Таным • 18 Шілде, 2018

Жауын жастана жантайған Жабағы батыр

1556 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай-Торғай өңірінде 29 нысан Елбасымыз ұсынған «Қазақстанның киелі жерле­рінің географиясы» жобасы ая­сындағы еліміздің сакральды кар­тасына енді. Оның арасында 10 ескерткіш республикалық ұлт­тық тізімге кірді де, қалған 19-ы жергілікті сакральды орын­­дары болып саналады.  

Жауын жастана жантайған Жабағы батыр

Не­­гізі, Тобыл өзені бойын­­дағы көп­теген көне ескерт­кіштер тың көтеру кезінде трак­тор табанының астында қал­ғаны, ұлттық құндылықтар керек­ болмай, ана тіліміз есік­тен­ қа­­рап қалған кезеңде ұмы­ты­­лып жойылып кеткені бел­гілі. Дегенмен халқымыз ата­ме­­кенді қорғаған батырлары­ мен елдің рухани тірегіне ай­нал­­ған тұлғаларын ұмытқан жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алған жыл­дары өшкені жанып, өлгені тірілген халқымыз қасиеттеген тұл­ғалардың қараусыз қалып кел­ген бейіттеріне белгі қойды, олар­дың есімдерін санада жаң­ғыртты. Таран ауданындағы Әйет өзенінің жағасында жат­қан Жабағы батырдың бейітіне де ұрпақтары 2002 жылы ескерт­кіш тас қойды.

Аты аңызға айналған Жаба­ғы батыр ХVІІІ ғасырда өмір сүр­ген. Ол туралы ел арасында аңыз-әңгіме көп болған, оның ұшы бүгінге дейін жеткен. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батыр ауылының дәл іргесінде жеңіліп, ажал құ­шады. Жасанып келген жауға қар­сы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл кезде шау тартып қал­ған батырдың астындағы атына оқ тиіп мертігіп, ерден ауып түседі. Жаяу соғысып, қы­лыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады.

Бұл жарадан сау қалмасын білген қолбасшы сонда жұртты жинап: «Атаңа нәлет қалмақтардың өлігін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен о дүниелік болып кетсем, сол шұнқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тұрып кетіп жүрмесін, үстінен басып жатайын» десе керек. Батырдың өсиетін елі бұлжытпай орында­ған. Жазықтағы бүгінде шөгіп кеткен жалғыз төбенің қолдан үйілгеніне күмән келтіру қиын. Батыр зираты, шынында ­да, қарауыл төбеге ұқсайды. Жа­бағы батыр елдің шетінде, жел­дің өтінде жастыққа жантайып жатқандай.

Батырдың бейіті жатқан жер уақыт өте келе Таран ауда­ны­­­ның орталығынан бір­не­ше шақырым жердегі Әйет өзе­нінің жағасындағы Журав­лев ауылының қорымына ай­налған. Кейін Жабағы батыр­дың жанына оның жақын серік­тесі Жамаңқара батыр жерленген. Бейітке жақын жердегі жы­радан бұлақ ағып жатыр. Тұр­ғындардың айтуынша, кәусар су қасиетті және оны ішкен адам сауығып, өзін сергек сезінеді екен.

Ақын Ақылбек Шаяхметтің жазғанындай, сөз зергері Бейім­бет Майлин Жабағы батырмен аталас. Ел аузында осы күнге дейін Жабағының бабасы Түгел туралы аңыз да сақталған. Би-ағаң ауылының шежіре қарт­тары бұрнағырақта былай деп жеткізіпті. «Ақжі­гіттің келін­шегі босанып, ұл тап­қанын естіген жұрт сол кезде Хан ор­да­сына жақын болған Ақ­жігіттің баласына ат тауып қоя алмайды.

Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да ба­ла болады, ендеше баланың атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын! Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» деп батасын беріпті. Түгел ержетіп, жо­рық­тарға қатысып, ерлігімен та­ныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан оған: «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін», десе керек. Сонда Түгел: «Тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ Ал­ла тағаланың берген бағы басы­ңыздан аумасын!» деп жауап беріпті», дейді. Түгел батыр Бейім­бет өлеңдерінде де сипат­талады.

Жабағы батыр мен оның батыр бабасы Түгелдің тулары осы күнге дейін оның ұрпақта­рының қолында сақтаулы тұр. Жабағы батырдың бейітіне Таран ауда­ны­на жолы түскен­дер, ұрпақ­тары барып тәу етіп,­ құран бағыштап отырады. Батыр­лар бейіті де – ұлы дала­ның бір киесі.

Элмира АЛШЫМОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

бөлім меңгерушісі,

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ