «Серпін» және «Дипломмен – ауылға!»  бағдарламаларын интеграциялау көзделіп отыр. Қоныстанушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй салу мен сатып алудың жаңа тәсілдері әзірленетін болады. Қанатқақты жоба Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өтеді, одан кейін басқа өңірлерге таратылады. Төртіншіден, қазірде  мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнес аясындағы жұмыс орындарына  мониторинг жүргізу бөлігінде  мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру күшейтіледі, – деді М.Әбілқасымова. Аталған бағдарлама аясында өткен жылы 1 006 жоба 11,1 млрд теңгеге қаржыландырылса, биылғы жарты жылдықта 2,6 млрд теңге сомасына 226 жоба қаржыландырылған. Ал жыл соңына дейін жалпы 3 000 жобаны қаржыландыру көзделіпті.

Еркежан АЙТҚАЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»