Тағы да сол Ұлы Абайдың: Есіңде бар ма жас күнің, ...Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар? Ақырын, ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар! – дейтіні бар емес пе?! Оңашада осы тектес ойларға беріліп, балалық кездегі достарыңды аласұра іздегенде көңілің көлкіп, жүрегің елжірей түседі.
Осылайша күн құрғатпай іздеп, ақылдасып, пікірлесіп, ой бөлісіп, сырласып жүретін бала кезден досым Мәлік Наурызғалиұлы Жекеевпен балдәурен балалық шағымыз Егіндібұлақта өтті.
Мен осы жасыма дейін жолым түсіп, дүниенің талай бұрышында сапарда болғанмын. Бірақ қанша жерді шарласам да кіндік қаным тамған – Егіндібұлақ ауылым солардың бәрінен де биік тұратындай. Тіпті, табиғи әсем көркі мен мол орман-суы болса да, ол жер менің Егіндібұлағым сияқты аялай алмайды, топырағы мен көк майсасы елжіретпейді. Ауыл іргесіндегі Ақбұлақтың суын көсіп ішіп, беткейдегі шағылын кешіп, Батпақтының қамысы денеңді сипап өткенде баяғы балдәурен балалықтың ғажайып суреттері көз алдыңа бейнебаян болып келе қалатынын қайтерсің.
Топырағы мен суына кие қонған шағын ғана Егіндібұлақтың құрсағында талай ұл-қыз тәрбиеленіп-өсіп, кейін «Сілтесең – семсер, қорғансаң қалқан болар» адал перзенттер, елжанды азаматтар қатарына көтерілді.
Егіндібұлақ шағын ауыл болып көрінгенімен базарлы болатын. Көрші-көлемнің аяқ-табағы араласып, ойын балалары бір-бірінің үйінен көже-су ішіп жүре беретін. Бірақ, біз беталды ойын қуа бермейтінбіз. Көрші Бегалы ауылы мен Егіндібұлақты қосқанда 60-тан астам қатар-құрбы бармыз. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр шақтар: халық шаруашылығын қалпына келтіру; ересектердің жұмыс қолы жетпейді, сондықтан біз сияқты балаларды колхоздың жұмысына салып, үлкендерге көмектестік. Беліміз еңбекпен түзеліп, қатайды. Қанша айтқанмен ойын баласы емеспіз бе, колхоздың жұмысынан бүгіліп келсек те, ойынға уақыт табатынбыз.
Ауыл Ақбұлақ, 1 Май, Қызыл Ту болып «шағын аудандарға» бөлінетін еді. Қатар-құрбылардың арасында неше бір түрлі ұлттардың балалары болатын. Ал Қызыл Туда біраз шешендер мен немістердің де отбасылары тұрды. Бірақ тіліміз де, ойынымыз бен ойымыз да бір.
Міне, сол қатарларымның алды қазір сексеннің сеңгіріне сапарлап барады. Егіндібұлақтың төсінде туған жердің топырағы мен көкмайсасын төсеніп, бірге өскен Мәкең-Мәлік Наурызғалиұлы да 70 жасқа толып жатыр. Мәлік тумысынан-ақ ерекшелеу болып қалыптасты. Бастауыш кластарда бірге оқып, Қобданың интернатында бірге жаттық. Интернаттың ортақ қазанынан ас ішіп, бірімізде барды екіншіміз бөлісіп, бір-бірімізді толықтырып жүруші едік. Мәлік арамызда өзінің жинақылығымен, ұқыптылығымен ерекшеленіп тұратын. 6-7 кластарда оқып жүргенде-ақ киім киісі, жүріс-тұрысы әдепті, эстетикалық талғамы жоғары, «ақырын жүріп, анық басып», құрбы-құрдастарымызға, кейіннен әріптестерімізге де үлгі болды. Ауылдың үлкендері жарықтық адам танығыш қой! Солар айтатын: «Мәлік өскенде келісті «слушай» болады» деп. «Слушай» дегендері «служащий» екен ғой, артынан түсіндім. Шынымен-ақ Мәкең нағыз мемлекеттік қызметшінің үлгісін көрсетті.
Мәлік еңбек жолын ауылда тракторшы болып бастағанмен, сонымен шектеліп қалмады. Ауылдағы қым-қуыт еңбектің ыстық-суығына шыңдалып шыққаннан кейін, 1971 жылы Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Институтта теориялық жағынан пісіп-жетілген жас жігіт Қобда ауданының «Жарық» кеңшарына тұқымтанушы агроном болып жұмысқа орналасты. Сөзі ісіне, ісі сөзіне ілесіп, жалындап-ақ тұр. Отқа салсаң оттан, суға салсаң судан тайынбайтын, әбден шыңдалған алмас қылыш секілді өткір жігіт. Комсомол жастарға басшылық жасауға дәл осындай, Мәлік секілді мықты жігіттер қажет болатын. Қобда ауданының жастары кезекті есеп беру және ұйымдастыру конференциясында Мәлікті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлады. Жалындаған жастардың сенімін арқалаған ол жұмысқа жан-тәнімен, жаңашыл бастамалармен, қайтпас қажыр-қайратпен кірісіп кетті. Ауданда комсомол-жастардан құралған еңбек ұжымдарын ұйымдастырып, оларды халық шаруашылығының барлық салаларына белсене араластырды.
Аудандық партия комитеті мемлекеттік басқару органында жұмыс істеуде жақсы қырынан көрініп, қабілетін таныта білген Мәлік Наурызғалиұлының партиялық істе теориялық жағынан шыңдалуы қажет деп шешті. Сөйтіп, оны Қазақстан КП Орталық Комитетінің жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Жоғары партия мектебіндегі жылдар партия және атқару органдарының болашақ басшысының сенімді іргетасын қалады.
Содан кейін Қобда ауданында алғашында халықтық бақылау комитетінде, кейін аупарткомның екінші хатшысы қызметінде Мәкең кез келген басшылық қызметті дөңгелетіп әкететін іскерлік қабілетін көрсете білді.
Мәкең үшін Қазақстандағы көп салалы үлкен аудандардың бірі – Шалқар ауданында қызмет жасаған жылдар ерекше табысты болды. Шалқар – бұған дейін облыстық деңгейде басшы кадрлар дайындаған үлкен мектеп, халқы сыншыл әрі шыншыл, аумағында сол кездегі ірі-ірі теміржол, газ, құрылыс кәсіпорындары қарқынды жұмыс істеп тұрған, жұмысшылары мен интеллигенциясы қалыптасқан іргелі ел. Қырықтың қырқасына әлі де шығып үлгермеген Мәлік Наурызғалиұлы осы ауданға халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұдан бұрын бұл лауазымда небір марқасқа кадрлар болған. Қобдадан гөрі қазақылығы молырақ өлкеге келген Мәкең шалқарлықтарға бірден-ақ сіңісіп, халқымен де, азаматтарымен де араласып кетті. Горбачевтің қайта құру саясаты науқанының күйіп тұрған кезі. Қайсыбіреулер отқа ұрынған көбелек секілді күйіп кетіп жатты. Кейбір науқаншылар тіпті «белсенді» болып алды. Осындай сәтте атқарушы органға басшылық жасау оңайға түспеді. Бірақ Мәлік Наурызғалиұлы қып-қызыл шала науқаннан гөрі ұтымды, халық мүддесіне жақын істермен айналысты. Оны ауданның «ескі гвардияшылары» іскерлігіне қарап бағалады, ішке тартты, жанашырлық ақыл-кеңестерін берді.
Шалқар – Қызылорда облысымен шектес, кеуіп бара жатқан Арал теңізінің бір мүйісінде орналасқан, мына жағы Үстірт, Қарақалпақстанмен шекаралас аудан. Жер көлемі Еуропаның бірнеше мемлекеттері сыйып кетерліктей дамып жатыр. Бірнеше күн қона-жастанып жүрмесең, шалғай жайылымдарын аралап шығу мүмкін емес. Сол Шалқар іргедегі Арал теңізінің экологиялық зардабын тартып-ақ отырған еді. Бірақ айқайшысы болғанмен, естір құлақ болмай, экологиялық апат аймағынан тыс қалды.
Мәлік Наурызғалиұлы осы шаруаға жеңді түріп, білегін сыбанып кірісті. Сол кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Шалқармен көршілес Арал ауданына сапарлап келген болатын. Бұл кездесуге Шалқар ауданының делегациясын басқарып, Мәлік Наурызғалиұлы да барады. Сөз кезегі келгенде шалқарлықтардың жанайқайын республика басшысына жеріне жеткізіп баяндап береді. Бұдан бұрын Алматыдағы талай құзыретті органдардың есігін тоздырып, лауазымды тұлғалардың құлағын сарсытқан түйінді мәселе. Қолда бұлтартпас дәйек те, қағазға түсірілген дерек те бар. Бірақ шешуші органдарда ықылас жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы табанда Министрлер кабинетіне тапсырма береді.
Қадалған Мәкең қажымады, қалмады, тиісті адамдардың көзін жеткізді, дәлелдеді... Нәтиже болды, Шалқар ауданы Арал экологиялық апат аймағына енгізілді. Бұл – үлкен жеңіс еді! Бұл дегеніңіз орталықтан қосымша қаражат, көптеген жеңілдіктер, сан түрлі кепілдіктер болатын.
Көп ұзамай Мәлік Наурызғалиұлы бірнеше үміткерлер арасында басым дауыспен Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда ауданның үлкен-кішісі риза болды. Бұл – Коммунистік партия жүйесінің ең бір қиындық кезеңін бастан кешіп жатқан уақыт болатын. Бірақ Мәкең қай сәтте де, қандай мәселені де ең алдымен адамгершілік таразыға салып, сол бойынша шешім қабылдады. Мәлік Наурызғалиұлының іс-тәжірибесін өзге аудандар үлгі қылды. Ал рухани, мәдени, әлеуметтік тұрғыда Мәкеңнің Шалқарға жасаған қызметі, сіңірген еңбегі өз алдына бір тау-төбе!
Мәкең қатарынан асса да, халқынан асуды көздеген жоқ. Шынымен де халықтан үлкен кім бар?! Ол қай уақытта да абыз Әбіш аға айтпақшы: «Ең берік Ат, ең биік Ат, ең баянды Ат – Азамат!» деген қағидаға лайықты өмір сүріп келеді.
Елбасы маған үлкен сенім көрсетіп, аманат артып, 2004 жылы өзінің Жарлығымен Ақтөбе облысына әкім қылып тағайындаған еді. Ақтөбе облысы, оның халқы өзіме жақсы таныс. Өңірде туған өлкенің жанашырлары да, оны көркейтуге дайын отырған іскер азаматтар мен қарапайым еңбеккерлер де жеткілікті. Оның үстіне Менделеев кестесіндегі химиялық элементтерді облыстың табиғи байлығынан түгелдей дерлік кездестіруге болады. Алыс-жақын шетелдердегі инвесторлар іскерлік байланыс жасауға әзір отыр. Тек оларға қолайлы жағдай жасау қажет болатын.
Ақтөбеде атқарылуға тиіс, кезегін күткен ұлан-ғайыр іс күтіп тұрды. Алайда мұндай алуан іске палуан күштен гөрі білімі мен білігі жетік, іскерлігі мен ынтасы мол адамдар керек екені белгілі. Ақтөбе дәл осындай адамдардан кенде емес. Соның бірі де, бірегейі де осы Мәлік Наурызғалиұлы. Сондықтан Мәлік Наурызғалиұлы Жекеевті ең жауапты, жүгі де ауыр облыстық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы қызметіне шақырдым.
Мәкең жер мәселесіне аса жауапкершілікпен қарап, әділдікті ту етті. Соның нәтижесінде бір сүйем жер талан-таражға түскен жоқ. Жерді жөнсіз жекешелендіруге жол бермеген еді. Әсіресе көршілес жатқан мемлекеттермен шекараны айқындауда асқан білгірлікпен қызмет етті.
Ал Әйтеке би ауданындағы Үшқатты елді мекеніне келер болсақ, мұнда мемлекеттік шекара тура көшені бөліп өтіп жатты. Комиссия мүшелері ауыл тұрғындарымен, жұртшылықпен кездесіп, солардың пікірлерін тыңдады. Нәтижесінде елді мекендегі инфрақұрылым және басқа да нысандар Қазақстанның игілігіне берілді. Байғанин, Шалқар аудандары арқылы өтіп жатқан ұзындығы 206 шақырым Өзбекстанмен шектесетін шекараны делимитациялау шаруалары да ешқандай дау-дамайсыз шешілді. Үкіметтік комиссия құрамында Мәлік Наурызғалиұлы мәселенің ең соңғы нүктесі қойылғанша жатпай-тұрмай еңбек қылды.
Мәкеңнің бізден ерекшелеу бір қасиеті бар. Ол – жылқықұмар. Әкесі – Наурызғали ер-тоқымы мен ноқта-жүгені сайлы жүйрік ат мініп, көсемдеп ат шана не тарантас арба жегетін, сонымен бірге тазы салып, аң аулайтын серілігі бар еді. Мәкең де жылқы десе жанып түседі. Жылқы малын терең зерттеп жүрген ғалым Серікбай Рзабаевпен бірге «TS-Агро» серіктестігін құрып, асыл тұқымды «Көшім» жылқысын өсіруді қолға алды. Шағын серіктестік жылқы зауытына айналды. Еліміздің бірқатар облыстарының кәсіпкерлері қазір осы зауыттан айғыр, байтал алып, өздерінің жылқыларын асылдандырып жатыр.
Қазақ азаматтары біздің Мәкең секілді етек-жеңі кең – кеңпейіл, парасаты мен шапағаты, мейірімділігі мен қайырымдылығы мол, намысы мен пайымы зор болып келсе, ұл-қызымыз ұлағатты болып, ұлтымыздың маңдайына шаң тимейді.
Мәкеңнің отбасы да баршаға үлгі қыларлық, сәні мен салтанаты жарасқан, әрдайым нұрлы шуағы төгіліп тұратын қасиетті шаңырақ. Өмірлік жары Сақыпжамал Айғалиқызымен Оралда студенттік шақта танысып, отау құрып, дүниеге Абат, Әсия және Әлия сияқты алтын асықтай, сүйкімді ұл-қыздар әкелді. Сақыпжамал Мәкеңнің табысты, нәтижелі қызмет жасауына жағдай жасап қана қоймай және бала тәрбиесімен шектеліп қалмай, экономист мамандығы бойынша жауапты қызметтер атқарды. Онымен қоса облыстық деңгейде депутаттық қызметін де тең жүргізіп отырды. Белсенді еңбегімен мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Мәлік Наурызғалиұлы мен Сақыпжамал Айғалиқызының ұл-қыздары қазір ірі компанияларда, туризм және банк салаларында қызметте. Ал шүпірлеген немерелердің алды ержетіңкіреп, кішкенелері шүлдірлеп, бал қызықтары таусылар емес. Жекеевтер әулеті толығып, толысып келеді.
Мәкеңнің өмірінің қай белесінде де ізгілік ізі сайрап, ізетті ісі жайнап жатыр. Өзінің өмірін адал еңбекке, ел-халықтың мүддесіне, мемлекеттік істерге арнап, ұрпағын ел азаматтарының қатарына қосқан, үлкенге қамқор, кішіге қалқан болған Мәкең аузы дуалы ақсақалдардың батасын, кие қонған кейуаналардың алғысын алды. Қазір ұлылар ұлықтаған «бес күндік өмірдің» рахатын көріп келеді.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор