Таным • 19 Шілде, 2018

Бесік іздеп жүрмін

1392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр әлде алдыңғы жылы көр­дім. Үйдің жанындағы картоп егетін шарбақтың қазығына ілініп тұр екен. Шүмек байланатын тесігінен. Екі маң­дайдағы талдан иілген жақтаулары ортасынан опырылып сыныпты. Кәдімгі көне бесік. Өзім жатқанмын.

Бесік іздеп жүрмін

Біздің үйдегі сегіз бала түгел жатқан. Ағаларымның балалары да, апаларымның яғни, жиендер де осы бесікте жатқан. Қыр арқасындағы талдан жасалған көлденең ағаш аналардың бесікті тербеткен аялы алақанынан жып-жылтыр болып тұратын. Қазіргі дүние­дегі ең сапалы лак та мұндай жылтырата алмас. Алақан табынан әлдебір жылылық есетін.

Құс төсегі, әдеміше жастығы, сан сәби­дің иісі сіңген жөргегі, баяғыда апам жасаған әдемі пүліштен тігілген қолбау, өрнектелген тізе бауы, жұмсақ маталардан қабаттап жасалған тізе жастығы, бесікпен бірге жасасып келе жатқан жып-жылы көрпесі бүгінгідей көз алдымда. 

Әнебір тұста бесікті «ескіліктің қалдығы» деп күстәналайтындар болған. Тіпті, сол кеңестік дәуірде медицина инс­титутының оқытушылары бесіктің зияны туралы лекция да оқыпты. Тұтас қаншама ұрпақ өсіп-жетілген бесік бүгінде керексіз болып қалды. Ал бесіктің пайдасы туралы көл-көсір әңгіме айтуға болар еді. Онда жатқан баланың тазалығы, денесінің жайлы болуы, сыз дарымайтындығы ғажап емес пе. Бесік бір қалыпты жайлы тербетіледі. Онда жатқан сәбидің де жүйкесі әлдилеген бесіктің ырғағымен бір қалыпты жайлы болып қалыптасады.

Апам марқұм елдегі көзінің сұғы бар дейтін біреулер келе жатса, бесіктің арқасындағы көрпемен жаба салатын. Демек, бесіктің көлденең көздің сұғынан, бейтарап тілден қорғайтын қасиеті бар. Халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын, екіншісі – немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншісі – дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе, кімді болсын шауып тас­тауға даяр. Қо­лына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» десе керек.

Кеше Көк­ше­тау қала­сын­­­да­ғы базар­ды, ұлт­тық бұйым­дар са­тады-ау деген дү­кен­­дерді шолып шықтым. Таба алмадым. Сіз көрме­діңіз бе? 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

КӨКШЕТАУ