Бағдарламалар • 24 Шілде, 2018

Nur Otan Trends-те «Цифрлы Қазақстан» мәселесі талқыланды

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan Trends» еркін пікірталас алаңында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының елімізде қалай жүзеге асырылып жатқаны талқыланды. 

Nur Otan Trends-те «Цифрлы Қазақстан» мәселесі талқыланды

nurotan.kz

Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова, «Атамекен» ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технология­лар, білім беру және инновациялар комитетінің төрағасы Болат Башеев және цифрландыру саласының білікті мамандары қатысты.

Цифрландыру тақырыбы Қа­зақ­стан үшін өткір әрі маңызды тақырып екені бәрімізге айқын. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде қа­былданған іс-шараларды жүзеге асыру кезінде туындаған мә­селелерді шешу үшін саланы жетік меңгерген мамандармен жиі пікір алмасуды жөн көрдік. Бүгін партия ұсынған еркін пікірталас алаңында Қазақстанды цифр­ландыру мәселесін талқылап қана қоймай, мамандар тарапынан нақты шешімдер мен ұсы­ныстар күтеміз, деген Мәулен Әшімбаев цифрландырудың ең­бек өнімділігі мен жұмыс сапасын арттырып, жалпы кез келген өнімді шығару барысында кездесетін қиындықтардың алдын алуға көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ егер елімізде цифрлан­дыру бойынша міндеттелген мә­селелер мен жоспарланған жоба­лар толыққанды жүзеге асса, қа­зақ­стандықтар қолданатын мем­лекеттік және жекеменшік қызмет түрлері артып, жаңа кә­сіп­­орындар ашылмақ. «Нұр Отан» партиясы да цифрландыру жо­басының тезірек жүзеге асуы­на мүдделі. Осы орайда пар­тия бастамасымен Қазақстан бойын­ша қолға алынған 1000 ІТ-сы­нып бағдарламасы туралы айта кету керек. Бүгінде әр облыс­тан ашылған бұл бағ­дар­ламалар ар­қылы жас жеткін­шек­терге 3 D модельдеу, бағдар­ла­ма­лау не­гіз­дері, роботтытехника фа­культа­тивтік негізде тереңдет­іп үйре­тілуде. Сондай-ақ «Нұр Отан» пар­тиясы келешекте «Ата­мекен» ҰКП-мен біріге отырып, әр аймақ­тар­дан сала мамандарын да­йын­дайтын 20 ІТ-орталық ашуды көздеп отыр.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова цифрландыруды жүзеге асыру бойынша пилоттық және күнделікті режімде ашылған 120 жобаға аралық баға беріп өтті. Оның айтуынша, жобалар пилоттық жүйеде жүзеге асырылса да, олардың тиімділігі әлден-ақ байқалуда. Сол себепті оларды өзге аймақтарда жолға қою жұмыстары жүргізілуде.

«Цифрлы Қазақстан» тұ­жы­рымдамасы аясында халыққа пайдалы, экономикаға тиімді көп­теген жобалар өзінің жүзеге асуын күтуде. Осы орайда, пікір­талас соңы Қазақстанның ІТ-қауым­дастығы мемлекетпен, партиямен жұмыла, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», сапалы мамандар дайындауы керек деп түйінделді.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»