Футбол • 12 Шілде, 2018

Финалдың фавориті Франция

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Франция ұлттық құрамасы Бельгияны жеңіп, финалға жолдама алды. Тартысты өткен матчта Самуэль Юмтитидің соққан жалғыз голы шешуші болды. Ал Бельгия сол күйі финалдан арманда кетті. «Қызыл сойқандар» ешқашан финалға шығып көрмеген еді. 

Финалдың фавориті Франция

«Тұлпары озған елдің тайы да озар» демей ме, сол секілді Бельгияның да бұл жолғы құрамы жақсы болды. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер еді. Шифо, Геррертс, Вильмотстардың соңын ала шыққан бір буын талантты ойыншылар десек артық емес. Барлығы алпауыт төрт чемпионаттың көркін келтіріп жүрген шеберлер. Бірақ, тәжірибе ме, сәттілік пе, әйтеуір Бельгияға бірдеңе жетіспеді. Мамандар әртүрлі уәж айтып ақталғанымен, оның жауабын ешкім бере алмас.

Бельгия біріншілікті керемет бастады. Панаманы 3:0, Тунисті 5:2, Англияны 1:0 ұтты. Топтық кезеңде үш ойыннан 9 ұпай алды. Мұндай командалар чемпионатта өзі үшеу-ақ. Топтық кезеңді тамаша өткерген Бельгия плей-оффты қиын бастады. Мундиальдің сенсациясы тіркеліп, Жапония келесі кезеңге өтіп кетер еді. Ойынның 70 минутында «қызыл сойқандар» 0:2 есебімен жеңіліп жатты. Бірақ, бапкер Роберто Мартинес дер кезінде алаңға тың ойыншыларды кіргізіп, ойынның мән-мағынасына өзгеріс енгізді. Қалған 20 минут ішінде Бельгия есепті теңестіріп қана қоймай, тіпті жеңісті жұлып әкетті. Осы көңілмен олар келесі ойынға да сенімді шықты. Бұл жолы істі насырға шаптырмай-ақ Бразилия қақпасына 2 доп соғып, керісінше өздері қорғанысқа мықтап кірісті. Бразилияның тек бір голға ғана шамасы жетті. Азия мен Латын Америкасының командаларын жарыстан ұшырған соң, Бельгияның алдынан алпауыт Франция шыға келді. Көршілес жатқан қос елдің құрамасындағы футболшылар бір-бірін бұрыннан таниды. Тіпті кейбіреулері балалар футболынан бастап бір-біріне жүзі таныс. Франция мен Бельгия сапындағы 20 футболшы осы күннің өзінде әртүрлі командаларда бірге ойнайды. Мысалы, Франция шабуылшысы Оливье Жиру мен Нголо Канте «Челси» ойыншылары. Ағылшынның осы командасында Бельгияның қақпашысы Тибо Куртуа мен Эден Азар өнер көрсететінін ұмытпайық. Сонда жалпылама алғанда «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Барселона», «Монако» секілді командаларда екі құраманың 20 футболшысы аралас-құралас ойнайды екен.

Бельгия жартылай финалда жеңілгенімен, жарыстың үшінші орнын иемденуі мүмкін. Қола жүлде үшін өтетін жұбаныш матчына қатысады. Жалындап тұрған жас командаға оның өзі де зор табыс болары анық. Дегенмен, әлемдік додада тамаша өнер көрсеткен Бельгия 2020 жылы өтетін «Ұлттар лигасында» керемет нәтижеге қол жеткізуі ғажап емес.

Ал финалға шыққан Франция араға 20 жыл салып чемпион атансақ дейді. Дегенмен, 2006 жылы да француздар финалда өнер көрсеткенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Зинедин Зиданның алаңнан қуылып, Матерацидің кеудесінен ұратын кезі жайлы кітаптар жазылып, ескерткіштер орнатылып та қойды ғой. Ол финалды Франция жанкүйерлері аса қатты еске алғысы жоқ. 1998 жылы Франция құрамасы чемпион болған соң, араға 3 ай салып, өмірге Килиан Мбаппе келіпті. Францияны алға жетелеп, маңызды голдарды соғып жүрген 19 жастағы талант енді финалда гол соғып, тарихта қалсам дейді. Кейбір журналшылар 1998 жыл Франция футболы үшін айтулы жыл дейді. Себебі «Франция Әлем чемпионы атанды, әрі Мбаппе де сол жылы дүниеге келді», дейді. Килиан туралы осылай айтуға әзірге ерте десеңіздер жас перінің қолды-аяққа тұрмай екі-үш ойыншыны алдап өтетін кездерін көргенде ойланып та қаларсыз. Әлем футболына тағы бір аңыз ойыншы келді ме, жоқ әлі олай айтуға ерте ме, оны біз 15 шілдеде болатын финалда байқармыз. Ал Франция құрамасы финалдың фавориті екені даусыз. Дидье Дешам футболшы кезінде көтерген кубогын, енді бапкер болып көтере ала ма?

Ол енді екі күннен кейін белгілі болады

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»