Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықаралық стандарттарға, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай болу мақсатындағы шаралардың орындалып жатқанын алға тартты.
«Осы қадам шеңберінде ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықтың жол картасы қабылданды. ЭЫДҰ-ның негізгі конвенцияларының бірі – 1988 жылы Страсбургте бекітілген салықтық мәселелер бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция. Бұл қатысушы елдердің салық органдары арасында салықтық ақпарат алмасу тәжірибесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Оның тетігі ағымдағы конвенциялармен және келісімдермен салыстырғанда бірқатар маңызды артықшылыққа ие. Ал екіжақты келісімдердің мүмкіндіктері шектеулі, себебі, тек корпоративтік және жеке табыс салығына қолданылады. Ақпарат алмасу жазбаша өтініштер негізінде жүзеге асырылады, бұл процесті едәуір баяулатады. Страсбург конвенциясы салықтың барлық түрімен және қатысушы елдердің салық төлеушілеріне қатысты кез келген ақпаратпен өзара алмасуға мүмкіндік береді. Қажетті ақпаратты алу әдістері жеңілдетілген. Жазбаша сұраулардан басқа Страсбург конвенциясы жеке сұраулар мен хаттарды жіберместен автоматты түрде алмасу мүмкіндігін ұсынады. Конвенция ережелерi қатысушы елдердің өз аумағында салық қарыздарын алу мәселесінде көмек көрсету туралы өзара міндеттемелерін қарастырады. Мүдделі әр елдің аумағында бір мезгілде салықтық тексеру жүргізудің құқықтық негізін белгілейді. Қажет болған жағдайда, қазақстандық салық қызметінің өкілдері конвенцияға қатысушы елде жүргізілетін салықтық тексерулерге қатыса алады. Осыған байланысты Қазақстан Страсбург конвенциясын қысқа мерзімде қабылдауға қызығушылық білдірді. Нәтижесінде Страсбург конвенциясына Қазақстан 2013 жылы қол қойып, 2014 жылдың желтоқсан айында ратификацияланды. Бүгінде халықаралық келісімге 124 ел қосылды. Оларға ЭЫДҰ, G20 елдері кіреді», деді ол.
Қайрат Жолмұхамбетов Страсбург конвенциясының шеңберінде осы елдердің салық қызметтерімен байланыс орнату маңызды екенін тілге тиек етті.
«Страсбург конвенциясына қатысушы елдердің тізіміне оффшорлық 45 юрисдикциялар кіреді. Аталған жайт әлемдегі салықтық ақпаратпен алмасу мәселесі бойынша ашықтыққа бет алу үрдісін куәландырады. Конвенцияның маңызды элементі – автоматты алмасу. Осыған байланысты G20 елдері ЭЫДҰ-мен бірлесіп Қаржылық ақпаратты автоматты алмасу туралы көпжақты келісімшартты (CRS) әзірледі. Бұл келісім 2014 жылы Берлин қаласында жүзеге асырылды. Келісімнің мәтіні мен түсініктемесі G20 елдері тарапынан 2014 жылдың маусым айында мақұлданды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 26 маусымында Мемлекеттік кіріс комитеті көп- жақты келісімге қол қойды. Келісімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан ЭЫДҰ-ның салықтық ақпаратты алмасу стандарттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс тобына кірді, сондай-ақ еліміздің ішкі заңнамасына қосымшалар мен өзгерістер енгізетін өзгертулер жобасы әзірленді. 2020 жылдың қыркүйек айында 102 елден және салық юрисдикцияларынан біздің барлық қаржы шоттары туралы ақпарат алынады. ЭЫДҰ елдерінде, оның ішінде Гернси, Джерси, Мэн, Бермуд және Кайман аралдары, Швейцария, Люксембург, Лихтенштейн және басқа да елдерден ақпарат алынады. Қазақстан жағы біздің банктерден резидент еместердің шоттары туралы ақпараттар сұрайды және оны жеке деректерді қорғау туралы заңдарды сақтай отырып, шетелдіктер тұратын мемлекеттердің салық органдарына жібереді. Бұл ақпаратта шот ұстаушысының аты-жөні және салық нөмірі, сондай-ақ депозиттерден, дивидендтерден, активтерді сатумен және сақтандырудың жекелеген түрлерінен түскен кірістер туралы ақпарат болады», деді Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры.
Статистикалық деректерге қарасақ, 2017 жылы 68 мыңнан астам адам 240 нысан бойынша декларация тапсырған, оның ішінде 27 мыңнан астамы әлемнің 108 еліндегі шетел банктерінің шоттарына жалпы сомасы 820,9 млрд теңгеге ақша жариялаған. Негізгі елдер – Сингапур, Швейцария, Ливан, Оңтүстік Корея және Ресей. Бұдан басқа, декларацияларда 69 елде орналасқан 12 мыңнан астам жылжымайтын мүлік көрсетілген. Қазақстан азаматтарына тіркелген жылжымайтын мүліктің ең көбі Ресей Федерациясының аумағында. Негізгі елдер – Ресей, Болгария, Түркия, Испания, Ұлыбритания, АҚШ, Франция.
«Салық нысандарында көрсетілген ақпараттың толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Страсбург конвенциясына қатысушы елдердің барлық салық органынан Қазақстанның азаматтарында жылжымайтын мүліктің болуы туралы ақпаратты сұратуға мүмкіндігіміз бар. Мысалы Францияның құзыретті органының мәліметі бойынша, Қазақстан резиденттеріне тек 60-қа жуық жылжымайтын мүлік тиесілі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, санкцияларды болдырмау үшін шетелде қолда бар активтерді декларациялау туралы салық заңнамасының талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салғым келеді», деді Қ.Жолмұхамбетов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»