Футбол • 13 Шілде, 2018

Финал. Франция – Хорватия

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр әлем чемпионатында кем дегенде екі-үш сенсация болатыны қалыпты жағдай. Тек сол командалар қанша жерге дейін жете алар екен деп тағат таппай кетеміз. Ал бұл жолы Хорватия құрамасы топтан 9 ұпай жинап, бірінші орынмен шыққанымен қоймай, жарыстың финалына жолдама алды. Соңғы матчта бағы жанып, бабы қатар шапса, шақпақ жейделілер алтын кубокті бастарына көтеруі мүмкін.

Финал. Франция – Хорватия

Екінші жартылай финал ойы­ны қиян-кескі матчқа ұласты. Бұл ойында бірінің артынан бірі күтпеген оқиғалар орын алды. Жасыл алаңға шыққан футболшылар мүмкіндіктерін асыра пайдаланғанына ешкімнің шүбәсі жоқ шығар. Жастардан жасақталған Англия құрамасы алғашқы болып есеп ашты. Киран Трипьер айып добын мүлтіксіз орындап, қақпашыны қапыда қалдырды. Британиялықтар біл­гені­нен жаңылмай ойын тізгінін өз­дерінде ұстады. Шақпақ жей­делілердің шабуылға шығуына да дым мүмкіндік бермеді.

Тек 68-минутта Шимо Вр­салько көтерген пасты Иван Перишич жоқ жерден соққымен жалғады. Қорғаушы баспен қайтарғалы тұрған допты гол қылған Иван Перишич таразы басын теңестірді. «Интер» сапында жарқырай өнер көрсеткен Перишич біріншілік барысында өзінің бар шеберлігін көрсете алмай тасада жүрді. Тек жартылай финалда ғана жарқ етті десек, артық емес. Себебі ойын тең аяқталып, соның голының ар­қа­сында Хорватия матчты экстра-таймға ұластырып жіберді. Ал экстра-таймның екіншісі бастала берген тұста дәл сол Перишич допқа таласып баспен керемет пас шығарды. Қорғаныс аңдамай қалған жерде зып беріп атып шыққан Марио Манджукич Джордан Пикфордтың қақпасына екінші голды соқты. Ал қалған 10 минут бойы Златко Далич шәкірттері уақыт созумен айналысты. Англия шабуылға шыққанымен, Даниель Субашич қорғаған қақпаға доп дарыта алмады. Хорватия өзінің тари­хында тұңғыш рет әлем чем­пионатының финалына шықты.

«G» тобында бірге болған Ан­глия мен Бельгия енді қола жүлде үшін таласады. Жұбаныш матчы деп аталатын кіші финал­да екі команданың жолы қайта түйісті. Топ ішіндегі матчта Бель­гия 1:0 есебімен жеңіп еді. Ол кезде Англия бапкері Гарет Саутгейт жеңіліп, екінші орын иемдену үшін әдейі жеңіл­ді деген де тұжырым бар. Қарсы­лас­тардың осалдауы түсетін оңай жолды таңдаған Саутгейттің сауат­тылығы, қырағылығы жөнін­де де көп жазылды. Ұлыбри­та­ниялықтар үшін шынын айтқанда барлығы жақсы басталды. Алдымен Колумбияны артқа тас­тап, кейіннен келген Швецияны да оңай жеңді. Хорватияны да тас-талқан ұтып жүргендіктен, осы ойынның фавориті саналды. Алайда оқиға күтпеген жерден басқа арнамен жалғасты. Енді амал жоқ, үшінші орын үшін Бельгиядан басым түсу керек. Екі команда да бұл жолы негізгі құрамды шығарып, әжептәуір тартысты ойын көрсетері анық. Айтпақшы бұл ойында сонымен қатар мундиальдың үздік сұрмергені бәсекесінің де нүктесі қойылады. 6 гол соққан Харри Кэйн мен 4 гол соққан Ромелу Лукакудың жеке тартысы да орын алары анық. Бұл матч 14 шілде күні Астана уақытымен 20:00-де басталады.

Ал финалға шыққан Франция мен Хорватия арасындағы ойынды миллиардтаған адам көретіні анық. Мысалы, 2014 жылы Бразилияда болған финалды 2,5 миллиард адам тамашалап еді. Хорватияның ерлік жасап осы кезеңге дейін жеткеніне қарамастан, финалдың фавориті Франция екені даусыз. Бұл команда бірінші кезекте жартылай финалын бір күн ерте ойнады. Екіншіден, Хорватия секілді қырылысып, көптеген қақтығысқа түсіп, 120 минут шайқасып та жүрмеді. Франция соққан бір голының арқасында қорғанысты мықтап ұстап, еш жарақатсыз, сары қағазсыз финалға шығып алды. Ал Хор­ватия сапындағы футбол­шы­лардың қалай шаршаға­нын көзіміз көрді. Бірнеше ойын­шының жарақаты да жоқ емес. Сондықтан финалда Франция басымдыққа ие болуы тиіс. Бірақ Хорватия президенті әр ойын­нан кейін футболшылары­мен жеке-жеке құшақтасып, бас­тарын сипап, арқаларын қаға­ды. Колинда Китаровичтің қол­дауы алақандай Хорватияның аяқ­доп­­шыларын кезекті арманға жете­леуі бек мүмкін. Деген­мен фи­налға осал команда шық­пай­тыны белгілі ғой. Алтын кубок бұл жолы кімнің қолында бо­ла­тынын 15 күні кешке анықтаймыз.

 

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»