Бокс • 12 Шілде, 2018

Азия ойындары: боксшылар бабында ма?

1016 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тамыз айының 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Индонезия астанасы Джакарта қаласында XVIII Жазғы Азия ойындары өтетіні мәлім. Бірер күн бұрын бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов байрақты бәсекеге қатысатын боксшылардың есімін жариялады. Осы орайда, Азия ойындарына қатысатын былғары қолғап шеберлерінің мүмкіндіктерін, оларға кімдер негізгі қарсылас атанатынын және аталған додада қай боксшылар жүлде алуы мүмкін екендігін саралап көрсек.

Азия ойындары: боксшылар бабында ма?

Бас жаттықтырушы Мыр­за­ғали Айтжанов Қазақстанның биылғы құрама командасына 2017 жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда аздаған өзгеріс енгізгенін байқауға болады. Мысалы, былтырғы жаһандық додада жеңіл салмақта (49 кг) Жомарт Ержан ел намысын қорғаса, алдағы Азия ойындарына ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов баратын болды. 52 кило салмақта үміт Азамат Исақұловқа емес, Азат Махметовке артылып отыр. Сондай-ақ 60 килода құрама тізімінде жаңа есім пайда болды. Былтыр жастар арасында Азия чемпионы атанып, сол жылы-ақ ересектер құрамасына ауысқан алматылық жас дарын Саматәлі Төлтаевке жаттықтырушылар құрамы зор се­нім артуда. Әйтпесе, бұл сал­мақта тіс қаққан бірнеше тәжі­рибелі боксшы бар. Мыса­лы, 2013 жылғы әлем чемпио­на­тының қола жүлдегері, ел чем­пио­натының екі дүркін жеңім­пазы Берік Әбдірахманов, Азия және әлем чемпионатына қаты­сушы Әділет Құрметов, «Астана арландары» сапында жұдырықтасып жүрген Зәкір Са­фиуллин және тағы басқа боксшыларға да сенім артуға болар еді. Бірақ бапкердің таң­дауы жас боксшыға түсіп отыр. Сонымен қатар Олимпия ойындарында «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 килода Абы­лайхан Жүсіпов емес, жамбыл­дың жампозы Асланбек Шым­бер­генов бақ сынайды. Бұл Ас­ланбек үшін ұлттық құрама са­пын­дағы алғашқы ірі бәсеке болмақ. Былтырғы Азия жә­не әлем чемпионатына бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов қа­тысқан болатын. Қалған үш сал­мақ­та еліміздің бірінші нө­мірлі боксшылары қатысады. Атап айтар болсақ, 56 килода 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, 64 кило салмақта Азия чем­пионатының қола жүл­дегері, ел чемпионы Бек­дәу­лет Ибрагимов және Азия чем­пионатының қола, әлем чем­пио­натының күміс жүлде­гері Аманқұл Әбілхан. Ал 2018 жыл­ғы Жазғы Азия ойындары­ның бағдарламасынан бокстағы үш ауыр салмақ алынып тас­тал­ғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Яғни, 81,91 және 91 килодан жоғары салмақта жүлделер сарапқа салынбайды.

Енді Жазғы Азия ойындарында құрамамыздың боксшыларына қай елдің боксшылары лайықты қарсылық көрсетуі мүмкін екендігіне тоқталсақ. Биылғы Азия ойындарында Қазақстан боксшыларына Өз­бекстан, Үндістан, Тайланд, Моңғолия, Қытай және Оңтүстік Корея секілді елдердің боксшылары негізгі қарсылас атанбақ. Жуырда ғана елорда төрінде Азия және Еуропа құрлығы құра­ма­ларының қатысуымен бокстан «Президент кубогы» дәс­түрлі халықаралық турнирі өтті. Еуропалық боксшылар үшін жарыс жаттығу іспетті өтсе, азия­лық боксшыларға Джакартадағы дода алдындағы соңғы дайын­дық және қарсыластардың қа­рым-қабілетін бақылау болды. Әуесқой бокстағы жеңіл салмақ­та басқа құрлық өкілдеріне қарағанда мықты боксшылар Азия аймағында шоғырланған. Оны соңғы Олимпиада және әлем чемпионатының нәтижелеріне қарап-ақ аңғаруға болады. Мы­са­лы, 49 кило салмақта соңғы үш Олимпиада чемпионы Азия құр­лығынан шыққан. 2008 және 2012 жылғы Олимпия ойын­дарында қытайлық Цзоу Шимин, екі жыл бұрынғы Рио Олим­пиадасында өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов топ жарған болатын. «Президент кубогы» жарысында 49 килода отандасымыз Теміртас Жүсі­пов чемпион атанғанымен, Джа­картада оған үндістандық боксшы Лалбиаккима Нутлаи лайықты қарсылық көрсететінін байқатты. «Президент кубогында» ол Олимпиада чемпионы өз­бек Дусматовты ширек финалда жа­рыстан шығарып жіберді. Де­­генмен, өзбек боксшысын да ті­­зім­нен сызып тастауға болмай­ды.

52 кило салмақта сынға тү­се­тін Азат Махметов биыл өзін жақ­­сы қырынан көрсетуде. Мамыр айының соңында Ресей­дің Санкт-Петербург қаласында өткен «Губернатор кубогы» жа­ры­сында финалға дейін жетіп, күміс жүлде иеленді. Бұл турнирде Азат алдағы дода­дағы өзінің негізгі екі қарсыла­сымен жолығып үлгерді. Фи­нал­дық бәсекеде Махметов қырғыз­стандық боксшы өзінің аттасы Азат Үсенәлиевке есе жіберді. Ал жартылай финалда Махметов өзбек Жасурбек Латиповтан басым түскен-ді. Сондай-ақ 2015 жылғы Азия чемпионы Таиланд елінің боксшысы Чатчай Бут­ди да отандасымыздың негіз­гі қарсыласы саналады. Айта ке­тейік, Азат былтыр Түрікмен­станда өткен Ислам ойындарын­да чемпион атанған-ды. 2017 жыл­ғы әлем чемпионы Қайрат Ерә­лиев 56 килода алтын жүлде­ден негізгі үміткерлердің бірі. Оның басты қарсыласы саналған Олимпиада чемпионы өзбек Шахо­биддин Зоиров жуырда кәсіп­қой боксқа ауысқандығы тура­лы ақпарат тараған болатын. Деген­мен, өзбекстандық кез келген боксшы қазақ боксшылар үшін ыңғайсыз қарсылас саналады.

60 кило салмақтағы жас дарын­ды боксшымыз Саматәлі Төл­­таев үшін алтын жүлдеге тала­су аздап қиынға соғатыны анық. Өйткені бұл салмақта Азия­­ның ең үздік боксшылары сын­ға түседі. Саматәліге бұл до­да­да осыдан төрт жыл бұрын Инч­хонда өткен Азия ойын­дарын­да күміс жүлде иеленген филиппиндік Чарли Суа­рес басты қарсылас болмақ. Со­ным­ен қатар моңғолиялық Эр­­дэнэбат Цэндбаатар мен өзбек­стандық Шункор Абдура­сулов­ты да атап өтуге болады. 64 кило сал­мақтағы отандасымыз Бек­дәулет Ибрагимов жарыс барысында жарақат алып қалмаса, құ­рама қоржынына жүлде са­луға толық мүмкіндігі бар. Се­бебі ол биылғы «Президент кубо­гында» негізгі қарсыласы өзбек Икболжон Холдаровты ай­қын басымдықпен жеңген-ді. Сондай-ақ Таиланд құрамасы сапындағы екі дүркін Азия чемпионы атанған Вуттичай Масук та Ибрагимовке біраз қиындық тудыратыны мәлім.

«Астана арландары» бокс клубында маңызды жекпе-жек­терге шығып, жеңіске жетіп жүр­ген Асланбек Шымбер­генов­тің (69 кг) аяқ алысы жаман емес. Еліміздің екі дүркін чем­пионына Азия ойындарында өз­бек Махмуд Гаипов пен филип­пиндік Эумир Марсиаль және Моңғолия мен Қытай боксшы­лары қарсылас атанады. Шым­бергенов 2016 жылы WSB жобасында өзбек боксшысы Махмуд Гаиповпен жолығып, 3:0 (50:45, 50:44, 50:45) есебімен айқын жең­ді. Ал «Президент кубогын­да» Гаиповты жартылай финал­да тағы бір отандасымыз Абы­лайхан Жүсіпов ұтты.

75 килода сынға түсетін Аман­­құл Әбілхан дәл қазір нағыз бабында. Бұған дейін өте тәжі­рибелі қарсыластармен жекпе-жек өткізіп, әбден ысыл­ған құ­ра­ма сапындағы ең сақа бокс­шылардың бірі десек қателес­пейміз. Әбілханның Азиядағы негізгі қарсыласы өзбек Исроил Мадримов саналады. Аманқұл мен Исроил екі жылдың ішінде шаршы алаңда екі рет жолығып, алғашқысында Мадримов, екіншісінде Әбілхан жеңіске жеткен. Азия ойындарындағы алтын жүлде үшін бәсеке осы екі боксшы арасында өрбуі бәден мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Джакартада еліміздің көк туын ұстап шығу міндеті Аманқұл Әбілханға бұйырып отыр.

Бокстан Қазақстан ұлт­тық құ­ра­масының бас жаттықты­рушысы Мырзағали Айтжанов Азия ойындарына бір жыл ішін­де ең жоғары нәтиже көр­сеткен боксшыларды таң­дап алғандығын айтады. «Бұл құ­рам­ды бапкерлер кеңесі «Пре­зи­дент кубогы» мен өзге де жарыстардың қоры­тындысына қарап бекітті. Өкі­нішке қарай, салмақ дәрежелерін азайтып тастағаны бізді кем дегенде екі медальдан айырып отыр. Осы құраммен 4 немесе 5 жүл­­де, оның ішінде 2 алтын ұта­­мыз деген ойдамын», дейді М.Айт­­жанов.

Айта кетейік, 2014 жылы Оң­­түстік Кореяның Инчхон қала­­сында өткен Жазғы Азия ойын­­дарында отандастарымыз 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»