Аймақтар • 24 Шілде, 2018

Құлсарыда су проблемасы шешілді

648 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаз маусымымен бірге Жылы­ой ауданында су мәселесі баста­лады. Әсіресе Құлсары қа­ласын­дағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарына су көтерілмейді.

Құлсарыда су проблемасы шешілді

Бұл жағдай бірнеше жылдан бері тұрғындар­дың наразылығын тудырып жүр. Қала халқына күз-қыс мез­гілдерінде 5 мың текше метр су керек болса, жазда бұл көр­сеткіш 11 мыңға дейін артады. Ал оны қанағаттандыруға «ҚазТрансОйл» мекемесінің қауқары жетпей келді. Енді мәселе шешілді десек те болады. «ҚазТрансОйл» АҚ магис­тральды су таратқышы Құлсары қаласында су беру көлемін тәулігіне 9400-ден 12 000 текше метрге дейін көтерді.

– Облыс басшылығының «ҚазТрансОйл» АҚ-пен келісі­міне сәйкес екіжақты комиссия құрылды. Комиссия мүше­лері Құлсарыда берілетін су мөл­шерін көбейтуге шешім қабылдады. Жаз мезгілінде күннің ыстығы кесірінен көп қабатты тұрғын үйлердің жоғар­ғы қабатында тұратындар су проблемасына байланысты қиын­дық көретін еді. Берілетін су­ көлемінің көбеюі арқасында бұл проблема шешілді, – дейді Жы­лыой ауданының әкімі Азамат Бекет.

Құлсарыға су Астрахан-Маңғышлақ су құбыры арқылы келеді. Пайдалануға берілгеніне отыз жылдай уақыт өткен құбыр көпке дейін жөндеу көрмеген еді, енді ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

ТЫРАУ