Қазақстан • 24 Шілде, 2018

ASTRA Plat – жолақы төлеміндегі жаңа жүйе

1138 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласының қоғамдық көліктеріндегі жолақы төле­міне өзгеріс енгізілді. Бұл жаңа­шылдық елордадағы жолаушы тасымалдаушылар жүйесінде элек­тронды жолақы төлемінің енгізілуіне байланысты туындап отыр. Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жаңа жүйе бо­йынша жолақы төлемінің екі түрі қарастырылған. Енді елорданың тұрғындары мен қонақтары қоғамдық автобустарда көлік картасын пайдалана алады немесе бір рет берілетін жол жүру билеті үшін ақшалай төлем жасайды. Яғни электронды жолақы төлемі жүйесін енгізу барысында жолаушылардың жолақы құнын ақшамен төлеу құқығы да сақталған.

ASTRA Plat – жолақы төлеміндегі жаңа жүйе

Осыған орай соңғы күндері астаналық қоғамдық көлікті пайдаланушылар арасында бірқатар түсінбестік жағдайлар туып отырғаны жасырын емес. Мәселен, бұл жаңашылдықтан бейхабар жолаушылардың автобус кондукторларына дүрсе қоя бергенін немесе алдын ала ақпараттандыру жұмыстарын жүргізбеуіне байланысты шағымданып жатқанын қоғамдық көлікті пайдаланушылар жиі байқайды. Яғни үйрен­шікті жолақы құны 90 теңге­ні ұсынған жолаушылардан аста­налық кондукторлар тағы 90 теңге үстемелеуін өтінеді. Өйткені қал­таңызда электронды карта бол­маса, ақшалай жолақы құны екі есеге көтеріледі. Бұл ретте алдын ала халықтың арасында ха­барландыру, құлақтандыру жұ­­мыстарының жеткілікті жүр­гі­зілмеуі байқалады дейді шағым­да­нушылар.

Ал Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жаз маусымы алдында жолақы құны өзгермейтінін, тек жол жүру карточкасын қолдануды қаламайтындар үшін сараланған тариф ретінде 180 теңгелік төлемақы қарастырылып отырғанын жеткізген-ді. Қала әкімі Астанада 2014 жылдан бері жолақы құнында өзгеріс болмағанын, жаңа сараланған төлемақы жүйесін енгізу алдында төлеу кеңселерін көбейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын.

Электронды жолақы төлемі картасының жарамдылық мерзімі – 5 жыл, кепілдік уақыты – 2 жыл. «Көлік әмиянына» толтырылған тарифты пайдалану уақытына шектеу жоқ.

Жуырда Астанада қоғамдық көлікте сараланған тарифті енгізу тақырыбында «Астана LRT» ЖШС брифинг те өткізген болатын. «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, сараланған тарифті енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын түпкілікті жою, бюджет түсімін молайту және қаланың көлік жүйесін одан әрі дамытуға көбірек қаражат бөлуді көздейді. Астана қаласы әкімдігінің сараланған тариф туралы қаулысы негізінде көлік картасы арқылы төлемақы дағдылы қалалық бағдарларда – 90, экспресс қалалық бағдарларда – 180, қала маңы бағдарларында 1 шақырым үшін 8 теңге мөлшерінде белгіленсе, ақшалай төлеу кезінде дағдылы қалалық бағдарларда – 180, экспресс қалалық бағдарларда – 250, қала маңы бағдарларында 1 шақырым үшін 11,5 теңге көлемінде белгіленді. Сонымен қатар қаулыға сәйкес, жолақыны төлеудің электрондық жүйесі істемей қалған жағдайда жолақыны көлік картасымен төлейтін жолаушының тегін жол жүруге құқығы бар. Енді көлік картасын пайдаланатын жолаушыларда алғашқы валидация жасаған сәттен бастап 60 минут ішінде бір рет тегін ауысып отыру мүмкіндігі болады. Бұрын тегін ауысып отыру саны шектеусіз болғаны белгілі.

Бұрын қалада көлік карталарын сатып алу мен толтыруға арналған 6 мамандандырылған касса және 30 RTVM-автомат жұмыс істеген болатын. Енді пайдаланушылар жол ақысын Qiwi терминалы арқылы төлей алады. Таяу уақытта www.transcard.kz сайты арқылы және  kaspi.kz интернет-банкингі арқылы төлем жасау мүмкіндігі қолжетімді болмақ.

Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, кондукторлардың бір бөлігі қоғамдық көлік саласында жұмысын жалғастыра береді. «Кәсіптік шеберлігін көрсеткен кондукторлар Көліктік бақылау департаментіне жұмысқа шақырылды. Бұл департамент қоғамдық көлік саласындағы тәртіп бұзушылықтарды анықтап, жоюды жүзеге асырады. Сонымен қатар кондукторлардың бір бөлігі автопарктердің бақылау-желілік қызметіне ауысады.  Ал тағы бір бөлігі автобустарда жолақы төлеудің электронды жүйесінің жұмысы жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейтін болады», дейді ол.

Бұл тарифтік өзгерістердің қалалық мәслихат бекіткен жеңілдігі бар азаматтарға қатысы жоқ. Яғни  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығында» есепте тұрған азаматтар, мәселен, зейнеткерлер, асыраушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлемақы алушылар, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, 18 жасқа толмаған мүгедек балалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оған теңестірілген тұлғалар атаулы көлік картасын пайдалана алады.

Жалпы, көлік картасын қалай пайдалануға болады? Атобусқа кіргенде жолаушы электронды картаны арнайы терминал-валидаторға қояды. Қадағалаушы жолаушыдан тексеру үшін валидация үдерісін қайталауды сұрауға құқылы. Ал «Айлық жолақы» тарифін енгізу үшін картаны валидаторға қойып, 3-5 секунд ұстап тұру жеткілікті. Міндетті түрде валидатор экранындағы «Толтыру. Ok» хабарламасын күту керек. Бұдан кейін қайталау барысында «Валидация» хабарламасы шығуы тиіс. Осы үдерістен соң әдеттегідей пайдалана беруге болады.

Сондай-ақ Астанада 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар мектептік көлік картасын ала алады. Оқушылардың жолақы құны 40 теңгені құрайды. Олар көлік картасын өздері оқитын оқу орнынан алады. Картаны ресімдеу үшін туу туралы куәлігі мен фотосуреті қажет. Алғашқы карта тегін беріледі. Ал жоғалған жағдайда қайта шығарту 400 теңге тұрады. Мектеп картасы жеке оқушыға арналатындықтан, келесі адам пайдалана алмайды. Егер мектепте картаны ресімдеуден бас тартса, ата-анасы немесе қамқоршысы Қажымұқан көшесіндегі №14 үйде орналасқан төлеу жүйесі департаментіне хабарласуына болады. Ол өзімен бірге ата-ананың бірінің жеке куәлігін және баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасы мен құжаттық фотосуретін ала келуі қажет. Мұндай картаны қалаға келген басқа оқушылар да қолдана алады.

Жалпы қала әкімдігі бұл жобаның субсидиялауды дұрыс есептеу мақсатында енгізілгенін айтады. Себебі қала әкімдігі тасымалдаушылардың жеңілдікпен жүретін жолаушыларды тасымалдау шығынының бір бөлігін өтейді. Ал электронды жолақы картасы жүйесі мен валидаторлар автопарктің қанша жолаушы тасымалдайтынын нақты көрсетеді. Сонымен бірге жолаушылар ағынына да нақты талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұның нәтижесінде жаңа бағдарлар енгізіліп, сұранысқа ие бағдарлар бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.

Ал бүгінде төлем карталарының техникалық ақауларына байланысты орын алып жатқан кейбір кемшіліктер түзетілуде.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»