Аймақтар • 27 Шілде, 2018

Бақытжан Са­ғын­таев БҚО-ға жұмыс сапары барысында ірі өнеркәсіптік нысандарды аралады

334 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Са­ғын­таев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ірі өнеркәсіптік нысандарды аралап, облыс активімен кеңейтілген жиын өткізді. 

Бақытжан Са­ғын­таев БҚО-ға жұмыс сапары барысында ірі өнеркәсіптік нысандарды аралады

Сапар барысында Үкімет басшысы Пре­зи­дент Жолдауы және бес әлеуметтік баста­маның, сондай-ақ Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты.

Үкімет басшысы Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында болды. Әлемдегі ірі газ кеніштерінің бірі республикада өндірілген газ­дың 45%-ін, сұйық көмірсутектердің жал­пы өндірісінің 16%-ін береді. Премьер-Министр кеніште көмірсутек өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты. «Қара­шығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» ком­паниясының бас директоры Эдвин Блом кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баян­дады. Қарашығанақтың барланған қоры 12 млрд баррель сұйық көмірсутек пен 57 трлн текше фут газ болса, бүгінде оның 11%-і игерілген. Э.Блом кәсіпорынның өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударатынын жеткізді.

Б.Сағынтаевқа Қарашығанақ кен орнын пайдалануды кеңейту және мерзімін ұзарту қондырғыларының жұмысы таныстырылды. Бүгінде мұнай негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереевка» портына апаратын КҚК құбыр желісі арқылы экспортталады. Мұнайды сатудың тағы бір бағыты – «Атырау – Самара» құбыры. Ол Приморск айлағына және бірқатар еуропалық бағыттарға жол салып тұр.

Консорциум акционерлері Қарашығанақ кен орнын игеруге 23 млрд-тан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған екен. Қазақстан бюджетіне 16 млрд доллардан астам тікелей төлем түскен. Қарашығанақ кен орнын игеруге қазақстандық 4400 кәсіпорын атсалысып, ҚПО-дан 6,7 млрд доллардың тапсырысын алды. Кездесуде компания қаржысына өңірде көптеген мектеп, аурухана, спорттық-мәдени нысандар салынып, жолдар жөнделгені айтылды. Олардың облыс әлеуметтік инфрақұрылымына салған инвес­тициясы – 350 млн доллар.

Премьер-Министр «Конденсат» АҚ зауытында мұнай мен газ өңдеудің технологиялық тізбегімен танысты. «Конденсат» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісовтің айтуынша, 2017 жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін өнім шығарса, биыл дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғыны іске қосқан. Зауытты реконструкциялауға 200 млн АҚШ доллары тартылған. Бұл ішкі нарықта жанармай тапшылығын жоюға мүмкіндік берді, сондай-ақ бюджетке акциздер мен басқа да салық төлемдері түсімін ұлғайтты, жоғары білікті жұмыс орындарын ашты. Жаңа бензин қондырғылары іске қосылған сәттен бастап K5 жоғары экологиялық сана­тының 80 мың тоннадан астам бензині шы­ғарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен 1 млрд теңге акциз төленді. Шығарылған өнімнің жартысы шетелге экспортталады.

Ел Премьері сапар барысында «Орал – Тас­қала – Озинки РФ шекарасы» және «Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы» авто­жолдарының құрылысымен танысты. Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары өкілдерімен кездесу кезінде Мем­лекет басшысының облыстың дамуы­на, автомобиль жолдарының жай-күйіне және елдің өңіраралық, аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014-2017 жылдары 24,9 млрд теңге бө­лінген.

Соның нәтижесінде барлығы 453 ша­қырым жол жөнделіп, облыс орталығынан Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудан орталықтарына тас жол түсті. Жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін Елбасы биыл Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осылайша, 23,9 млрд теңге бөлінді, оның 11 млрд теңгесі Тас­қала ауданына, 1,7 млрд теңгесі Қазталов ауданына бағытталды. Алдағы 3 жылда жер­гілікті бюджеттен қоса қаржыландырумен республикалық бюджеттен 18 млрд теңге көлемінде трансферттер қарастырылған. Жал­пы көлемі 36 млрд теңгені құрайды. Нә­ти­жесінде 700 шақырымнан астам автожол жөнделмек.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр облыс автожолдарының ұзындығы 6 496 шақырымды құрайтынын, жыл соңына дейін алты лот бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін тендер өткізілетінін хабарлады. 2014 жылмен салыстырғанда жергілікті маңыз­дағы автожолдардың жағдайы 4%-ке жақ­сарған. Жалпы, 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75%-ін жақсарту жос­парланып отыр. Инвестициялар және даму министрлігіне «Қазавтожол» АҚ-пен және облыс әкімдігімен бірлесе отырып бар­лық жол учаскелерінде жоспарланған жұ­мыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды. «Орал – Тасқала – Озинки РФ шекарасы» жолы 100 шақырымды құрайды, оның 27 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары М.Сатқановтың айтуын­ша, құрылыс аяқталғаннан кейін жолмен тәулігіне 7,5 мың автокөлік өтеді.

Бұдан кейін Б.Сағынтаев Орал қаласында мамандандырылған ХҚКО жұмыс залдарын аралап, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді беру процесін автоматтандыру шараларымен танысты. Орталық осы уақыт ішінде келушілерге 15 мың қызмет көрсетіп үлгерген. Облыс орталығында салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысымен танысқанында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. 2015-2017 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 159%-ке артты. 2017 жылы басталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 7 тұрғын үй (1106 пәтер) пайдалануға берілді. Биыл алты ай ішінде 2 234 тұрғын үй пайдалануға берілді. «2018 жылы құрылыс саласына 13 млрд теңге бөлінді.

Орал қаласында 6 400 пәтерлік 43 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр», деді М.Мұқаев. Сонымен қатар «7 – 20 – 25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын «Ақжайық» жаңа шағын ауданын игеру басталды. Мұнда 150 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында қаладағы оқу орындарының жанынан студенттерге арналған 6 жатақхана салу жоспарланған. Осылайша, 1650 студент тұрғынжаймен қамтылмақ. Қазіргі кезде жер телімдері бөлінген, жобалау жұмыстары атқа­рылуда.

Ақжайық сапары облыс активімен өткен жиында қорытындыланды.

– Мамыр айында Елбасы Үкіметке бір­қатар тапсырма бергенін білесіздер. Бұл тап­сырмалар бірден хаттамаға түсіп, жұмыс жоспары жасалды. Менің бірінші орынбасарым Асқар Маминнің басқаруымен 4 жиналыс өтті. Елбасы тапсырмалары бойынша Үкіметте атқарылған жұмыстардың мән-жайын сіздерге хабардар етеміз, – деп бастады сөзін Б.Сағынтаев.

Бұдан кейін жиынға онлайн-режімде қосылған вице-премьер Е.Досаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеу бойынша екі тапсырма берілді: бүгінгі таңда Чапаев – Жалпақтал – Қазталов тас жолы бөлігінде 35 шақырымдық жөндеу жұмысы басталды, оған республика бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Қазталов – Жәнібек –РФ шекарасы және Бисен – Сайхын жалпы ұзындығы 245 км құрайтын жолдарға жобалық-схемалық құжаттар жасауға тапсырылды, барлық қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған. Келер жылы республика қаражатынан Подстепное – Федеровка – РФ шекарасы бағытына ұзындығы 144 км қайта жаңарту басталады, ол 2021 жылы аяқ­талмақ. Жалпы 2019-2021 жылдар аралы­ғында белгіленген лимит шеңберінде облыс жолдарын жаңғырту үшін 17 млрд 300 млн теңге қолдау көрсетіледі.

Елбасы тапсырған тағы бір мәселе – ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту болатын. Осы мақсатта 2018 жылы маусым айында Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-ын магистралдық мұнай құбырларының жүйесі мен темір жол арқылы қазақстандық өңдеушілердің мұнай тасымалдау кестесіне қосыпты. Кестеге сәйкес шілде айында 15 мың тонна қанатқақты квота бекітілген. «Кәсіпорынды одан әрі шикізатпен қамту мәселесі ішкі нарықтың сұранысы мен «Конденсат» АҚ-тың техникалық мүм­кін­діктеріне байланысты шешіледі.

Қорғаныс саласында қызмет ететін Батыс Қазақстан инжинирингтік компаниясы, Орал «Зенит» зауыты және «Гидроприбор» ҒЗИ кәсіпорындарын мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуде Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Бүгінде барлық күрделі мәселелер талқыланып, оны шешу қарастырылды. Отандық кеме жасаушылар жақында үшжылдық тапсырыс алып, құлшына жұмысқа кірісіп жатыр. Жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі өңірде қолға алынған жұмыстардың барысы жайлы баяндама жасап, облыс тұрғындарының Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар