18 Шілде, 2018

Ауыл шаруашылығын цифрландыру болашақтың баламасыз жолы

1665 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем елдерінде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын цифрландыру қарқынды түрде жүріп жатыр. Уақыт өткен сайын бұл салада неше түрлі жаңа технологиялар пайда болып, олар жедел түрде өндіріске ен­гізілуде. Мәселен, Еуропадағы компания­лар енді егістік жағдайын зерттеумен ай­на­лысатын дрондарды да шығара бас­тады. Бұл машиналар фермерлердің егіс шы­ғымдылығын алдын ала болжап бі­лу­леріне жағдай туғызуда. Осы үдеріс ке­ңі­нен қанат жая келе, бүкіл ел бойынша әрбір егіс алқабының шығымдылығын күні бұрын анықтау мүмкіндігі пайда болатын көрінеді. 

Ғалымдар егістік жағдайы туралы әртүрлі ақпараттарды алу және жинақтау мүмкіндігінің туындауы ақырында оларды жедел өңдей алатын технологиялардың көптеп шығарылуына алып келеді деген пікірлер білдіруде.

Мәселен, егіске күтім жасаумен қатар, өнім жинауға көмектесе алатын роботтар да шығарыла бастады. Солардың бірі – AGROBOT компаниясы әзірлеген испаниялық SW6010 роботы өзіне орнатылған камера ар­қылы піскен жемістерді айқындап, оларды ке­сіп алуға қабілетті екен. Ал Аустралияның Сид­ней университетінің ғалымдары әзірлеген ро­бот өсімдіктер арасынан арамшөптерді ажырата алады.

Лондонда жердің тапшылығына байланыс­ты жер астынан өнім өсіретін фермалар пайда бо­луда. Осыдан біраз жыл бұрын пайда болған осын­дай бір ферма қожайынның ресторанын көкөніс түрлерімен қамтамасыз етуге арналыпты. Мұнда 20-дан астам көкөніс түрлері өсіріледі екен. Жер астындағы фермада күннің орнына диодты шамдар пайдаланылуда.

Нидерландтағы Маастрихт универ­си­те­тінің ғалымдары малдан алынған тканьдер көмегімен зертханада ет өсіруге 2013 жылдан бастап кіріскен болатын. Олар өздерінің қолдан жасап шығарған еттерінен әзірленген алғашқы гамбургерді жұртшылыққа көрсетіп те үлгерді. Әзірге мұндай еттің 1 килограмның құны 2,5 миллион доллар тұратын көрінеді. Себебі оны жасап шығаруға біраз шығын жұмсалған. Алайда технология толық әзірленіп, ол өндірістік негізге көшірілген кезде мұндай ет бағасын 65 долларға дейін төмендетуге болады екен. Ал оны қолдану жаппай етек алған кезде баға бұдан да төмен түсе бермек.

Неліктен бүкіл әлемде ауыл шаруашылығын цифрландыру жедел қарқын алуда? Себебі цифрлы технологиялардың саланы дамытуды жаңа сапалы деңгейге көшіріп, осының ықпалымен ауыл шаруашылығының адамзатқа беретін пайдасы артып, жұмсалатын шығындар бұрынғыға қарағанда көп қысқармақ. Сөйтіп қазіргі күні әлемнің әр шалғайында ең кон­сер­вативті саналатын ауыл шаруашылығы мен оның агроөнеркәсіптік кешені қарқынды өз­герістерді бастан кешіруде.

Ауыл шаруашылығын цифрландыруға Елбасының Үкіметке берген тапсырмасымен біздің еліміздің шаруашылықтары да белсене ден қоюда.

Отандық ғалымдардың болжамы бойынша, қазіргі замандық цифрлы технологияларды енгізген жағдайда Қазақстанда астық дақылдарының шығымдылығын ең аз дегенде 2 есе, саладағы еңбек өнімділігін – 2,5 есе, ал мал санын 2 есеге жуық өсіруге болады екен. Соңғы 50 жылдан бері егіншілік саласына қаншама жаңа технологиялар келіп жатқанымен біздегі астық шығымдылығының өспей келе жатқандығын еске алсақ, жоғарыда келтірген сандарымыздың тым үлкен өсім көрсеткіштері екендігін байқаймыз. Бірақ бұл фантастика емес. Әлемнің дамыған елдері баяғыда-ақ қол жеткізіп үлгерген көрсеткіштер. Мәселен, Қазақстаннан жер көлемі 66 есе кіші Голландияның агросекторы міне, осындай жетістіктердің арқасында жылына 100 миллиард долларға жуық өнімді экспортқа шығарып отыр. Мұның өзі бір есептен біздегі ауыл шаруашылығы саласының дамыған елдерден көп артта қалғандығын көрсетсе, екінші жақтан алғанда қандай үлкен әлеуетке ие екендігімізді де көрсетеді. Осы әлеуетті ашуға енді бізге цифрлы технологиялар көмектесе алады.

Елімізде аталған мәселе жөнінде нақты атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес.Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Омаров қазіргі күні бұл облыста егіс­тіктердің электронды картасын жасау ісі қы­зу қолға алынғандығын, қазірдің өзінде бү­кіл егіс алқаптарының тең жартысынан ас­тамы цифрлы форматқа түсірілгендігін айта­ды. Мұның ақыры егістіктерге, сонымен қатар ауыл шаруашылығында қолданылатын техникаларға спутниктік мониторинг жүргізуге алып келмек. Бұл жағдай жерге минералды жә­не химиялық тыңайтқыштарды дәлдікпен сі­ңі­руге мүмкіндік береді. Оның үстіне қай жер­ге тыңайтқыштардың сіңіріліп, қай жерге сіңірілмегендігі анықталады. Егін шығым­ды­лы­ғына бақылау күшейеді. Қосып жазудың жо­лы кесіліп, субсидиялар нақты пайдаланылады.

Демек, қазіргі замандық цифрлы технологиялар немесе еліміздің ауыл шаруашылығын цифрлы форматқа көшіру дегеніміз Алланың байтақ далалы Қазақстанға беріп отырған үлкен мүмкіндігі. Бұл технологияларды енгізуден басқа бізде ауыл шаруашылығын дамытудың басқадай жолы да жоқ. Жуықта бір ресейлік сарапшы өз елінің аграрлық секторындағы ахуалдың өте ауыр екендігін жаза келе, бізге са­ланы жеделдетіп цифрландыру қажет, егер бұ­лай болмаса, біз оның ажалын ғана көре аламыз деді. Өте қатты айтылған сөз, бірақ мұнда шың­ғырған шындықтың бар екендігін де ешкім жоққа шығармас.