Орынбор облысы Первомай ауданының Ударное ауылында дүниеге келген Дамир Исмағұлов көптен бері мықты жекпе-жектерімен көзге түсіп жүр. Осы спорт түріне кешеуілдеп, яғни 22 жасында келгеніне қарамастан өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы, жанкештілігі мен қайсарлығының арқасында біраз белестерді бағындырды. Бас-аяғы төрт жыл уақыт аралығында Дамир 18 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. Былтырғы жылдың мамыр айында Орынборда өткен жарыста Санкт-Петербургтен келген Максим Дивничті бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Содан бергі уақытта қандасымыз тағы үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Сол бәсекелерде бразилиялық Рожерио Карранка, грузиялық Рауль Татараули және беларуссиялық Артем Дамковскийден басым түсіп, өзіне тиісілі әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Егер жоғарыдағы жоспар жүзеге асырылып, Дамир Исмағұлов АҚШ-қа аттанатын болса, онда ол UFC-мен келісімшартқа отырған екінші қазақ спортшысы ретінде тарихта қалады. Естеріңізде болар, 2014 жылы әлемдегі ең беделді ұйымда Қытайда туып-өскен қандасымыз Жұмабек Тұрсын өнер көрсеткен болатын. Өкіншіке қарай, мұхиттың арғы бетінде Жұмабектің жолы болмады. Ендігі үміт – Дамирда. Орынборда туып-өскен қазақтың 27 жастағы қайсар ұлы UFC-де өзінің мықтылығын мойындатады деген үміттеміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»