Футбол • 20 Шілде, 2018

«Астана» – келесі кезеңде

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың «Астана» клубы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы черногорияның «Сутьеска» командасына қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде 0:2 есебімен жеңіске жетіп, екі матч қорытындысы бойынша (0:3) турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.

«Астана» – келесі кезеңде

Бір апта бұрын «Астана Арена» стадионында өткен кездесуде «Астана» Роман Муртазаевтың пенальтиден соққан жалғыз голының арқасында жеңіске жеткен еді. Дегенмен, бұл есеп футбол мамандарының болжамы бо-
йынша «Астана» үшін сырт алаңда өтетін жауапты матч алдында алаңдарлық нәтиже болатын. Әйткенмен 2014 жылдан бері Еурокубок ойындарында бақ сынап, біршама тәжірибе жинап үлгерген елордалықтар кешегі кездесуде жігерлі ойын көрсетіп, Қазақстанда соқпаған голдарын Черногорияда соқты. Бірінші таймның 38-минутында Серікжан Мұжықовтан пас алған Джордже Деспотович есепті ашса, екінші таймның 65-минутында Мұжықовтың өзі гол салып, қорытынды есепті 2:0-ге жеткізді.

Осылайша екі кездесудің қорытындысы бойынша 3:0 есебімен басым түскен «Астана» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бұл сында «Астананы» Дания чемпионы «Митьюлланд» командасы күтіп тұр. Футбол жанкүйерлерінің есінде болса, еурододаларда 2001 жылдан бері тұрақты сынға түсіп келе жатқан бұл ұжым 2015/16 жылғы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Англияның атақты «Манчестер Юнайтед» командасын өз алаңында қабылдап, 2:1 есебімен басым түскен. Бірақ қарымта кездесуде «Митьюлланд» 1:5 есебімен жеңіліп қалған-ды. «Астана» – «Митьюлланд» арасындағы алғашқы кездесу 24 шілде күні Астанада, қарымта матч 1 тамыз күні Данияда өтеді.

Айта кетейік, «Астана» сырт алаңда «Сутьеска» командасын жеңген соң УЕФА клубтар рейтингінде 57-орынға көтеріліп алды. Осыдан тура бір жыл бұрын елорда командасы 79-орында тұрған болатын.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»