Ұлттық спорт • 24 Шілде, 2018

Иранда шахматтан Азия кубогы өтеді

667 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

27 шілде мен 4 тамыз аралығында Иранның Хамадан қаласында шахматтан ерлер мен әйелдер арасында Азия ұлттары кубогы жолындағы жарыс өтеді. Бұл бәсекеде 12 мемлекеттің өрендері өзара шеберлік байқасады.

Иранда шахматтан Азия кубогы өтеді

Командалық жүйе бойынша өтетін дүбірлі додада Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Ирак, Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Сирия және Үндістан құрамалары өнер көрсетеді. Ұйымдастырушы мемлекет ретінде Парсы елі байрақты бәсекеге өзінің үш командасын қосуды құп көріп отыр.

Сары құрлықта шахмат өнері керемет қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға мәлім. Мәселен, қазіргі кезде Қытайдың қос мықтысы әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Ифань Хоу мен Цзюй Вэньцзюнь. Қытайдың тағы жеті өкілі «ТОП-50» ойыншының қатарында. Сондай-ақ, үздіктер тізімінде Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік сынды Қазақстанның қос сұлуы және Үндістан, Катар және Моңғолияның бір-бір спортшысы бар. Барлығы – 14 адам.

Ерлер арасында «ТОП-50» шахматшының қатарына Азияның 10 өрені еніп отыр. Олардың алтауы – Қытайдан, үшеуі – Үндістаннан және біреуі – Вьетнамнан. Солардың арасындағы ең үздік нәтиже Дин Лижэньге тиесілі. Қытай шахматшысы әлемдік рейтингте төртінші орында тұр.

Осыдан екі жыл бұрын Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы – Әбу-Дабиде өткен Азия ұлттары кубогы жолындағы жарыста Қазақстанның қос командасы да көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізіп, үшінші тұғырға табан тіреген болатын. Жігіттеріміз тек Үндістан мен Қытай құрамаларынан қалып қойса, қыздарымыз Қытай мен Өзбекстанға ғана жол берді.

Биылғы жарыста ерлер арасында Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев, Денис Махнев, Петр Костенко және Әнуар Исмағамбетов шеберлік байқасса, әйелдер сайысында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова, Гүлисхан Нақбаева және Әсел Серікова өнер көрсетеді. Бәсекелер классикалық шахмат, рапид және блицтен өтеді.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»