Тәрбие • 18 Шілде, 2018

Баланың ойлауы ойнау арқылы қалыптасады

801 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Байырғы бабаларымыз елдің ертеңін баланың қалай ойна­ға­­нына қарап болжаған деседі. Бүгінгі қоғамда біз жиі қол­данатын «бала – елдің болашағы» деген ұран осы бір оймен ұшта­сып жатқандай көрінеді. Баланың ойлауы дұрыс ойнауы­нан басталатынын о бастан сезген халқымыз бұл мәселеге еш­уақытта атүсті қарамаған. Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Ықы­лы­м заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерімізді өркен­деудің берік діңі ету керек» деген жолдар бүгінгі жаһан­да­ну заманында бүлдіршіндерді атадәстүрден ажыратпай, ұлт­тық болмысқа сай тәрбиелеудің маңызы зор екенін тағы да бір қуаттап тұрғандай. Өз кәсібін осы бағытқа бағдарлаған ал­ма­тылық шебер Айдар Бексұлтановтың қолтаңбасынан шыққан балаларға арналған шағын ойыншық киіз үйлер жаңғырудың нағыз жарқын үлгісіндей болып көрінді.  

Баланың ойлауы ойнау арқылы қалыптасады

Айдарды алғаш рет дарынды жас­тарды қолдау мақсатында Алматыда өткен республикалық «Жаңа толқын 100+» жастар FUTURE форумында кез­дес­тірдік. Ұлттық мұраны ұлық­таған өнертапқыштың біре­гей жобасы форумға қаты­су­шы көпшілікті өзіндік ерек­ше­лігімен баурап алды. Ше­бер­дің «Қазақы үйдің ішіне кіріп ой­наған бала кеңістікті сезініп өсе­ді» деген бір ауыз сөзі көптен бері көкейде жүрген ойымызды қайта маздатып, ойыншық киіз үйді өз көзімізбен көруге ынтықтыра түсті.

Ол құрастырған киіз үй біз білетін кә­дім­гі ұлттық нақыштағы қазақ үйдің кіші ба­ламасы. Бірақ 5-6 жасқа дейінгі ойын балалары үшін кәдімгі ішіне кіріп еркін ойнауға болатын әдемі үйшік. Уығы, керегесі, шаңырағы, есігі, сықырлауығы, түңдігі және тағы басқа жабдықтары тұтас­тай қолмен құрастырылады. Яғни оны­мен ойнап өскен бала киіз үйді қа­лай құрау керек екенін толық меңгеріп шы­ғады.

«Біз кішкентайымыздан киіз үйде өстік. Қазақы ауылдың тіршілігімен тыныстадық. Алайда уақыт ағысы өзгерді. Мына заманда ешкімді тас үйден шығып, киіз туырлықты үйге тұр деп мәжбүрлей алмайсың. Ал мұны ата-аналар балаларына ойнау алаңы ретінде алып беретін болса, нағыз рухани жаңғыру осы болатын еді. Жас бала да бос құмыра секілді, ішіне не құйсаң сонымен толады. Өзінің түп тамырын, шыққан тегін, ұлттық ерекшелігін жадына берік тоқып өскен бүлдіршін зияткер азамат болып қалыптасады. Шағын киіз үйдің керегесі, босағасы, уығы, шаңырағы тұтастай таза ағаштан жасалса, киізі таза табиғи қойдың жүнінен басылған. Өнім экологиялық жағынан өте пайдалы. Осы арқылы кіш­кентай балапандар ата-бабалары тұрған киіз үйдің рухын сезініп өседі», дейді А.Бексұлтанов.

Ұлттық танымға сай ойыншық өнім­дерін шығаратын мекеме ашуды көптен армандап жүрген өнертапқыш мақсатын толық жүзеге асыру үшін қолдау керек екенін де жасырмайды. Мәселен, Қытайда тек ойыншық шығарумен айналысатын төрт мыңнан астам кәсіпорын болса, Ресейде бір жарым мыңнан астам мекеме осы жұмыспен айналысады. Франция, Біріккен Араб Әмірліктері сынды елдер аталған мемлекеттерге тапсырыс беріп, өздерінде көтерме бағамен сатады. Олар ойыншықтарды шетел компанияларында жасатқанымен, ұлттық ерекшеліктерінен сыр шертетін ойыншықтарды өздерінде ғана саудалауға рұқсат береді. Өйткені бұл құралдарды ұлттық брендке айналдыруды көздейді. Бізде де осы салаға көптеп көңіл бөлінсе, дейді шебер. Расын­да, киіз үй жабдықтары сияқты ұлттық мұ­ра­ларды мектепке дейінгі мекемелер­де көрнекілік құрал ретінде пайдалану бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңей­тіп, ұлттық рухта тәрбиелеуде тап­тырмас әдістеме болар еді. Сан рет есті­геннен гөрі, бір рет қолмен ұстап, көз­бен көр­ген нәрсе бала көңіліне берік орны­ға­ты­ны анық. Табысты ғана емес, ұлттық та­ным-тәрбиенің тағылымын танытуды көз­деген талант иесі кез келген ісіміз ұлт қа­сиетімен, ұрпақ мұратымен сабақтасып жатса дейді.

– Бір күні үстел астында ойнап отырған балаларымды көрдім. Балалар ойынына арналған түрлі заманауи үйшіктерді көзім шалып жүрді. Кенет, неге осыны қазақы үй түрінде жасап көрмеске деген ойға келдім. Оның үстіне қазіргі техника дәуірінде өскелең ұрпақ өздерінің бабаларына баспана болған ғажайып конструкцияны меңгерсе, терең тарихымен тамырланып, салт-дәстүрін де ұмытпайды. Уық қалай байланады, кереге қалай керіледі, шаңырақ қалай көтеріледі. Байлаудың да түр-түрі бар. Шалып байлау, күрмеп байлау, қазықбау шалып байлау. Ою дегенде көбіне қошқармүйізді ғана айтамыз. Одан бөлек, шытыра, бесқиық, үшқиық тәрізді неше түрлі ою түрлерін үйренеді. Туырлық, түңлік, үзік сияқты қазақша атауларды құлағына құйып өседі. Қазақы үй – барлық конструкторлардың атасы. Оның аэродинамикасы жаңбырға да, желге де өлшеніп жасалған. Мұның бар­лығы өсіп келе жатқан баланың қи­мыл-әре­ке­тінің моторикасын жақсы дамы­тады. Қол икемділіктерін арттырады. Ойлау қабілетін жетілдіреді, – дейді ол.

«Үйдегі бағаны, базардағы нарық бұ­за­ды» демекші, өз кәсібінің арнасын кеңей­туді қалаған арманы биік азамат сұ­ранысқа сай сапалы әрі қолжетімді өнім шығаруға қолдау керектігін айтады. Киіз үйдің ішіне қосымша тұскиіз, те­кемет, ши, тағы басқа тұрмыстық жаб­дық­тар салып, идеясын одан әрі жетіл­ді­ру де ойында бар. Ұлт мұрасының қай­на­рынан қанып ішкен ұл-қыз танымы мен эстетикалық қабілеті жоғары аза­мат болып қалыптасатыны анық. Бұл тұр­ғыда Айдар Бексұлтанов ойлап тапқан эко­құ­рас­тырғыш ойын балаларының ақыл-ойын өрістетіп, дүниетанымын дамытатыны даусыз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ