Бағдарламалар • 13 Шілде, 2018

Талдықорғанда көркемсөз оқу шеберлері сайысқа түсті

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті.

Талдықорғанда көркемсөз оқу шеберлері сайысқа түсті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен, әдебиетімізбен де тануы керек. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген болатын.

Ал, төл әдебиетіміздің ең басында Ұлы Абай ақын тұрғаны анық. Қазақтың кең әдебиетінің, бірқатар ақын-жазушыларының шығармалары паш етілген көркемсөз додасының дәл осы дара тұлғаның атында өткізілуі заңды.Яғни, бұл өткен шараның мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу болып табылады.

Екі кезеңнен тұрған байқау кіл жүйріктің шабысын байқап, шабытын аңғаруға жеткілікті болды. Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 16 қатысушы сахнада әсем сөзден сарай тұрғызып, бақтары мен баптарын сынады. Байқау шарттары бойынша І кезеңде қатысушылар қазақтың көркем әдебиеті қаймақтарының, яғни белгілі жазушылардың прозалық шығармаларынан үзінді оқулары тиіс. Ал, ІІ кезеңде М.Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу бойынша сынға түсті. Бәсекелі бәйгеге облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ж.Елесбаева, айтыскер ақын, «Алатау» газетінің бас редакторы А.Бұлғақов, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері С.Нұрхалық төрелік етті.

Шара барысында Абайдың асқақ әндері шырқалып, көркемөнер көгін әуелетті. Атап өтер болсақ, облыстық Достық үйінің қызметкері Юля Сперченконың орындауындағы «Желсіз түнде жарық ай» әні тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Одан өзге де күміс көмей әншілер шырқаған «Көзімнің қарасы», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» сынды әндер көпшіліктің көңіл керуенін ғажайыпқа бөледі.

Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс хаттары табысталып, жүлделі 3 орын және 60 мың теңге сыйақы Текелі қаласынан келген қатысушы Мерейлім Қарабалаева, талдықорғандық Айдана Тынысбекқызы және Талғар ауданының үміткері Анар Тұрсынжанның еншісіне бұйырды. Ал, Панфилов ауданының өкілі Ерқанат Закенов пен кербұлақтық Назгүл Ақбасова 2 орын мен 80 мың теңгелік жүлдені қанжығаларына байлады.

Жүлделі 1 орынға тұрақтаған Еділ Нұрахметке 120 мың теңге. сыйақы табысталды. Ол Ақсу ауданынан келіп қатысқан екен. Ал дүбірлі доданың бас жүлдесіне және 150 мың теңге көлеміндегі сыйақыға өзін өзгелерден ерек таныта білген Райымбек ауданынан келген өнерпаз Қадыржан Сабырақын ие болды. Жеңімпаз деп танылып, ендігіде облыс намысын Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық додасында қорғайтын Қадыржан Сабырақын байқаудың бірінші кезеңінде қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасынан үзінді оқыды. Алғашқы жолдарын айта бастағаннан-ақ, бар болмысымен шығарманың мінезін бере алды. Ал, екінші кезеңде Мағжан Жұмабаевтың көпшілікке танымал «Сағындым» өлеңін оқып, ақынның жеткізгісі келген ішкі сезімі мен күйінішін көрермен көзіне әкелгендей болды.

Шара соңында барлық қатысушыларды жүлделерімен құттықтаған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев: «Білекке емес, білімге сенетін ғасырда қоғамның ірге тасына берік кірпіш боп қаланар байқауға қатысушыларымыз сияқты азаматтар ұлы Абай армандаған биіктен көрінеріне сенімдімін!» - деп ақ тілегін жеткізді.

Жансая Смағұлова

Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы

Суреттерді түсірген Айдын Нұршанов