Қылмыстық кодекстің 100-бабы – «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деп аталады. Онда «...есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.
Баласын тастап кеткен аналар «Қауіпті жағдайда қалдыру» деп аталған 119-бап бойынша жауапкершілікке тартылады. Онда кісі өлімі болған жағдайда қылмыскер үш, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны жазылған. Бірақ бұл баппен баласын туып тастап кеткен аналар жазалануы мүмкін. Ал баласын тумай артынша, яғни, тууға жеткізбей өлтіргендердің мәселесі ел заңнамасында қарастырылмапты. Бұл әлбетте өкінішті жағдай. Іште тоғыз ай толып, айы-күні жеткен бала – бала да, алты-жеті ай болып, енді бір екі-үш айдан соң сап-сау, шекесі торсықтай болып туылғалы тұрған бала – бала болмағаны ма?
Еліміздің Қылмыстық кодексінде «Заңсыз түсік жасау» деген бап бар. Бірақ бұл 319-бапта «тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі жоқ адам» және «тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі бар адам» заңсыз түсік жасағанда берілетін жазалар туралы айтылған. Егер заңсыз түсік жасау кезінде адам өлімі болса, абортты жасаған адам үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Аталған 319- баптың мақсаты түсік жасататын әйелдің денсаулығын сақтау мен медициналық қызметкердің жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны көрініп тұр.
Енді «заңсыз» түсік пен «заңды» түсіктің ара жігін айыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске жүгінеміз. Аталған кодекстің 104-бабында әйелдің қалауымен он екі аптаға дейін, әлеуметтік айғақтар болған жағдайда жиырма екі аптаға дейін, медициналық айғақтар болса кез келген мерзімде жасанды түсік жасауға рұқсат берілген. Бірақ жиырма екі аптадан асқан баланы медициналық көрсетілімсіз алдырған әйел қай бап бойынша қандай жауапкершілікке тартылатыны еліміздің Қылмыстық кодексінде көрсетілмепті.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Болат Балақойшиев баланың денсаулығындағы ақау ерте мерзімде белгілі бола бермейтіндігін айтады. «Егер денсаулығындағы кінәраты соңғы мерзімде анықталса, ол баланы өмірге әкелмеуге анасының толық құқы бар. Ал әлеуметтік жағдайға байланысты баланы дүниеге әкелгісі келмеген аналарға барынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. 22 аптадан асқан бала өмір сүруге қабілетті. Сондықтан ана мен баланың дені сау болған жағдайда 22 аптадан кейінгі мерзімде біз аборт жасамаймыз. Бірақ нарық заманы болғандықтан қоғамда аборт жасаудың түрлі жолы бар. Бұған тыйым салу қиын. Бұл мәселенің шешімі – халықтың осы саладағы сауаттылығын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсарту дер едім», дейді ол.
Аборт жасауға мүлде тыйым салған мемлекеттер әлемде баршылық. Елімізде «Заңмен тыйым салсақ, заңсыз аборт өршиді, әйелдер көрші елдерге барып жасататын болады», «халықтың денсаулығына зиян Қытай дәрілеріне сұраныс күрт арта түседі», «біз зайырлы мемлекетпіз, баланы туу-тумау әркімнің өз еркінде» деген мың-сан сылтау айтылады. Бірақ қай заманда да қоғам, мемлекет үшін аса маңызды заңдар болған. Ондай заңдар мейлінше жіті ойластырылған. Мәселен, Тәуке ханның «Жеті жарғысында» «Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын» деген заң болыпты. Мұның мәнісі, жаугершілік заманда халықтың негізгі қаруы, көлігі – ат. Тұтқиылдан жау шапқанда ел ішіндегі ерлер мен батырлар қорғанысқа шұғыл аттану үшін аттары әрдайым даяр тұруы тиіс еді. Аттары алда-жалда орнынан табылмай қалса бұл елдің соғыста жеңілуіне де әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да өреде тұрған атты ұрлаған адамға өлім жазасы тағайындалған. Мұндай жаза барын біле тұра ол атты ұрлауға ешкімнің дәті бармасы анық. Тіпті әйелін өлтірген адамға да құн төлетіп, айыбын жууға мүмкіндік берген баяғының билері өреде тұрған жалғыз атты ұрлаған адамға өлім жазасын неге кесті?
Өйткені мемлекеттің қауіпсіздігін адамдардың ар-ұятының еншісіне қалдырып, тәуекелге баруға болмайтын еді. Ал қазір еліміздің басына үлкен қауіп әйелдің арсыздығынан, еркектің бетсіздігінен келіп тұрған жоқ па? Елімізде жаңа ұрпақ – тастанды балалар ұрпағы өсіп келеді. Баладан іште құтылудың еш сәті түспеген соң әйелдер олардан перзентханада бас тартып жатады. Оның да реті келмегендері көшеде туып, лақтырып кетеді. Сондықтан да «Заңсыз түсік жасау» бабына өзгерістер енгізіліп, дәрігерлердің ғана емес, заңсыз аборт жасатқан әйелдердің жазасы да нақты көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік көрсетілімдердің ішіне «Некеде тұрмайтын әйел» деген сөзді кіргізіп, әйелдердің некесіз бала көтеріп, алдырып тастап емін-еркін жүре беруіне жол ашып бергеннен гөрі, керісінше, оларға қомақты айыппұл салу, бас бостандығын шектеу тәрізді жазаларды енгізу керек.
Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді. Заңсыз абортты азайтамыз деп, бәрін заңдастырып бергеннен халыққа да, билікке де еш пайда жоқ. Бұл мәселені жан-жақты зерттеп, заңды қатайтып, арсыздық пен жауыздыққа тосқауыл қоятын уақыт болды.
Нұрбану КАМАЛ,
журналист