Бағдарламалар • 16 Шілде, 2018

Рухани үндестік

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы мен Құрманғазы оркестрі арасында шығармашылық байланыс орнатылды. 

Рухани үндестік

Өткен жылдың күзінде Ақ­­­төбе қаласында қазақ күй өнерінің теңдесі жоқ тұлғасы, өнер зерттеушісі, қазақтың Құр­манғазы атындағы ака­де­­миялық халық аспаптар оркес­трін өз қолымен құр­ған Ахмет Жұбанов пен клас­сикалық му­зы­ка жанрында талай тамаша туындылар ту­ғыз­ған көр­некті компози­тор Ғазиза Жұба­нованың шығармашылық жолдарын дәріптейтін тамаша ор­талық ашылған еді. Содан бері жаңадан құрылған мәдениет пен өнер шаңырағы өңірде шы­ғармашылық әлеуеттің толыса түсуіне ұйытқы болып келеді. Мұн­да «бұлақ көр­­сең, көзін аш» дегендей жас дарындардың талантын ұш­тауда біраз іс-шаралар бел­гіленген.

Біз таяуда осы орталықта тағы бір игілікті істің жүзеге ас­­қа­нына куә болдық. Яғни мұн­да «Жұбановтар әлемі» мә­­де­ниет орталығы мен Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ мем­лекет­тік академиялық ха­лық ас­паптары оркестрі арасын­да шы­ғармашылық және гас­троль­дік ынтымақтастықты да­мыту жөніндегі келісімге қол қо­­йыл­ды. Аталған өнер мен мәде­ниет ұжымдарының бас­шылары Лаура Майтекова мен Нұр­ғи­са Дәуешевтің айтуын­ша, екіжақты мәдени және рухани бай­ланыстар кәсі­би шеберлікті шың­дауға және шы­ғармашылық тәжірибені то­лық­тыра түсуге не­гіз қа­лай­ды.

Еліміздің мәдениет пен му­зы­­ка­лық бағыттағы мұ­ралары мейлінше бай. Бү­гінгі кезде «Жұбановтар әлемі» орталығы назар аударып отырған бас­ты мәселелердің бірі де оның жауһар үлгілерін дәріптеу болып табылады. Осындай өмір­шең әрі кең көзқарас тұр­ғысынан қарастырғанда бұл жаңа мәдени құрылымның қыз­меті тек бір ғана Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шы­ғар­машылық мұрасын зерт­теумен және насихаттау­мен шек­­теліп қалмайтынын айқын аңғара аламыз.

Ал екінші бір ой тара­зы­­­­сы­нан салмақтасақ, рес­публи­камыздағы оркестрлер мен ди­рижерлер,­ ансамбльдер мен жеке орындаушылар өздерімен өзі, томаға-тұйық күйінде қа­лып қоймауы тиіс. Әйтпесе мұн­дай жағдайда өнер мен мәде­ниеттің өрісі тарылмай тұра алмайды. Керісінше ортақ рухани жобалар мен аймақтық орындаушылық мектептердің бірлескен концерттері бұған дейін қалыптасқан қасаң қағи­даларды ығыстырып шы­­­ғара алады. Мұндайда ынты­мақтастық арналарының мей­лінше кең болуының маңызы жоғары. Ең бастысы, өзара тәжірибе алмасу тәртібін тереңдету, өнер ұжым­дары­ның бір-бірінен үй­ренуі, әрі бірін-бірі байыта түсуі мен толықтыруы алдың­ғы кезекке шығуының тигізер пай­дасы мол. Әрі мұндай шы­ғармашылық байланыс­тар мен қарым-қа­тынас­тар рес­пуб­ликамызда филармониялар бірлестігінің шынайы шығар­машылық базасын құруға мүм­кіндік береді.

Мәселенің мұндай мә­нісінен келгенде де «Жұ­ба­нов­тар әле­мі» мәдениет ор­та­лығы мен Құр­манғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің арасында жасалған келісім екі тарапқа да пайдалы әсер коэффициентін тигізе алары анық. Биылғы шіл­де айының алғашқы он күн­­дігінде осы келісімге сәй­кес алғашқы қадамдар жа­сал­ды да. Оның басты дә­лелі Нұр­­ғиса Дәуешев бас­таған Құрман­ғазы оркестрі мү­шелері «Жұба­новтар әлемі» мәдениет орталы­ғының ди­рек­торы Лаура Майте­кова­ның шақыруына сәйкес Ал­матыдан арнайы келіп, атал­ған орта­лықтың залында үш күн қата­рынан концерт қо­йып, күй мен ән өнерін пір тұтқан ақтө­беліктердің көңілдерін бір сер­пілтіп тас­тағаны. Келе­шекте екі ара­дағы келісімге сәйкес тараптар жоғарыда айтыл­ған мақ­саттар мен міндеттер аясын­да өзге де бірлескен іс-шара­лар­ды жүргізіп, оны маз­мұн жағы­нан да, түр жа­ғынан да одан әрі толықтыра түсуді ұйға­рып отыр.

 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ