Күрес • 23 Шілде, 2018

Қазақстандық балуандар Түркиядағы турнирде бес жүлде иеленді

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Ыстамбұл қаласында грек-рим күресінен Анадолы елінің мақтан тұтар азаматтары Вехби Эмре мен Хамит Капланның мемориалы өтті. 36 мәрте жалауы желбіреген жарыста 25 мемлекеттен келген балуандар белдесті.

Қазақстандық балуандар Түркиядағы турнирде бес жүлде иеленді

Дүбірлі додада Қазақстанның балуандарына бес жүлде бұйырды. Жерлестеріміздің арасынан асығы алшысынан түскен Айдос Сұлтанғали алтын тұғырға көтерілді. 60 кило салмақта күш сынасқан қандасымыз бастапқы бәсекелерде әзербайжандық Хасан Маммадәлі мен жапониялық Шимицу Хаянобуды жеңіп, жартылай финалды болгариялық Августин Спасовқа сан соқтырды. Финалда Айдос Молдованың өкілі Виктор Киобануды қапы қалдырды.

55 килода Жансерік Сәрсенбиев пен Қорлан Жақанша қола медальді мойындарына ілді. Үшінші орын үшін тартыста Жансерік Бразилияның туы астында өнер көрсетіп жүрген қазақтың ұлы Марат Ғаріповтен басым түссе, Қорлан жергілікті балуанды жықты. Сондай-ақ Ибрагим Магомедов (72 кило) мен Тамерлан Шадукаев (77 кило) айтулы жарыстың қола жүлдегері атанды.

Вехби Эмре мен Хамит Капланның мемориалының командалық есебінде Түркия құрамасы топ жарды. Жарыс қожайындары төрт салмақ дәрежесі бойынша дара шықты. Олар – Екрем Өзтүрік (55 кило), Мұрат Фират (67 кило), Фатих Кеңгіз (77 кило) және Риза Каялп (130 кило). Тағы екі салмақта беларуссиялық Павел Лях (72 кило) пен Сергей Стародубтың (97 кило) бағы жанды. Сонымен қатар, әзербайжандық Талех Маммадов (63 кило), грузиялық Лаша Гобадзе (82 кило) және украиналық Жан Беленюк (87 кило) бас жүлдені қанжығасына байлады.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»