Жазғы спорт • 23 Шілде, 2018

Өскеменде Азия чемпионаты аяқталды

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскеменде 11-18 шілде аралығында Астана қаласының 20 жыл­дығына орай волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты өтті. Осымен екінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда жалауын желбіреткен дүбірлі додаға сары құрлықтың кіл мықты командалары жиналды. 

 

Өскеменде Азия чемпионаты аяқталды

Ала доп аламанының ашылу салтанатына Азия волейбол кон­федерациясының өкіл­дерімен бірге Қазақстан волей­бол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев та арнайы қа­ты­­сып: «Баршаңызды осынау спорт мерекесінің баста­луы­мен шын жүректен құттық­тай­мын. Жапония, Қытай Халық Рес­­публикасы, Тайланд, қы­тай­­лық Тайбэй, Иран, Вьетнам, Шри-Ланка, Индонезия елдерінің спорт­­шыларына, қонақжай қазақ еліне, шұғылалы Шығыс жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сондай-ақ бізге осындай ауқымды шараны тағы бір мәрте өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы басшылығына рахмет айтамыз. Құрлықтың мық­тылары қатысатын жарыс тар­тысты да қызықты ойындарға толы болады деп сенеміз», деп өз құт­тықтауын жеткізді.

Жарыс алдында өткен баспасөз мәслихатында өскемендік «Ал­тай» командасының бас бапкері Юрий Панченко ойын оңай бол­майтынын, негізгі бәсеке бір жыл бұрынғыдай Тайланд, Жапо­ния, Қытай және Қазақстан коман­далары арасында өрбитінін айт­қан-ды. «Мұндай байрақты бәсекенің екі жыл қатарынан бір елде, бір қалада өткізілуі көп нәрсені аң­ғартса керек. Өз басым былтырғы біріншілікті көрмесем де биылғы дода ұйымдастырылуы жағынан одан асып түсетініне сенемін.

Облыс басшылығы ал­дымызға кем дегенде финалға шығу міндетін қойып отыр. Өйткені Өскемен қаласы Әлем біріншілігін де өт­кізуге қамданып жатыр. Демек, біз биылғы додада жоғары нәтиже көрсетіп, сол жаһандық сайысқа жолдама алуымыз керек. Қалай дегенде де, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтағымыз келеді», деген еді бас бапкер. «Алтайдың» капитаны Сана Анарқұлова: «Былтырғы жарысқа дайындығымыз нашарлау болғаны рас. Алайда биыл бәрі керісінше, Түркияға барып, нәтижелі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайттық. Сонымен қатар командаға бірқатар белді ойын­шы келіп қосылды», деп биыл был­тырғыдай емес, сайысқа са­қадай сай екендіктерін жеткізген-ді.

Баспасөз мәслихатында чем­пионаттың былтырғы жеңімпазы, Тай елінің атынан сынға түсетін «Суприм» командасының бас бапкері Натапхон Срисамутнак бірдеңе сезгендей «былтырғы жетістігімізді қайталауға тырысамыз. Өз командамның жеңіске жететініне шамамен 80 пайызға сенемін» деп өздеріне сенімділігін аңғартқан еді.

Сонымен, 8 күнге созылған сайыс аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Өкінішке қарай, «Ал­тай» қыздары былтырғы қар­сыластарын айналып өте алмады. Төртінші орынды иеленді. Былтырғы сценарий биыл да тұп-тура қайталанды деуге болады. Тайландтық «Суприм» – 1, жапониялық «НЕК Ред Рокетс» 2-орынды қанжығаларына байласа, үздік үштікті Қытай елінің «Цзянсу» командасы түйіндеді.

Дүбірлі доданың жабылу сал­танатына аймақ басшысы Да­ниал Ахметов арнайы қатысып, ойыншыларға жылы лебізін біл­дірді. «Бүгін әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты аяқталып отыр. Бір апта бұрын спортшыларымыз өз елінің намысы үшін айқасуға дайын еді. Енді олар досқа айналды. Аптаға созылған волейбол мерекесіне қатысқан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Спортшыларға демеу болған жан­­күйерлерге де ерекше ал­ғы­сымд­ы айтамын», деді облыс әкімі.

Доп додасының жабылу салтанатында жекелей есепте жоғары деңгейлі ойын көрсеткен спортшылар арнайы марапатқа ие болды. Чемпионатқа арнайы дайын­далған медальдар ең үздік ұжым­дарға табысталды. Оның ішінде «Суприм» волейболшылары «Бай­­терек» үлгісіндегі Кубокке ие­лік етті. Сонымен қатар «Су­прим» командасының ойыншысы Коньот Айчарапорн – «Үздік ойыншы», Ольга Дробышевская («Ал­тай»), Коньот Айчарапорн («Су­прим»), Хироши Нанами («НЕК Ред Рокетс») – «Үздік ша­буылшы», Наталья Шар­ша­кова («Алтай»), Ченью Ванг («Цзян­су») – «Үздік орталық тос­қауылшы», Ванкианбай Ронг («Цзянсу») «Үздік байланыстырушы» және Саяка Ивасаки («НЕК Ред Рокетс») «Үздік либеро» но­ми­на­цияларымен марапатталды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН